Фильмде аққан жұлдыздай жарқ етіп, аз ғана ғұмыр кешкен спортшының өмірі мен спорттағы жетістігі суреттеледі. Туындының сюжеттік желісінде Бекзат Саттарханов өмірінің үш кезеңі қамтылады. 90-жылдардың басындағы қиын-қыстау кезеңге тап келген Бекзаттың балалығы көп қиындықтармен өтеді. Түркістан қаласындағы темір жолды бойлай орналасқан шағын ауылдың қарапайым тіршілігі бала Бекзаттың көзімен бейнеленеді. Оның арманы, намысқой бітімі әрбір сәтте сыналып отырады. Туындының режиссері – Мұрат Бидосов, ал басты рөлді Самат Әзімқұлов сомдады. Фильмнің салтанатты тұсаукесеріне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев қатысты.
– Бұл – жиырма жыл ғана өмір сүріп, қазақтың абыройын, қазақ боксының мәртебесін асқақтатқан даңқты бокшымызға арналған туынды. Портреттік фильмді көрермен көп күтті. Біз оны білеміз. Алайда осы тақырыпқа асығыс, дайындықсыз келу дұрыс болмайтын еді. Бұл Бекзаттың рухы алдындағы, халық алдындағы үлкен жауапкершілік болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдады, «Хабар» агенттігі жауапты жұмысты ойдағыдай атқарып шықты. Ұлт мақтанышы – Бекзат Саттархановтың есімі, бейнесі елдің жүрегінде мәңгі сақталады, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Көрсетілімге боксшының ата-анасы Түркістаннан арнайы келіп қатысты. Чемпионның анасы Сырлыкүл Адырбекқызы журналистерге баласы туралы фильм түсірілгеніне қуанышты екенін жеткізді. «Бүгін – менің туған күнім. Фильмнің тұсаукесері тура осы күнге сәйкес келіпті. Бұл – қуанышты жағдай. Кино сәтті түсірілді деп ойлаймын. Фильмге бағаны халық береді. Осы киноны түсірген азаматтарға алғыс айтамын» дейді қуанышын жасыра алмаған ана. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фильм осы жылдың қазан айында ел тұрғындарының назарына ұсынылады. Ал алты сериядан тұратын толық нұсқасы Тәуелсіздік күні қарсаңында «Хабар» агенттігінің эфирінен көрсетіледі.
Шаршы алаңда көк байрағымызды желбіретіп, мерейімізді асырған Бекзаттың жеңіспен оралған бетте «Құдай қаласа, халқыма әлі екі Олимпиада алтынын сыйлаймын. Кубалықтар ғана емес, қазақтар да үш дүркін Олимпиада чемпионы бола алады. Тек соны дәлелдеу ғана қажет. Мен ол үшін барымды саламын!» деген жігерлі сөздері жадымызда. Аз ғұмырында артына өшпес із қалдырған азаматты халқы әлі күнге дейін ардақтайды. Кешегі «Бекзат» фильміне келген көпшілік ықыласы осыған дәлел.