• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Шілде, 2019

Өнер бәйгесінің жаңа жұлдызы

313 рет
көрсетілді

Димаштай дүлдүлдің жұлдызын жағып, бағын асырған Витебскіде өткен өнер бәйгесі тағы бір таланттың маңдайын жарқыратты. Халықаралық қазылар алқасын асқан орындау шеберлігі мен қуатты вокалымен таң-тамаша еткен отандасымыз Әділхан Макин «Витебскідегі Славян базары – 2019» XXVIII халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері атанды деген ақжолтай жаңалық алты алаштың қуанышы болды.

Кәсіби орындаушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділxан Макин – қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллиондаған фестиваль тыңдарманын ән табиғатын түсінетін сыршылдығымен тәнті етті.

«Біздің тұсымызда Кеңес Одағының атынан шығатын әртістерге мүлде басқа талаптар қойылатын. Біздер халық­аралық конкурстардың жеңімпазы бо­луымыз тиіс еді. Бүгінгі жастарға қа­рап отырып, сол сәттер есіме қайта оралды. Мұндай жүкті жастар ғана қайыс­пай көтере алады. Қазылық ету де оңай емес екен, бір жақты таңдау қиынға түсті. Ал Әділхан әу дегенде озып шықты. Талантты әнші вокалымен, шебер әртістік қабілетімен дараланып тұр. Ол – даусыз жеңімпаз», дейді Ресей мен Грузияның халық әртісі,  қазылар алқасының мүшесі Тамара Гвердцители. 

Екі күнге ұласқан байқаудың қоры­тындысы бойынша 178 ұпайды қан­жығасына байлаған Әділхан өзге қатарластарынан осылайша оқ бойы суырылып алға шықты. Фестивальдің салтанатты жабылуына орай өткен гала-концертте жас талантқа «Лира» құрмет мүсіні табысталды әрі 20 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.