• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Маусым, 2019

«Қазақстандық ноу-хаудың» куәсіміз

614 рет
көрсетілді

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшылығына Н.Ә.Назарбаевты сайлаған едік.

Жас кезінен тұла бойына ата-анасының және халқымыздың ең асыл қасиеттері дарыған, өндірісте, партия және кеңес ұйымдарында жауапты жұмыстарда шыңдалған Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқару кезеңіне мол тәжірибе жинақтап келді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының құрдасымын, онымен 50 жылдық таныстығым бар. Оның өмірі менің көз алдымда өтіп жатыр.

Көп жыл бойы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың қол астында қызмет ету мүмкіндігі бұйырғаны үшін тағдырыма ризашылығымды білдіремін.

Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында осынша қысқа уақытта демократиялық жолды ұстанған жаңа үлгідегі Қазақстан мемлекеті құрылды. Қазақстан әлем мойындаған танымал мемлекетке айналып, 50 дамыған елдің қатарына қосылды. Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бейбіт күн кешіп жатыр. Елбасы Н.Назарбаев беделді мемлекеттер басшылары мен жаһандық масштабтағы саясаткерлердің қатарынан ойып тұрып орын алды.

Кеңес Одағының тарауы мен тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан халқы мен Тұңғыш Президент үшін қиын кезең болды. Сол жылдары мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы мүшкіл еді. Бұл жерде дереу шешім қабылдау керек болатын. Экономиканы қалай дамыту керек? Неден бастау керек? Сұрақтар көп еді.

Елбасы мемлекеттегі көмір-мұнай өндірісінің жаңа көздерін іздеуге баса назар аударды. Нәтижесінде Теңіз, Қарашығанақ, Құмкөл сияқты ондаған үлкен кәсіпорын ашылды. Мұнай мен газ әлемдегі ең қажет ресурс әрі сұраныста еді.

Алғашқы шетелдік инвестор АҚШ-тың танымал мұнай корпорация­сы Шеврон болды. Олар мұнай ком­пания­сының жоспарын ұсынды. Көп ұзамай бірлескен «Теңізшевройл» кәсіпорыны құрылды. Соның арқасында елімізге миллиардтаған инвестиция тартылды.

Сол кезде елімізде инвестиция шарттарының орындалуына кепілдік беретін заңдар болмады. Бірақ инвесторлар Тұңғыш Президент Н.Назарбаевқа сенген еді. Содан әлемдік қоғамдастық Қазақстанда мұнай мен газдың үлкен қорлары бар екенін білгесін, «Эксон», «Мобил», «Шелл», «Бритиш Петролеум», «Статойл», «Эни», «Аджип» сияқты мұнай компаниялары инвестицияларын әкеле бастады.

Мұнай-газ саласы қарқынды дамып, бүкіл Қазақстан экономикасының локомотивіне айналды. Бұл өз кезегінде басқа секторлар мен бүкіл елдің дамуына елеулі әсер етті.

Осы жылдың 19 наурызында Н.Назарбаев өзінің президенттік өкілет­тігін тоқтататыны туралы мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлының жақтастары бұл хабарды қимастықпен қабыл алды. Өйткені Конституцияға сәйкес Тұңғыш Президент өкілеттігінің мерзімі әлі де аяқталмаған еді. Дей тұрғанмен, олар үнемі дұрыс шешім қабылдайтын Нұрсұлтан Әбішұлының даналығына сенді.

Тұңғыш Президенттің Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып қалатыны, ел үшін қызмет ете беретіні оң шешім болды. Әлемде мемлекеттің негізін салушы­лар ел саясатында қалып, жақсы жетістіктерге жеткеніне көп мысал бар.

Nur Otan партиясының XIX съезін­де партия Төрағасы, Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты Президентке үміткер ретінде ұсынды. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлын ел Президенті лауазымына ең лайық адам ретінде сипаттаған болатын. Қ.Тоқаевтың осы сайлаудағы жеңісі Елбасының даналығы мен көрегендігіне тағы бір мәрте дәлел болды. Осы сәтті пайдаланып, Қ.Тоқаевты жеңісімен құттықтап, сәттілік тілеймін.

Осыдан 20 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев мені Украинаға Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындаған еді. Содан елдің сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездестім. Кеңсесінде АҚШ-тың бұ­рын­ғы Мемлекеттік хатшысы, әлемге әй­гілі дипломат және саясаткер Генри Киссенджердің «Дипломатия» кітабын көрдім. Автор кітапқа «Министр мырза, мен Американың негізін қаламадым, бірақ сіз бақыттысыз, сіз – өзіңіздің ұлы мемлекетіңіздің негізін қалағандардың бірісіз. Қазақстан да бақытты» деп жазыпты. Меніңше, бұл сөздер көп жайттан хабар береді.

Біз биліктің демократиялық, бейбіт, өркениетті түрде ауысқанына куә болдық. Тұңғыш Президент пен жаңа Прези­дент­тің бірлесіп жоспар құрып, ел игілігі үшін бірге қызмет етуі – сирек кездесетін жағдай. Бұл – «Қазақстандық ноу-хау».

 

Равиль ШЫРДАБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері