• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Шілде, 2019

Кеуіл мен көңіл

978 рет
көрсетілді

 – Көрдің бе, кеуіл гүлдепті, – деді.

Маған оның даусы дірілдеп, тол­қып, үзіліп-үзіліп жеткендей болды.

Таңдана қарап, үн қата алмай қалдым. Ақ құба өңді, ботагөз, ерке қыздың ерекше сүйкімді екенін мен сол сәтте алғаш рет байқаған сияқтымын.

Оның өзі де мынау жап-жасыл кеуілдің аппақ гүлдеріне ұқсайтынын айтқым келді. Бірақ аңдаусызда үф деп қалсам, ақ көбелекке айналып, ұша жөнелетіндей боп үлбіреп тұрған сұлулықты үркітіп алармын деп ойладым.

Қыр жақтан белесебетімді жетектеп түсіп келе жатқанымда да оған қайта-қайта жалтақтап қарай бердім, қарай бердім.

Ақ құба жүзі қызарып, алға басқан адымы кері кетіп, кібіртіктеп, ұяла бастағанын сезсем де, сезбегендей болдым. Себебі одан енді көзімді ала алмайтын сияқтымын.

Кенет ол маған жалт қарап:

– Мен енді сенің белесебетіңе мінбеймін, – деді.

– Неге?

Аузым ашылып, қалт тоқтай қал­­­­дым. Мәссаған!.. Ол екеумізді та­ныс­­тырған да, достастырған да осы белесебет емес пе еді. Өйткені ауыл­дағы ең жаңа, ең тәуір белесебет мені­кі ғой.

Ол үндемеді. Сықылықтап күліп, ауылға қарай жүгіре жөнелді. Ал мен болсам, әлі де аң-таңмын. Себебі оның өзі емес пе еді, бүгін: «Қыр жаққа шығып, ешкім көрмейтін жерде мені белесебетіңе мінгізші», деп өтінген...

Қазір ойлаймын, ол менің өзіне қадала қараған көзімнен емес, қыз жүрегіндегі алғаш оянған өзгеше бір құпия, сырлы сезімнен ұялды-ау деп.

Бала кездегі сол бір ұяң, кіршіксіз таза сезімнің көңіл түкпірінде бұйы­ғып, алаңсыз ұйықтап жатқанын мен бүгін тағы да сезіп тұрған сияқтымын. Өйт­кені биыл жазға салым жап-жасыл боп жайқалып, аппақ гүлін ашқан бекзат, паң кеуілді көргенде, жүрегім және бір шым ете қалғанын қарасаңызшы.

Құдай-ау, екі арада біз кешіп өте алмайтын уақыт теңізі пайда болды емес пе. Бірақ мына кеуілдің соған қарамай, тү-у баяғы тәтті күнді еске салып, көңілімді толқытып тұрғанын көрмейсіз бе...

Бәлкім, білерсіз, бәлкім, білмессіз, кеуіл дегеніміз – кең далада өсетін көпжылдық өсімдік қой. Түйежантақ секілді оның да тамыры тереңге жайы­лып, жер астындағы су көздерінен нәр алып жатады. Аппақ гүлдері желге ұшып, түйін салғаннан кейін, кіп-кішкентай қарбыз секілді жемістері күннен-күнге үлкейіп, бармақтай-бармақтай болып піседі де, өз-өзінен жарылып, қып-қызыл шырыны жерге тамады. Бала күнімізде біз оның да дәмін татып көргенбіз. Сәл-пәл кермектеу болады.

Енді міне, елу жылдан соң сол баяғы ауылға қайта оралып, сол баяғы кеуілге қызыға қараймын-ай. Оның аппақ гүлдері сол баяғы ақ құба, ботагөз, ерке қызға ұқсайды.

Қайран кеуіл, қайран көңіл...