Дубляж несімен баурады?
Кейде «Арыстан патша» сынды көрерменін бірден өзіне баурап алар сәні мен сапасы қатар келіскен анимацияның үздік туындыларын тамашалап отырып, көңілді сан алуан ой мазалайтыны да жасырын емес. Қызығасың һәм қызғанасың. Сондай кезде жан дүниеңді әлемтапырық күйге түсіріп, түрлі сезімді бір сәтте бастан кештіретін Disney туындыларының көркемдік деңгейі мен шеберлік шыңын бағындыруда отандық киностудияларға әлі де ұзақ әрі тыңғылықты ізденістің қажеттілігі де айқын көрініп қалады. Әйтсе де ол олқылықтың сәл де болсын орын толтыруға сегіз жылдан бері үзіксіз тер төгіп келе жатқан «Болашақ» корпоративтік қорының Голливуд туындыларын қазақша сөйлету жолындағы еңбегі ересен. Осымен Disney-дің 31-ші картинасын қазақшаға аударып, балдырғандарымыздың Голливуд жауһарларын ана тілінде тамашалауына мүмкіндік жасап отырған шығармашылық құрам «Арыстан патшаны» да өте жоғары деңгейде «сөйлетіп» шықты.
Фильмнің қазақ тіліндегі жалпы дубляж жұмысына Шах-Мұрат Ордабаев режиссерлік етсе, мәтінді қазақ тіліне Әсел Мамырова тәржімалапты. Ал Disney кейіпкерлерін ана тілінде сөйлетіп қана қоймай, дауыс мүмкіндігі арқылы қаһармандардың ішкі көңіл күйін жеткізуде сәтті ізденіс жемісін көрсеткен отандық актерлер қатарында – Бекболат Құрманғожаев (Муфаса), Бекнұр Ыбырай (бала Симба), Олжас Жақыпбек (ересек Симба), Алтынай Нөгербек (Сараби), Динар Қалдыбек (бала Нала), Наурыз Сабағатова (ересек Нала), Сая Тоқманғалиева (Шензи), Болат Ыбыраев (Рафики), Жәнібек Мұсаев (Пумба) және Дәурен Серғазин (Тимон) бар.
Жарыққа шыққан голливуд жауһарларымен бірге жарқырай көрініп, үздік тәжірибе жинап үлгерген шығармашылық топ, оның ішінде дубляж актерлері әр фильммен бірге шыңдалып, шеберліктің озық үлгісін көрсетуі көңілге зор қуаныш ұялатады. Әсіресе соңғы жылдары қалың көрерменге қатарынан жол тартқан бірнеше туындыда талантымен дараланып, көпшілік ықыласына бөленіп жүрген Дәурен Серғазин, Жәнібек Мұсаев бастаған актерлер жұмысы айрықша тоқталып өтуге лайық. Сол секілді бүгінде дубляж саласының «алтын даусына» айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Бекболат Құрманғожаев, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтай актерлер үнінің де кинотеатрлардан жиі-жиі естілуі аталған аудармаларға сапамен қоса, деңгей де үстейтіні сөзсіз. Бір өзі бір институттың кешенді жұмысын қажырлылықпен көтеріп жүрген актерлердің жанкешті еңбегі – отандық дубляждың зор мақтанышы.
Тәржіма сапасы талапқа сай ма?
Тәржіма сапасы дегеннен туады, осы тұста атап өтерлік тағы бір айтулы сәт – «Болашақ» корпоративтік қорының аудармалары ешқандай делдал тілсіз, тікелей түпнұсқадан аударылады және барынша қазақ тілінің мағыналық мәнін ашуға тер төгіп келеді. Тіпті голливуд кейіпкерлерінің аузынан шыққан қазақы мақал-мәтелдердің орайымен пайдаланылғанын көріп, көңіл марқайып, жан сүйсінеді. Мәселен, біз тамашалаған «Арыстан патша» фильмінде аударманың қазақыланғаны сонша, ұлттық үнде тіл қатқан көркем де құнарлы бай тіл сюжет желісімен керемет үйлесім тауып, тыңдаған құлақтың құрышын қандырады. Оны айтпағанда, кейіпкерлерінің аттары да мінездеріне сай сәтімен қазақшаланған. Мысалы, фильмдегі бәрімізге жақсы таныс «Шрам» деген кейіпкер ана тілінде Ызғар болып үн қатады. Егер мінез ерекшеліктеріне сай сараптар болсақ, бұл ат кейіпкерге дәл қойылған. Бәлкім, тура аударма жасалса, «Шрамымыз» «Ызғар» емес, «Тыртық» деп тәржімаланып кетер ме еді?! Міне, осындай ұтқыр аудармаға негізделген жарқын мысалдарға жиі кезіккен сайын «Болашақ» корпоративтік қоры атқарып жатқан дубляж жұмысының болашағына зор сенім білдіріп, қолдағың келеді. Бір қызығы, аталған жоба мемлекеттің ешқандай қолдауынсыз, «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясының «Өзіңнен баста» акциясы аясында NurOtan партиясы мен BI Group жекеменшік құрылыс компаниясының қаржылық демеушілігінің арқасында жүзеге асырылып келеді екен.
– Балаларға арналған контентке басымдық беру керек. Өйткені болашақ – солардың қолында. Қазір «Диснейдің» деңгейіндегі фильмді түсіре алмасымыз анық. Бірақ сапалы дубляж жасауға мүмкіндігіміз жетеді. Аударып, көрерменге ұсынған соң, ол да біздің туынды сияқты әсер береді. Яғни фильмдерді аудару жобасы – тек дубляж емес, бірінші кезекте, қазақ тілін қолдану саласын кеңейту, оны ілгерілету және қазақстандық азаматтардың қазақ тіліндегі әлемдік студиялар контентіне қол жеткізу құқығын жүзеге асыру жобасы болып табылады, – дейді бұл жөнінде «Болашақ» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Шайжүнісова.
Ширек ғасырда не өзгерді?
1994 жылғы анимациялық туындының ремейкі – бұл «Арыстан патша» жанрлық тұрғыдан жаңаруымен, заманауи техниканың озық үлгілерінің ұтымды игерілуімен және ең бастысы сюжет желісінің, яки көрінісінің барынша шынайылыққа ұмтылуымен ерекшеленеді. Шығармашылық топтың алға қойған мақсатын барынша нәтижелі бағындыру үшін де режиссер Джон Фавро Африканың саваннасына арнайы ат басын бұрып, өлке атмосферасы мен ерекшелігін фильмнің өн бойына дарытуға ұмтылған. Нәтижесінде, өмір мен өнердің шекарасы бірігіп, таңғажайып біртұтастыққа айналған. Туындыны тамашалап отырып бейнебір Африка орманының ортасына түсіп кеткендей күйге бөленесіз. Өйткені мұнда табиғат ерекшеліктері ғана емес, фильмдегі күллі кейіпкер, яғни жан-жануарлардың барлығы да шынайы. Режиссердің төрт аяқты мақұлықтардың сана-сезімін бағындырғаны соншалық, кейбір сәтте көрермен көркем фильм емес, National geographic туындысын тамашалап отырғандай әсерленеді. Сондықтан болар, киносүйер қауым фильм жүрген 2 сағат уақыттың ішінде Африка саванналарын жалаң аяқ кезіп, тұмса табиғатпен сырласқандай, арыстандар мен қорқаулар арасындағы бітіспес күресті дәл жанында жүріп көріп, сезінгендей ғаламат күйді бастан кешеді.
Сценарийдің құндылығы неде?
Сюжет желісіне келсек, туындының алғашқы нұсқасымен салыстырғанда, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бұған дейін де «Кариб теңізінің қарақшылары: өлгендер ертегі айтпайды», «Қолыңнан келсе, ұстап ал» сынды бірнеше сәтті жұмысымен кино кеңістігіне есімі жақсы танылып үлгерген сценарист Джефф Натансон «Арыстан патшаға» драматургия тұрғысынан арнайы тоқталарлықтай өзгеріс әкелмеген. Керісінше, алғашқы нұсқаның барлық нәрлі де сөлді тұстарын сақтап қалуға, оқиғаны одан әрі байытуға ұмтылған. Соның арқасында әу баста балаларға арналып түсірілген туынды соңғы тәжірибесінде драматургиялық бояуы мен құндылықтар маңызын одан әрі қалыңдатып, табиғат пен адам арасындағы байланысты тіпті тереңдете түскеніне көз жеткізесіз. Әлде, бір кезде экран алдына отырып, «Арыстан патшаны» бауырларымен таласа тамашалаған балдырған көрерменнің бірі – осы жолдардың авторы да бүгіндері есейіп, оқиға желісіне басқаша бойлап, өмір пәлсапасын байыптырақ ұғып үйренді ме екен, әйтеуір ағайынды арыстандар арасындағы тақ үшін тартыс, сатқындық пен өшпенділік, әке мен бала арасындағы шексіз махаббат һәм тереңге тамыр тартқан тіні мықты тек құдіреті, сондай-ақ Симба арыстанның әке аманатына адалдығы мен достыққа, махаббатқа берік көңілі, жүрек тазалығы бұл жолы өзгеше ой иірімдеріне жетелегені сөзсіз. Өйткені анимациялық графика үлгісі мен заманауи техниканың озық жетістіктері сәтті симбиоз түзген айтулы фильм тек балдырғандар үшін ғана емес, ересек көрермендерге де ой саларлық тереңдікке, мазмұнға ие. Сонысымен көңілге құрмет ұялатады.
Жемісті жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актер «Walt Disney Pictures» дауыстар қорында тіркелген. Әлемдік рейтинг бойынша қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тіліне айналды және «Walt Disney» компаниясының тарихында 39-шы, ал «Sony Pictures» студиясы санағында 7-ші орын тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арнап шығарылатын Blu-Ray-де тамашалауға қолжетімді голливудтық фильмдердің алғашқы жетілігіне де еніп үлгеріпті. Қор директорының айтуынша, жаңа жолға түсіп, өз сүрлеуін салған жарқын жобаның енді кинотеатрлардағы прайм-тайм уақыттағы көрсетілім жағы реттелетін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл түйткілді шешуде шығармашылық ұжымның Мәдениет және спорт министрлігіне артар сенімі зор. Аталған министрліктің тікелей бастамасымен қабылданған «Кинематография туралы» заң қазақ тілді фильмдердің көрерменге ыңғайлы уақытта көрсетілуіне кепіл бола алса, қанеки?!