• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 19 Тамыз, 2019

Алыптар жайлы үш үзік сыр

1305 рет
көрсетілді

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адамдар болады. Ол аңыз біртуар азаматын сүйген ырза халықтың, мырза көңілінен туады. Ұрпақтан ұрпаққа жететін, соны туындыларымен ғана емес, азаматтық, ерлігімен де ел құрметіне бөленген Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жайлы да аңыз әңгімелер аз емес. Мен аңыз емес, өз көзіммен көрген, өзім куә болған жайлардан суыртпақтап сыр шерте отырып, қайталанбас хас таланттың көпке таныс емес кейбір қырлары мен сырлары жайлы әңгімелекпін.

Бірінші сыр

Жалғыз тамшы жас

Әлі есімде, 1969 жылы «Жазушы» баспасының проза редакциясында редактор болып жүрген кезімде баспаның директоры Ілияс Есенберлин шақырып алды да, кезекті қолжазбаны қолыма ұстатты. Қап-қалың қолжазбаны ашып қарасам «Суреткер парызы» деп аталатын мақалалар жинағы екен. Көлемі – көлдей, отыз баспа табақ. Авторы – Ғабит Мүсірепов. Мен өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын әрі паң, әрі кірпияз қаламгермен істес болуға жүрексініп, біраз қашқалақтап едім, Ілекең:

– Сені Ғабеңнің өзі қалады. Сөзді қой да, іске кіріс, – деп көнбеді. Қолжаз­ба­ны оқу барысында аңғарғаным – ж­инақты құ­растырған белгілі әдебиетші, фило­ло­гия ғылымдарының докторы Әбділ­ха­мит Нарымбетов Ғабеңнің әр жылдарда жа­зылып, әртүрлі газет-журналдарда жа­рия­ланған әдеби сын мақалаларын іздеп, табу бағытында аса ыждағаттылықпен еңбек еткен екен. Әйтседе, қолжазбада бір­ден көзге ұрып тұрған бір кемшілік – кезінде жазы­лып, кезінде айтылған сөздер үтірі, нүктесіне дейін өзгерместен сол күйінде ұсынылған. Уақыт тынысын сезіну, әдебиет тарихын зерделеу үшін бұл да жөн шығар. Дей тұрсақта, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, біраз елеп, екшеу­ді қажет ететін тұстар да баршы­лық еді. Бір ғана мысал, Ғабеңнің ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы туралы көлемі отыз беттік мақаласы бірыңғай сынау мен мінеу. Сын болғанда да Ғабеңе де, Мұқаңа да жараса қоймайтын ашық болғанмен тым ащылау сын екен. Мен көп ойланып, бұл мақаланы мына жинақтан алып қалу керек деп шештім. Осы ойымды алдымен бір бөлмеде бірге отыратын әріптес ағаларым Жайсаңбек Молдағалиев пен Мағзұм Сүндетовке айтып ем, олар мені қолдады. Ал Ілекең от басқандай ыршып түсті.

– Сенің есің дұрыс па?  – деп дүрсе қоя берді ол. – Ғабит Мүсіреповке түзету жасайтын сен кімсің? Әріп қатесін жөнде де, бір сөзін де қысқартпай қолжазбаны сол күйінде тезірек өндіріске жібер.

Қолжазбаны оқып болғаннан кейін Ғабеңе телефон шалдым.

– Ғабе, қолжазбаны оқу барысында біраз сұрақ туындады. Сіздің ақыл-кеңесіңіз керек болып тұр, – дедім атқақтай соққан жүрек лүпілін әрең басып.

– Иә, ... – деп аз-кем үнсіз тұрды да, – ертең сағат онда біздің үйге кел, – деді Ғабең.

Бұл менің Ғабеңнің үйіне бірінші рет келуім. Виноградов көшесіндегі 49-үйдің үшінші қабатына көтеріліп, 25-пәтердің қоңырауын бастым. Есікті Рая ашты. Дәлізді бойлай жүріп, солға бұрылдым да, зал арқылы Ғабеңнің жұмыс бөлмесіне өттім. Ғабең маған біртүрлі көңілсіздеу көрінді. Қабағы қатыңқы. Менің сәлемімді салқындау алған ол табалдырықтан аттай беріп тұрып қалған мені көз қиығымен бір шолып өтті де:

– Кел, ана орындықты ал да мына жерге отыр, – деп өзі отырған жазу үстелінің шет жағынан орын ұсынды. Қолжазбаны жазу үстелінің бір шетіне қойып еденнен төбеге дейін жеткен кітап сөрелеріне қарай қалған менің ойымды Ғабеңнің:

– Иә, – деп аз бөгеліп барып, – кәне, қандай сауалдарың бар? – деген даусы бөлді. Мен қолжазбаны алдыма жайып салып, «Осы қалай?» деген жайларды сұрап, суыртпақтап сыр тарта бастадым. Алғашқыдай емес етім үйрене келе еркін сөйледім. Содан Ғабең екеуміз екі күн бойы әр мақала, әр бетті мұқият қарап шықтық. Аздаған қысқартулар мен түзетулерге тез келіскен Ғабең «Хан Кене» пьесасы жайлы мақаланы жинақтап алып қалу жайлы ұсынысымды қабылдамады. Жастығым болар, мен де өз пікірімді дәлелдеуге тырысып бақтым. «Осыным бекер болды ма?» деп қобалжып жүр едім, арада үш күн өткесін Ғабең телефон соғып:

– Сенің сөзіңнің жаны бар екен. Сол мақаланы осы жинаққа қоспай-ақ қой, – деді.

Кейін «Суреткер парызы» баспадан кітап болып шыққанда Ғабең: «Бірінші қолға түскен данасын қадірлі інім, талантты інім Сәбитке тартамын, 10.08.1970 ж.» деп өз қолымен сыйлады.

Ерекше есте қалған екінші оқиға – менің повесімнің қолжазбасын оқып, пікір айтуы. Әдетте, Ғабең көркем шығарманы қарындашпен жазушы еді. Ұнамаған сөз, сөйлемдерін өшіргішпен өшіріп, қайта жазатын, айтар ойларының тезисін сия­мен жазыпты. Үшіншісі – Ғабеңнің ұсынысымен екеуміздің соавтор болуымызбен әйгілі фотошежіреші Блехман жайлы «Қымбат қазына» деген атпен көлемді очерк жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялауымыз. Ғабеңмен ұзақ жылдар бойы дәмдес-тұздас, пікірлес бола жүріп есте қалған тағы бір сәт 1980 жылы болып еді. Сол жылдың жазында Ғабит Мүсірепов бастаған бар болғаны он адамнан тұратын делегация Солтүстік Қазақстан облысына барып Сәбит Мұқановтың  сексен жылдығына арналған мерекелік шараларға қатынасып қайттық. Онда көргендер мен көңілге  түйгендер жеке еңбектің еншісі...

Ғабеңмен аралас-құралас болған жыл­дар­дағы бесінші бір белес – Олжас Сүлей­ме­новтің бастамасымен Жазушылар Ода­ғының жанынан құрылған ағалар алқа­­сында бірге жұмыс істеуіміз болды. Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, М.Қаратаев, Ә.Әбішев, Д.Снегин, З.Сәмеди, Ә.Сәр­сен­баев, Ә.Шәріпов сынды дара да дана тұлғалар тобында хатшылық қызмет атқара жүріп, аяулы ағаларымның талай тамаша қасиеттеріне тәнті болдым. Ол өз алдында бөлек, үлкен әңгіме...

1985 жылы 5 қаңтарда Ғабит, Ғабиден, Әлжаппар ағаларымды үйге шақырып, дастарқанымнан дәм таттырған сәтте де ғұламаларға тән талай ғибратты мол әңгіме естігенім де көкірегімде сайрап тұр. Үйге күндізгі сағат он бірде келіп, кешкі сағат сегізде тараған аяулы ағаларымның қалжыңдарының өзі қандай жарасымды еді! Преферанс ойнауды жақсы көретін олар айына бір рет біздің үйде бас қосып, әңгіме-дүкен құруға преферанс ойнауға уағдаласып еді-ау сонда.

1985 жылы қаңтар айының 20 жұл­ды­зын­да Ғабиден аға қайтыс болды жа, ол  ойлары орындалмады.

Абай атындағы опера және балет театрында Мұстафинмен қоштасу рәсімі өтіп жатты. Кеңсай зиратына барар алдында театр директорының кабинетіне келіп аяқ суытқан Мүсірепов маған қараған күйі ұзақ уақыт ойланып отырды да, бір сәт былай деді:

– Сәбит, Ғабиден екеуміз енді сенің үйіңе бара алмайтын, преферанс ойнай алмайтын болдық...

Осылай күйзеле сөйлеп, іштей күңіренген Мүсірепов терең күрсінді. Сол сәт оның жанарынан жалғыз тамшы жас үзі­ліп түсті.

 

Екінші сыр

Жазушының  шығармашылық үш ерекшелігі

Бір шығармасынан бір шығармасы асып түсіп жататын Ғабит Мүсіреповтің жа­зушылық шеберліктері мен жазу ерек­ше­­ліктерін сан салаға бөліп талдауға бо­лар еді. Мен әңгіме ұзап кетпес үшін хас шебердің үш ерекшелігіне қысқаша тоқ­тал­мақпын.

Алдымен жазушының шығарма­шы­лық лабораториясынан елес беретін аз ғана естелік. Жыл озған сайын алыстап бара жатқан сонау бір жылдары Мұхтар Әуезов мұражайында аптасына бір рет зия­лы қауым өкілдері аса көрнекті жазушы, ға­лым­дармен жүздесіп тұратын жақсы бір дәстүр бар еді. Кездесуге келген атақ­ты­ла­рымыз өмір мен өнердің өзекті тақы­рып­­тары жайлы әңгімелеп, көп­ші­ліктің көкейінде жүрген көкейкесті сұ­рақ­та­рына жауап беретін.

Әлі есте, бәрі есте. 1975 жылғы ақпан айының жиырма сегізінші жұлдызы, жұма. Сол күні кешкісін Ғабең Әуезов мұра­жайына дәстүрлі кездесуге келді. Ырға­ла басып, мінбеге баяу көтерілген Ғабең зал толы халыққа қыдырта көз тас­тап, аз-кем үнсіз тұрды да, әр сөзін баппен сал­мақтап, асықпай айтатын әдетімен сөйлеп кетті. Ғабеңнің құлаққа жағымды қоңыр даусымен жеткізген қуатты ойлары кәусар боп құйылып, жүрекке сіңіп жатты... Жазушының сол әңгімесін қойын дәптерге жазып алып едім. Ғабеңнің сонда айтқандарын еш өзгеріссіз сол күйінде баяндайын.

«Қадірлі жолдастар! Аз ғана ескерту керек болып тұр. Сабақ беру менің істемеген ісім, үйрету деген ыңғайым болмаған ісім. Мен қазақ әдебиеті туралы ойларымды және де өксітіңкіреп жүрген өкініштер, қыздырыңқырап жүрген наразылықтар туралы айтуға келдім. 1929 жылы ҚазАПП-тың қатарына алындым. «Тулаған толқында» деген повесім шыққан еді. ҚазАПП-тың билетіне қол қойған Тайыр еді. Асқар, Әбділдалар менен бұрын кірген. Бақытты екенмін. Алыптар тобының... өнегелерін көрдім. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит алыптар тобы. Мен осылардың шәкіртімін. Қазақ әдебиетінің ұлы атасы – Абай, әкелері – Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит. Сол үлкен топтан асып кеткеніміз шамалы, әлі жете алмай келе жатырмыз. Көркемдік, тереңдік жағынан олқы соғып отырмыз. «Тар жол, тайғақ кешу» енді ешкім жаза алмайтын кітап. Мен мұны ешқашан роман деген емеспін. «Абай жолы» роман, бәріміздің әлі құшағымызға сыя алмай келе жатқан роман. «Күй», «Күйші», «Құлагер» – Ілияс шыққан шың, соңғылардың шыға алмай келе жатқан шыңы. «Адасқандар» бұған жетті. «Шұға» алпыс жыл бұрын жазылған. Әлі жаңа.

Баспасөз бүгін ел болсаң ертең құрыла алатын орын емес. Драма, опера театр­лары, жазушылар одағы бес-алты адамның – алыптар еңбегімен құрылды.

Димаш Ахметұлы жұлдыз тап­сыр­ған­да, мен былай дедім: «Алып­тар орынын ауыс­тырайық, басында Сәкен тұрмасын» дей­тіндер бар екен. Ға­лым­­сымақ қазақ хандығы Петкадан бас­талады деп сая­си саудагерлік жасаған. Жазушы биігі өзі көтерілген биікте болады. Жазықсыз жазаға ұшыраған ақынның ақыретін жұлмалай беру қай көргендік?..»

Шалағайлау бола тұрса да «Тулаған тол­қынданы» Бейімбет, Ілияс, «Сен қайда жүрген қара пұшықсың?» – деп басыпты.

1932 жылы «Бесеудің хатынан» кейін жазалау жолымен Батпаққарға жіберді. О жақта алты ай жүрдім. Ілияс елдің ішінде. О кезде арада хаттар жүреді. Хаттар, әрине, сақталған жоқ.

Алыптарда бетке айту бар еді.  Отызыншы жылдар ортасында роман оқуға шақырды. Бір жастықта екі бас: Ілияс, Сәкен. Шашын бұрай түсіп, ысқырыңқырап қойып Бейімбет отыр. Ілияс: «Қой, ешкі, сиыр, жылқы бәрі араласып кеткен екен, бір жылсыз айыра алмассың», – деді.

Бейімбет аса момын адам еді. Мұхтар мен Сәбит «Ақан сері» туралы опера либреттосын жазды, аты – «Ақан». Мұхтармен қолдастық.

Қазір алыптар түгел, таусылды. Өкшелестер селдіреп қалды. Қалам ұста­ған­ның қалың көпшілігі жастар.

Жастарға айтарым: Шығарма белгілі оқиғалар тізбегі емес, өз ойыңда, жүре­гің­де қайнап шығып, оқушы жүрегіне құйылар жан сөзің.

Қоса, баса айтқым келеді:

Ескі өндіріс орынындағы үйінділер... Ғафу ана туралы өлең жазып еді, көлеңкелері көбейіп кетті. Қазір үш жүздей жазушы болса, екі жүздейі Алматыда, еңбекші өмірінен аулақ, өзін өзі танып отыр. Санбаев Павлодарға кетті, өмірді білуге... Әдебиеттің ішіне кіру, жазушыға көмек беру бәсеңсіп кетті. Тіл қасаңсып кетті. Өрісі тар. Сол жаныма батыңқырап жүр.

Өкініш:

А.Марченко «Абай» романын дат­та­ған. Соған бір пенде жауап берген жоқ. Ақтау керегі жоқ. Әдебиет институты, сыншылар үн қатпады. Совет әдебиетінің 40 жылдық тойын­да қазақ әдебиеті ауызға алынбады. Федин Әуезов сыйлық алғанда, Тихонов Сәбиттің 70 жылдығында айтып еді.

Қалай жазамын:

«Ұлпаннан» кейін той тойлап жүрмін. «Оянған өлкенің» екінші кітабы...

Өз басым өз үстелімнен басқа жерде жаза алмаймын. Белгілі уақытта жаза алмаймын, телефоннан кейін екі сағат, арыздан соң бес сағат...

«Қозы – Көрпешті» 15 күн, «Ақан Серіні» 12 күн, «Оянған өлкені» 8 ай, «Ұлпанды» 2 ай, «Қазақ солдатын» 45 күн, «Кездеспей кеткен бір бейнені» 1 ай жаздым.

Уақытымның көбі жазуға әзірлікке, ойлануға кетеді.

Қайырғалимен 3 ай отырдым.

«Оянған өлкеде» бір жарым жыл тақы­рып­ты төңіректеп жүрдім. Қара­ған­дыға бес-алты рет бардым. Әрнәрсеге әркімнің көзімен қарадым, «Көкөзек» Ушаков үшін не, Игілік үшін не, көлікші үшін не?..»

Сол бір кеште Ғабең айтқан сол бір әңгі­ме арада елу төрт жыл уақыт өтсе де маңызын жойған жоқ.

«Оянған өлкеден» басталып «Жат қолын­дағыға» жалғасқан шығармалар шоғы­рында Ғабең қазақ жұмысшы тобы­ның қалыптасуын ғана емес, ұлттық сана­ның өсуін де сом тұлғалы соны бейне­лер арқылы өзіне тән сұңғылалықпен сұлу суреттеп берді. Бұл – бір. Екінші – «Кездеспей кеткен бір бейнеде» қазақтың зиялы қауымының биік бейнесін Сәкен Сейфуллин тұлғасы арқылы танытқан хас шебер «Сөз жоқ, соның іздерінде» отыз жетінші жылдың трагедиясын қазақ әдебиетінде ең алғашқылардың бірі болып астарлы ойлармен ажарлы ашты.

«Дүниеде әйелдің көзінен артық қы­зық­­тыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қандай да байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосылып келіп мойы­ныма асыла кетсе, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім». Оралып өтуге болмайтын жазушылық үшінші ерекшелікті Ғабеңнің үш жүз отыз жетінші қойын дәптеріндегі осы сөздерге орайлас өрбітуге болар. Ана туралы әңгімелерінен басталып, «Ұлпанға» ұласқан шоқ жұлдызды шығармалар шоғырында Әйел – Аналардың сымбатты бөлек сұлулығы мен ұлылығы қос өрім боп қабат өріледі. Әйгілі Ақан сері: «Сенің аппақ көкірегіңе  шыбын қонса қызғанамын» деп шексіз сүйген ажарына ақылы сай Ақтоқты; күйлі, мұңлы Қозыға: «Жел Баян деп ызыңдайды, көл Баян деп толқиды, тау Баян деп тебіренеді, анам Баян деп мұңаяды. Соның бәрі бір Баян – қыз Баян, қайда сол Баян?!» дегізген сұлу Баян сынды сан қырлы, алуан сырлы образдар галереясы – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл қазыналар.

«Ең жаман деген әйелдің қолынан адам жасау келеді» дейтін Ғабеңнің құнарлы қаламынан «Әйел асқақтаса – жылағаны, еркек асқақтаса – құлағаны», «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе – жеңеді» деген секілді мақал, мәтелге айналып кеткелі тұрған қанатты сөздер де көптеп туды.

Әдебиет білгірлерінің бірі Георгий Ломидзе Ғабит Мүсірепов туралы «Та­лант­тың қыран қанаттары» атты мақа­ласында бүй дейді: «Мүсіреповтің жазғандарынан ештеңені алып тастау да, қосу да мүмкін емес. Ол ең сара да салмақта сөзді сараптай біледі». Жалғыз Ломидзе емес, сөз сәулесін, сөз салмағын түсінетін әдебиетші де, оқушы да Мүсірепов талантына тәнті.

Әлем әдебиетін жаңа бір биікке кө­тер­ген «Жапон балладалары» сынды жау­һар­ларды айтпағанның өзінде біз шолып өткен осы үш ерекшеліктің өзі-ақ Ғабит Мүсіреповтің көркемсөздің аса көрнекті шебері екендігіне айқын айғақ.

Таланттар да тау сияқты. Алқаракөк шың­дары аспанмен таласқан асқар тау­лар­ға алыстан қарасаң – суық сұсты, жанына барсаң – ол жел жақтағы – саяң, ық жақтағы – панаң. Өзіміздің Ғабең – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов те сондай, тау тұлға­лы, тау мінездес талант еді!.. 

 

Үшінші сыр

Жазушының азаматтық үш ерлiгi

Шілденің шіліңгір ыстығы тәнді, сая­са­ттың аңызақ аптабы жанды шыжғырып тұрған әйгілі 1932 жыл. Күнмен бірге Ғабит Мү­сіреповтің де жүрегі жанып тұр. Көңіл нала, жаны жара жазушы көп ойланып, көп толғанды. Аштықтың қанды шеңгелі бүріп, қан қақсаған халқына ара түсуге бекінген ол жазу үстеліне отырды. Сол күні шілде айының бірінші жұлдызында дүниеге келген «Бесеудің хаты» араға бірер күн салып өлкелік партия комитетінің  бірінші хатшысы Голощекиннің алдынан бір-ақ шықты. Оның бір данасы Кремльдегі «күн көсем» атанған Мәскеудегі мұртты патша Сталинге де жеткен еді.

Қазақ зиялыларының ашынғаннан шыққан ащы дауысын елдің бірінші басшылары өшпенділіктің қара қаза­нында бұрқ-сарқ қайнаған кекпен қабылдады. Оқты көз, отты сөздің соңы сол хаттың негізгі авторы, жазушы Ғабит Мүсіреповті қыстың көзі қырауда қиян шеттегі Қостанайдың алыс бір түкпіріндегі Аманкелді ауданына ұзақ мерзімді іссапарға жіберумен аяқталды. Мылтықсыз майданда бет пер­де­сі сыпырылған биліктің ондағы ойы бесе­неден белгілі болатын. Оның берісі «аштан қырылып жатқан халықтың ортасына айдап салған айшылық, алыс сапар «тентек жазушыны» тезге салып, тәубесіне келтірсін», әрісі «өзі де сол аштармен бірге өлмесе өрем қапсын» еді. Құдай сақтап, қазақтың бағына бұл азапты да ауыр, қиын да қатерлі сапардан ол Алматыға аман-сау оралды.

Бұл жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзінің саналы ғұмырындағы халқы үшін жасаған бірінші ерлігі еді.

Сөйткен қайран Ғабең арада бес жыл өткенде басын бәйгеге екінші рет тікті. Бұл оқиға былай болып еді.

Жақсылардың басын жалмаған әйгілі 1937 жыл. Өлкелік партия комитетінде «ха­лық жауы» Бейімбет Майлин жайлы жиын өтіп жатты. Жиынды басқарып отыр­ған биік билік иесі:

– Жазушы неге үндемейді? Бұл мәсе­ле­де­гі Мүсіреповтің пікірін білейік, – дейді.

Орнынан тұрып, ырғала басып биік мінбеге көтерілген Ғабит Мүсірепов зал толы халыққа қыдырта көз тастап алды да, былай деді:

– Тарихтың тар кезеңінде жазушы үнсіз қала алмайды. Бейімбет жау болса, мен де жаумын!

Бұл ерлік те қымбатқа түсті. Өлкелік партия комитетінің жауапты қызметкері Ғабит Мүсірепов жұмыстан қуылып, партбилеттен айрылды.

Бұл оқиға 1985 жылдың 28 желтоқ­са­нын­да болған еді. Ғабең «қалам ұстауға халі болмағандықтан көңілін сұрауға ауруханаға келе қалған Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Мағауинге айтып жаздырған» сол соңғы хат – соңғы ерліктегі сом алтын сөз, ақырет сапарына аттанып бара жатқан сәттегі ақырғы тілек мынау:

«Туған елге соңғы сөз. Кешегі өткен Ғабиден досқа: «Енді екі жыл жүрсек жетпей ме?!» дегенім бар еді. Сол мөлшерім мөлшер екен. Қойны суық қасиетті қара жер құшағына, міне, мен де кеткелі жатырмын.

Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам, қуа­ны­шым да, ренішім де мол екен. Жаңа Қазақ мемле­кетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде, саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиеті атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы...

Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!»

Бұл өзінің бүкіл саналы ғұмырында қара басының емес, халқының қамын ойлап өткен, ұлттың рухын көтерген сұңғылы суреткер  Ғабит Мүсіреповтің үшінші – ең соңғы ерлігі еді.

Сол күні қазақ халқы Ғабит Мүсіре­пов­пен ғана емес, небір сын сағаттарда мықтылардан ықпаған, соңғы демі бітер сәтте де ерлік туын жықпаған алыптар тобының ең соңғы өкілімен қоштасып еді... 

Сәбит Досанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 Алматы