Жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауының халық арасында кең тараған «Ойжайлау», «Базарым-ай, Назарым-ай», «Жас екпін», «Туған жер», «Шырқа, даусым» сынды дастандары кештің шырайын кіргізіп, сусаған тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Ардақ Балажанова, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен Е.Шалдыбековтің шәкірттері өнер көрсетті.
Бала кезден қолына домбыра ұстап, әнге құмартып өскен Ерболат әншілік өнердің нағашы жұртынан дарығанын айтады. Ол Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқып, кейін Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әндері» кафедрасын бітірген. Жетісу өңіріндегі жыршылық-жыраулық, әншілік өнердің қалыптасуына зор үлес қосқан Әсімхан Қоспасаров, Әлімқұл Жамбылов, Сәбит Оразбаев, Хамза Екейбайұлы сынды тұлғалардың алдын көрген өнерпаз халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен сабақтастырып келеді.
– Қазақ деген ұлт тұрғанда дәстүрлі әніміз де, тіліміз бен дініміз де, тарихымыз бен салт-дәстүріміз де өлмейді. Өйткені қазақ халқы қанша қиын кезеңнен, нәубеттен өтті. Соның өзінде дәстүрлі ән ауыз әдебиеті арқылы осы күнге дейін жетті. Қазақтың төл өнері жайлы бізден кейінгі ұрпақ та біледі деп ойлаймын. Қазір кәсіби мамандар, зерттеушілер көбейіп жатыр. Дәстүрлі әншілердің әрқайсысы шәкірт тәрбиелеп отыр. Осындай кезде дәстүрлі өнер неге ақсап қалуы керек деген ой туады. Керісінше, қазақтың төл өнері дамып, кәсіби орындаушылар көбейеді деп сенемін, – дейді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Ерболат Шалдыбеков.