• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Тамыз, 2019

Қайта жаңғырған ұлттық ойын

322 рет
көрсетілді

Өңірде «Ботай» атты ұлттық ойын пайда болып, жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

Жуырда «Қымызфест» фестивалі аясында осы ойын бойынша ашық біріншілік ұйымдастырылып,  Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл қалала­рынан және өңір аудандарынан өкілдер қатысты.

«Ботай» ұлттық ойынының авторы, «Қызылжар жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлік Мұха­меджанов бастапқыда ұмыт болған ұлттық спорт түрі – сақа ойынын жаң­ғыртуды мақсат етіп, бірнеше  жыл бойы өз бетінше ізденген. Ауыл ақ­сақалдарына жолығып, ақпарат жинас­тырған. Ақыры сақа ойыны негізінде бірқатар өзгерістер енгізе отырып «Ботай» ойынының ережесін құрастырып шыққан. Мәселен, оны кез келген жерде ойнай беруге болады. Жылқы мен ірі қара малының топай сүйектері болса жеткілікті. Сосын тек ер адамдар ғана қатысады. «Асық ату» алаңы шеңберлерден құралса, мұнда тік төртбұрыштардан тұрады. Әзірге өңірге танымал ұлттық бренд саналғанымен, республикалық деңгейде жаңғыртудың мүмкіндіктері  мол. Тіпті ол ЮНЕСКО тізіміне енгізу­ді де жоспарлап қойыпты.

«Қамбар ата түлігі алғаш рет қолға үйретілген Айыртау ауданындағы Ботай тұрағын қазір  әлем ғалымдары мен археологтары жақсы біледі. Қазба жұмыстары барысында жылқы малының  топай сүйектері мен ті­лерсектері көптеп табылған. Соған қарағанда олармен  түрлі ойындар ойналған болу керек деген болжам бар. Асауға алғаш бұғалық салынған жердің құрметіне «Ботай» деген атау беріліп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында барынша  ұлттық бояуға қанықтырып, жаңаша  қырынан дамытуды, құндылықтарымызды барынша насихаттауды мақсат етіп отырмыз. Өзіміз бала кезімізде  шаңға көміліп ойнайтынбыз. Бізден кейінгі толқынның сақаға әуестенгенін көр­меппін. Мектептерде үйірмелер ашып, ойынның ережесін, әдіс-тәсіл­дерін оқушыларға үйретеміз. Осыдан бір ай бұрын өңірімізде асық атудан рес­публикалық чемпионат өтіп, біздің бастамамыз асық ату федерациясы бас­шылығы тарапынан қолдау тапқан болатын», дейді бұдан өзге  игі істерге  де қозғау салып жүрген Ерлік бауырымыз.

Жарыстың бас төрешісі Қуат Хайрулиннің айтуынша, «Ботай» ойыны күш-жігерді, қырағылықты арт­тырып, ептілікке, мергендікке, шап­шаңдыққа баулиды. Ойыншы үнемі қимыл-қозғалыста жүргендіктен қан айналымы жақсарады, денесі шынығады. Жарыстың ережесі бойынша әр ойыншының екі диі, бір сақасы болады. Ойын алаңында  қаз-қатар тізілген  дилерді  сақамен көздеп атып, сызықтан  ұшырып шығару керек. Петропавлдық Әсет Демесінов  үш партияның екеуінде қарсыласынан басым түсіп, қорытынды есепте бірінші орынға көтерілді. Екінші орын көкшетаулық Самат Әукеновке бұйырды. Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ескендір  Рахметов үшінші орынды місе тұтты.

Бұдан бөлек «Үздік сұрмерген», «Көрермендер көзайымы», «Жеңіске деген ұмтылысы үшін» аталым­да­рының жеңімпаздары анықталып, бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы