Оңтүстік Корея жерінде АҚШ, Солтүстік Корея және Оңтүстік Корея арасында тарихта алғашқы үштік саммит өтті. Бұл – Қытай тарапы қаламайтын басқосу. Өйткені Корей түбегіндегі саяси ахуал көбіне Қытайдың саяси мүддесіне тиімді болып табылады. Бірақ ойда-жоқта жексенбі күні Ким Чен Ын мен Дональд Трамп, Мун Чжэ Ин бір сағаттан артық келіссөз өткізді. Кездесуден кейін Трамп пен Мун Чжэ Ин тілшілерге сұхбат беріп, Трамп алдағы болатын саммиттерге байланысты жаңа құрамдағы іскер топ құрылып, корей мәселесімен айналысатындығы атап өтті. Трамптың айтуынша бұл кездесу шын мәнінде тарихи кездесу болды. Ол «Керемет қарым-қатынас орнаттық, мен президент болуға келер алдында екі жыл бұрын жағдай өте нашар еді. Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея, әлем қауіпті жағдайда тұрған болатын» деп атап өтті.
1950-1953 жылдары Корей соғысы болды. Осы соғысты тоқтату үшін 1953 жылы АҚШ пен Солтүстік Корея, Қытай уақытша соғысты тоқтату келісіміне қол қойған болатын. Оңтүстік Корея тарапы бұл келісімге қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартып, кейін екі елдің арасы туыстықтан жауластыққа ұласып кетті. Сол соғыстан кейін АҚШ пен Солтүстік Кореяның арасы суып кетті. АҚШ солтүстікті мойындамады. Қос Кореяның арасы да ушығып кетті. Міне, сол уақытша соғысты тоқтатқан келісімге қол қойылған жерге АҚШ-тың президенті 66 жылдан кейін қайтып аяқ басып отыр. Бұл – атақты Пан Мун Чжом үйі орналасқан жер. Онда уақытша соғысты тоқтату туралы келісімге қол қою рәсімі өткен. Дональд Трамп ресми түрде Солтүстік Корея топырағын басқан ең алғашқы президент. Ол туралы Ким Чен Ын тілшілерге берген қысқаша сұхбатында «Дональд Трамп мырза Солтүстік Кореяның жерін алғаш рет президент ретінде басып отырған адам» деп айтты. Ал Трамп болса оны өзіне бұйырған мәртебе ретінде қабылдады.
АҚШ президенті Ким Чен Ынмен екі елдің арасын бөліп тұрған әскери сызықтың дәл үстінде тұрып кездесіп, қол алысып, Ким Чен Ынның ұсынысымен Солтүстік Корея шекарасына қарай он қадам өтті. Былтыр тура сол жерде Мун Чже Инмен кездескен болатын. Биыл сол үрдісті қайталады. Бірақ Мун Чже Инге қарағанда АҚШ президенті Солтүстік Корея жеріне 10 қадам артық басып ішкері кірді. Мун Чже Ин болса, сызықты аттап өтіп, бір қадам ғана асқан болатын. Ким Чен Ын Пан Мун Чжомда болған тарихи кездесудің маңыздылығына тоқталып, «өткен тарихтағы жаман оқиғаларды тазалау» деп атап өтті. Сонымен қатар «Трамп мырза мен менің арамыздағы өте жақсы, тамаша байланыс болмаса, осындай кездесуді бір күннің ішінде кенеттен өткізе алмас едік деп ойлаймын. Бұл біздің тамаша қарым-қатынасымыз – басқалар ойламаған, күтпеген жақсы істерді тоқтаусыз жасап, алдыдан көлденең шыққан кедергілерді жеңетін ерекше бір күш болмақ» деді.
Ким Чен Ынды Дональд Трамп ресми түрде Ақ үйге шақырды. Ким Чен Ын Ақ үйге келуге шақырту алған Солтүстік Кореяның алғашқы көсемі. Дональд Трамп өзі Солтүстік Корея топыраған басқан алғашқы АҚШ президенті болғанындай Ким Чен Ын да Ақ үйге алғаш рет келген Солтүстік Корея көсемі болуын қалайтындығын жеткізді. Алайда Ким Чен Ын бұл ұсыныс жайында үнсіз қалып, ешбір ойын білдірмеді. Алдағы уақытта Дональд Трамптың Пхеньянға сапары болуы ғажап емес. Өйткені қазіргі таңда осы туралы айтылып жатыр.
Дастан Ақаш,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Оңтүстік Корея,
Сеул