Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен Eurasia Music Hub конференциясының бас менеджері – Раушан Жұманиязова. Оның айтуынша, басты мақсат – Еуропа мен Азияның түрлі елдерінен келген әлемдік музыка фестивальдарының жетекші директорлары арасында білім мен практикалық дағдыларды алмасу үшін кәсіби платформа құру. Оңтүстік Корея, Марокко, Германия, Словения, Эстония, Польша мен Франция, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген музыка индустриясының делегаттары мен спикерлері музыка нарығының әлеуеті мен келешек дамуын жеке тәжірибелерімен байланыстыра отырып, өзара пікір алмасты.
Seoul Music Week шоукейс фестивалінің директоры және Ulsan Jazz Festival шарасының негізін қалаушы, директоры Юнг Хун Ли музыка индустриясындағы тенденциялар мен инновацияларды дамытуға арналған көптеген халықаралық тәжірибелерді мысалға келтірді. Халықаралық фестивальдарды ұйымдастыруда табысты еңбек етіп жүрген маман пленарлық сессияда «GloMMnet және халықаралық шоукейс фестивальдарды ұйымдастыру» тақырыбында ой бөлісті.
Қазір Seoul Music Week шоукейс фестивалі Кореядағы ең ірі арт-алаң болып саналады. Биылғы шоуға өз еліміздің әртістері мен шет мемлекеттерден келген 23 өнер жұлдызы, 30-ға жуық делегат қатысты. Шоукейс өткізуде өзара тәжірибе алмасу, жаңа келісім құру өте маңызды, – дейді Юнг Хун Ли.
Ал Марокко Мәдениет және коммуникациялар министрлігінің халықаралық серіктестік бөлімінің жетекшісі Фатима Айт Мханд Марокко мәдениетін айшықтайтын Mawazine фестивалінің табысты жетістіктері туралы айта келіп, қазақстандық тарапты Рабаттағы дәстүрлі мерекелік шоуға атсалысуға шақырды.
Жиынға қатысушы Любляна қаласындағы Канкаьев дом мәдени орталығының директоры Богдан Бенгиар (Словения), Music Estonia халықаралық жобаларының жетекшісі Мартиина Путник (Эстония), Urkult Festival директоры Кен Дей (Швеция) сынды продюсерлер халықаралық нарыққа кіру және қаржыландыруды жеңілдету, мәдениет экожүйесінде жергілікті және аймақтық нарықта қолайлы жағдайлар жасау, мәдени жобаларды халықаралық концерт алаңдарында танымал ету турасында кеңейтілген баяндамалар жасады. Бұдан бөлек 17 жылдық тәжірибесі бар музыка агенті Юлиана Волож нақты нұсқаулықтардан құрылған «Әлемдік музыка әлемі және оны бағындыру жолдары» атты дәріс оқыды.
Сондай-ақ аймақтардан келген музыкалық ұжым 25 минуттық арнайы бағдарлама аясында Орталық Азия үшін жаңа формат шоукейстер сериясын көрермен назарына ұсынып, этностық музыка жанрының жаңа буындары рок экспрессиясын джаз бен жеңіл поп-музыкамен тамаша үйлестіре білді. Экономикалық және стратегиялық мүдделерді тоғыстыратын халықаралық заманауи платформа музыка индустриясына жаңа қарқын, ортақ жобалар сыйлары анық.