• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Шілде, 2019

Берекеттің боямасыз әлемі

691 рет
көрсетілді

Әлемде өмірге құлшындыратын шешен, меценат, жазушы және әнші, аустралиялық Ник Вуйчичті танымайтын адам жоқ шығар. Шешен­дік, жазушылық, әншілік, тіпті атымтай жомарт байлар да еш­кімге таңсық емес қой, бірақ бұл қол-аяғы жоқ кескен томардай адамның адамзатқа үлгі болар ерік-жігері миллиондарды мойын­датады.

Иә, тағдырдың тасы түсіп, ар­баға таңылса да, санасының ояу­лығымен, жүрегінің жауынгер­­лігімен ауыртпалыққа мойымай, алға ұмтылған  жандар өз арамызда да бар. Олар ештеңеге қарамастан, талантымен, қарапайым еңбегімен қоғамымыздың дамуына үлес қосып жүр.

«Неге, неге мен?! О, Құдайым, ешкімнің ала жібін аттамап едім ғой...» деген запыран дәмді аһ ұр­ған өкінішпен оянды ол то­ғыз күнге созылған комадан. 26 жас­тағы жігіт жұмыс орнын­да өнді­рістік жарақат алған еді. Бұр­ғылау мекемесінде бұрғышының көмекшісі болып еңбек ететін ол күндегіше жоғарыда роторда өз міндетін атқарып жатты. Бірақ бұл күні жаңбыр сір­кі­реп жауып тұрған. Содан ба, қай­дам, конусты тұрбаны арнайы құ­рылғымен тартқанда басы тай­қып кетіп, 9 метрлік ауыр тұр­ба Берекеттің иығына түседі. Нәти­жесінде жұлыны жаншылып, кеуде омыртқасы сынып, денесінің төменгі бөлігі жансызданған.

– Бұл оқиға 2010 жылы 1 мамырда болды. Бұл кезде мен Ақтауда еңбек ететінмін. Содан кейін аяғымнан тұра алмай қалдым. Дәрігер анам бар, жан-жақтан консилиумге келген хирургтер бар, ақылдаса келе Германияда немесе Қытайда ота жасатуға кеңес берілді.  Мен Үрімжіге барып, ота жасаттым. Ондағылар жұлын жаншылып қалғанын, оны Бейжіңге барып, діңгек жасушасы арқылы қалпына келтіру қажеттігін айтты. Содан бір-екі жылдан соң арбаға отыратын болдым. Қарға адым жер мұң болған мен үшін мұның өзі үлкен қуаныш болды, – дейді жылыойлық Берекет Ақжігітов.

Мұндай жағдай басыма түседі-ау дегенді өңі түгілі түсінде де көрмеген Берекет мойымады. Құлазуға бойын алдырмай, көкірек көзін ашық ұстағандікі ме, ол Қытайда емделіп жүріп-ақ жаңа өнерге үйренді.

– Қытайда қалпына келтіру орталығында әлденені тоқып отыр­ған әйелдерді көрдім. Қызығу­шылығым оянып: «Мына­­лар не істеп отыр?» – деймін жа­нымдағы адамға. Ол: «Кесте ғой, сіздерде мұндай жоқ па еді?» – дейді. Қыз­дар кесте тікпесе, бұ­рын мұндайға мән бермейміз ғой, – деп өмірінің жаңа парағын ашқан өнерді қалай үйренгені туралы әңгімесін бастады ол. – Әлгі әйел «Тоқып көресің бе?» деп қолындағы матасы мен инесін ұсынып, кестелеп сурет салу өне­рін үйретті. Басында ақ матаға тоқыдым, кейін Қытайдан арнайы суреттің орны сызылған маталарды әкелдім.

Сөйтіп Берекет аса төзімділікті қажет ететін кестелеп сурет са­лу өнеріне ықыласпен ден қой­ды. Атырау мұнай және газ универ­ситетіне грантпен оқуға түскен ол өндірістік сызбаларды шебер жасайтын. Содан ба қолөнерді еркін меңгеріп кетті.

Бір картинаны жасау үшін әдетте бір айдай уақыт кетсе, оның ең ұзақ жасаған суреті бақандай төрт айға созылған екен. Бір жылда он шақты картинаны аяқтайды. Ол үшін Берекет күніне 7-8 сағат инемен құдық қазғандай жұмыс үстінде отырады. Пейзажды, натюрмортты, жануарлар мен әйел сұлулығын бейнелегенді ұнататын таланттың қолынан осы уақытқа дейін кестеленген, тас-моншақпен көмкерілген сексен шақты картина туған екен.

Алайда көзінің майын тамызып  жасаған жұмыстары үйде елеусіз әр жерде жататын, бірақ бір күні оның картиналары сол кез­дегі аудандық жұмыспен қам­ту, әлеуметтік бағ­дарламалар және азаматтық хал актілерін тір­кеу бөлімінің  басшысы Серік Қа­ми­дол­ланың көзіне түседі. Оның кеңесімен аталған бөлімдегі мүм­кіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесіне қатысты. Міне, содан бас­тап Берекеттің өнері көпке таныла бастайды. Атырауға, Астанаға шақырту алады. «Пана» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен Ыстанбұлдағы түркі әлемі суретшілерінің көрмесіне барып қайтады. 2017 жылы елімізде өткен халықаралық ЭКСПО көр­ме­сінде де Берекеттің картиналары әлемнің назарына ұсынылды.      

– Теңіз қалашығында өткен шарада аукцион бойынша төрт картинам 377 мың теңгеге бағала­нып сатылды. Астанада өткен форум­да бір картинамды әлдебір өнер бағалаушы  80 мыңға сатып алып­ты, – дейді ол. Ал былтыр Жылыойда өткен «Кәсіпкерлер балында» оның картиналары жоғары бағаланды. Аукцион бойынша кестелі, таспен, моншақпен көмкерілген көз тартар туындылары 3 млн теңгеге сатылып, бұл қаражат жарынан айырылып, жеті баланы бағып қалған жағдайсыз жылыойлыққа  баспанасын кеңітіп, жөндеп алуға жұмсалды. Берекет солайша өз өнерімен, маңдайте­рін төгіп жасаған еңбегімен  бір мұқ­таж отбасына жәрдем берді. 

Дегенмен соншалықты төзім мен икемділікті қажет ететін бұл өнер одан да қымбат, одан да бағалы. Өйткені бір ғана кестедегі крестің өзі 7 теңге тұрады екен. Ал матаның бетіне алуан түсті жіппен сурет салып шығу үшін қаншама кестелеу керек болады, оны санап жатуға ешкімнің жүйкесі шы­дамас. Соны бағалағандікі ме,­ Бей­жіңнің өзінде бір картина 1200 доллар тұрады. Ал біздің жақ­та 70-80 мың теңгеден жоғары бағаға сатып алмауы мүмкін. Әйтсе де Берекетті құр ақша толған­дыр­майды, ол – өнерінен ләззат алып, береке тауып отырған жан.  

Берекеттің бұдан басқа да қызы­ғушылығы көп. Ол былтырдан бері мүгедектер қоғамында ашылған теннис ойынына да қатысып жүр. Тіпті облыс орталығына барып, жарысқа да қатысқан. «Жарыста ұтылып қалдым, бірақ бұл менің қызығушылығымды одан сайын арттырды», – дейді жігері мықты жігіт. Кейбіреулер жеңілістен мұ­қа­лып қалса, керісінше шабыт алатын ол Атыраудағы мүм­кін­дігі шектеулі жандарды спорт­қа баулитын бапкер Гүлнәр Әбіл­қайырқызының ұсынысымен төрт адам болып паралимпиадалық жат­тығу орталығында дайындық жасап, биыл ақпан айында Дубай­дағы бүкіләлемдік жарысқа барып, жүлделі орынмен оралды.­ «Әлем тамсанатын Дубайда не ұнады?» деген сұрағымызға ол: «Шынымды айтсам, Дубай ұна­мады. Заңғар биік ғимараттары бол­ғанмен, біздің елдің табиғаты одан он есе артық екен, – дейді жа­дырап күліп. – Барлық жағдай жасалса, Құлсарыны Дубайдан керемет етуге болар ма еді!».

Иә, он саусағынан өнер тамған, кісіге үйіріліп тұратын, пайдалы іс істеуге ұмтылып тұратын Бе­ре­кетті аудандық жұмыспен қам­ту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тір­кеу бөлімі де назардан тыс қал­дырмай жұмыс ұсынды. «2015-2016 жылдары «Юниксстрой» меке­месі 10 адамды жұмысқа ал­ды. Онда Берекет ұйымның бас­­­шысы боп тағайындалып, екі жылдай жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіп үйретті», – дейді жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Алтынай Қожиева. Ал қол қусырып қарап отырғанды қаламайтын Берекет «Мекемелерде жұмыс бол­са, бас тартпас едім» дейді.

Ал өнер мен спорттан басқа соңғы кезде жаны сүйетін хоббиі – кітап оқу. Оның сол оқиғадан кейін мұң-қайғыға малынбай, санасын оятып, жігерін жаныған да осы сырлас досы – кітап болатын. Берекет өмірге құлшындыратын, іскерлікке үйрететін кітаптарды оқы­ғанды жақсы көреді. Ол бұл­ күндері әлемдегі атышулы жетіс­­­­тікке жеткендердің жол­нұс­­­қау­шысындай болған танымал кітап­тардың біразын оқып тас­таған. Ник Вуйчичтің, Наполеон Хил­дің, Робин Шарманың кітап­тарын тәмамдаған. Бүгінде Гр­егори Дэвид Робертстің миллион ти­ражды «Шантарам» кітабын оқу үстінде. Мәскеу Мемориалдық меші­тінің имамы, көптеген кітап­тар­дың авторы Шамиль Аляут­диновтың «Миллионер слушает» кітабын оқып, Ақтау қаласында автордың өзімен де кездескен. Бұлар, сөз жоқ, оның өмірге деген көзқарасын өзгертті. Өз ішкі са­райын саралап, өмірлік түйін түйді.

Иә, Берекет Ақжігітов арбаға таңылып, таңертеңнен кешке дейін тағдырына нала айтып, қайғы-мұңға малынып отырған жан емес, ол – арман-мақсаты бар жігерлі азамат.

 

Салтанат ЖАҚЫПОВА

Атырау облысы