Марапатталғандар алдында сөйлеген сөзінде Төраға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойының маңызы туралы айтты. Осы жылдарда қол жеткізген табыстарымыздың бәрі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты және барша қазақстандықтар Елбасының төңірегіне топтаса түскендіктен, болашаққа сеніммен қарайды. Әлемдік тарихтың көзімен қарағанда, 25 жыл деген көзді ашып-жұмғанша өте шығатын өте қысқа мерзім, бірақ осы кезеңде бізде атқарылған істер ғасырларға татиды. Бұл 25 жыл алға ұмтылған біздің халқымыздың жеңістері мен табыстарынан құралған. Біздің табысымыздың ең басты факторы Мемлекет басшысының болашағымызды көре білген, ұлтымызды жоғары мақсаттар жолына жұмылдыра білген көшбасшылық дарыны болып табылады. Бұл туралы ел Парламенті қабылдаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясында айқын көрсетіліп, анық жазылған, деді Н.Нығматулин.
Одан әрі марапаттарды тапсыру шарасы басталды. Мемлекеттік және қоғамдық істерге сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі мен этностар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева мен депутат Жанат Жарасов «Парасат» орденімен, депутат Ахмет Мурадов ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. «Құрмет» орденімен депутаттар Меруерт Қазбекованың, Евгений Козловтың, Айгүл Нұркинаның, Тұрғын Сыздықовтың, сондай-ақ, Мәжіліс аппараты жетекшісінің орынбасары Дастан Махаев пен бөлім меңгерушісі Аманбек Рамазановтың еңбектері аталып өтті.
Депутаттар Наталья Жұмаділдаева, Магеррам Магеррамов, Бақтияр Мәкен, Ирина Унжакова, сондай-ақ, палата аппараты бөлім меңгерушілерінің орынбасарлары Айман Төкиева мен Мұратбек Әмірбеков және бас консультанттар Зәмеш Кеңесқызы мен Ольга Абрамова марапатталды. «Шапағат» медалін депутат Жанат Омарбекова алды. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелян мен аппарат секторының меңгерушісі Наталья Лотованың еңбектері «Ерен еңбегі үшін» медалімен аталып өтті.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары тұтастай Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бірқатар мәжілісмендер мен аппарат қызметкерлері ТМД Парламентаралық Ассамблеясы мен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының наградаларын алды.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»