Байқау дарынды оқушыларды анықтау, музыкалық шеберлікті арттыру және жас музыканттардың шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, ұлттық өнерімізді ұлықтауды мақсат етеді. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 12 жастан 16 жасқа дейінгі 35 жас өнерпаз қатысты. Жиында сөз алған «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек қоғамды ұлттық мәдениет пен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында өткізіліп отырған жиынның жас ұрпақ үшін маңызды екеніне тоқталды. Қазақ ұлттық өнер университетінің шығармашыл тобынан құралған әділқазылар шешімімен «Үздік күйші» аталымы бойынша Бекасыл Сабыров (Атырау облысы) 1-орын, Бақдәулет Жанатбек (Жамбыл облысы) 2-орын, Сырсұңқар Базарбайұлы (Қызылорда облысы) 3-орынға ие болды. Ал «Үздік термеші» аталымына Нұрасыл Азат (Нұр-Сұлтан қаласы) 1-орынға, Жансая Файзуллақызы (Қызылорда облысы) 2-орынға, Айжұлдыз Құлымжан (Атырау облысы) 3-орынға лайық деп танылды. «Дәстүрлі әнші» аталымы бойынша Бекболат Бақтиярұлы (Жамбыл облысы) бірінші жүлдені жеңіп алса, Жанарыс Табылдыға (Атырау облысы) жүлделі екінші орын, Шұғыла Нұрбайға (Нұр-Сұлтан қаласы) жүлделі үшінші орын бұйырды. Конкурсқа қатысқан өзге өрендерге сертификаттар мен ақшалай, бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері атанып жүрген атыраулық Бекасыл Сабыров осы жолы да «Үздік күйші» аталымы бойынша топ жарды. Салтанатты кеште Құрманғазының «Көгала ат» күйін нақышына келтіре шебер орындаған ол болашағын күйшілік өнерімен байланыстырады.
«Алғаш домбыраны сегіз жасымда қолға ұстадым. Домбыраны үйретіп, өнерге баулыған Самал Мүтейова есімді ұстазыма алғыс білдіремін. 2-сынып оқып жүргенімде анам «сенен күйші шықпайды» деп домбыра үйірмесіне қатысуыма қарсы болған еді. Бірақ өзім айтқанымнан қайтпай қатысам деп шешкен едім. Бүгінгі болған жарыс бізді жаңа достармен таныстырды. Байқау алдағы уақытта жалғасса деймін. Болашақта атақты күйші болуды армандаймын», дейді Атырау балалар саз мектебінің оқушысы Бекасыл Сабыров.