Дәуей Шатарбай 2009 жылы отбасымен бірге Моңғолиядан Келлеровка ауылына қоныс аударған. Қария қырық жылдық педагогикалық қызметі үшін Моңғолия Республикасының білім беру саласының үздігі атанған. Ол жергілікті жастарды көне мәдениетіміздің қыр-сырын меңгеруге баулу мақсатымен қолданбалы өнер мұражайын ашқан. Сөйтіп киіз үй жасау кәсібін дамытып, көпшілік арасында дәріптеуге баса назар аударып отыр. Атадан балаға мирас болған бұл салтымыз теріскейде мүлдем ұмытылып барады десе де болады. Жастар өз ұлтының тарихын білумен қатар ата-бабаларымыздың кәсібін игеруі керек. Осы себепті әкемнен үйренген киіз үй тігудің қыр-сырын балаларым мен немерелеріме мұра ретінде қалдырғым келеді, дейді Дәуей ата.
Кілең шеберлер жиналған әулеттің әрбір мүшесі тұскиіз тоқып, сурет салады, ер-тұрман соғады. Дәуей атамен қатар оның екі ұлының ұшқыр қиялынан туған заттарда қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы жан-жақты көрініс тапқан. Мәселен, бұл әулеттің қыздары мен келіндері үй шеберханасында ұмыт бола бастаған киіз басу мен алаша тоқуды терең игерген. Сондай-ақ жіп иіріп, кілем тоқиды. Үйренгісі келетіндер үшін Дәуей ақсақалдың ұстаханасында арнайы курстар ұйымдастырылады. Табиғи өнімнен жасалған ұлттық нақыштағы текеметтер әсем өрнегімен көздің жауын алады. Шеберлердің көз майын тауысып жасаған әрбір бұйымы, атап айтсақ, домбырасы, ұлттық кәдесыйы мен балаларға арналған ойыншықтары,тастан жасалған әшекейлері тек ұлттық нақышта безендіріледі.
«Әкем маған балық, қой және құстың сүйегінен кәдесыйлар жасауды үйретті. Қазір ағаштан мүсін оюға машықтанып жүрмін. Ерасыл есімді ұлым да атасының кәсібін жалғастырғысы келеді. Ата-бабамыздан дарыған бұл кәсібіміздің арнасын кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – дейді Шекен Дәуейұлы.
Шатарбай отбасының жасап шығарған бұйымдары көптеген конкурстар мен көрмелерде жоғары бағаға ие болып, шетелдіктердің ұлттық мәдениетімізге деген қызығушылығын арттыра түскен. Нұр-Сұлтан қаласында өтетін түрлі халықаралық жиындарда осы әулеттің кәдесыйлары қонақтарға тарту етіліп келеді. Өнердің сан түрін меңгерген шебер бірнеше рет ұлттық бұйымдар мен кәдесыйлар көрмелеріне қатысып, бірқатар елдерді аралап келген. Ендігі ойы– қолданбалы өнер колледжін ашып, дәріс беріп, ізбасарларын көбейту. 75-ке келсе де, шәкірттерімен бөлісетін құпия-сырлары аз емес.
Гүлбике КУБЕНОВА, журналист Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы