Тілдің тиіп кетсе жарылып қалатын қағанақ емес екені рас. Бірақ жазудан, әдебиеттен «қазақтың тіліне иненің жасуындай пайда-зиян келмейді» деудің түк қисыны жоқ. «Еліктен күшті нәрсе жоқ. Атасы маймыл адам, басшы доға исе, бәрі де маймылшалап, доғашы бола қоям деп ойлайды» («Ақ жолдың» № 435 басылған қып-қызыл жолдастың сөзі). Бұған шек келтіруге болмайды. Бұл – жан тілінің заңы, мұны неше түрлі дәлелдермен ыспаттауға болады. Жақшаның ішіндегі қып-қызыл жолдастың беделіне сенбей, дәлел керек қылушылар болса, «Ақ жолдың» сол №435-тегі қып-қызыл жолдастың келтірген дәлелдерін тексерсін, менің білуімше, сонда айтылған дәлелдердің өзі де кісі қанағаттанарлық. Жазу, әдебиет тілге әсер бермей қоймайды. Бұған адамның маймыл мінезділігі кепіл. «Адам да, құс та, аң да – бәрі де жан иесі мақұлық» деген сөзді Жүсіпбек «адамда, құста, аңда ...» деп, «да»-ны қосып жазатын болса, оны еліктейтін маймылдар табылмай қалады деуге болмайды. Олай жазуды Ушаков, Раумер, Томсон, Павелдердің беделімен қисындырып, ереже қылып шығарсақ, тіл бұзылмай қоймайды. «Адам да» деген екі сөз. Оқымаған, Жүсіпбекті еліктей алмайтын қазақ оны екі сөз қылып, «адам»-ның «Д» мен «М»-ның арасындағы дауысты «А»-сын көтеріп айтады; «Адамда» деген (мәселен, адамда ақыл болады дегенде айтылатын «адамда») – бір сөз. Қазақша сөйлей білетін қазақ оны бір сөз қылып, «Д» мен «М»-ның арасындағы «А»-ны көтермей, ең соңғы «А»-ны көтеріп айтады»*); «Адам да» деген екі сөзді бір сөзге ұсатып, «адамда» деп жазатын болған соң, оны оқушы жазылуынша оқып, «Д» мен «М»-ның арасындағы «А»-ны көтермей, аяғындағы «А»-ны көтеретін болады. Хат танитын беделді азаматтар Жүсіпбекті еліктеп, сөзді бұрып сөйлейтін болады; қара бұқара беделді азаматтарын еліктеп үйренген. Сондықтан олар да жүсіпбекшелеп, сөзді бұрып сөйлейтін болады. Сонан соң қазақтың тілі бұзылмай амалы жоқ.
Дұрысында жазудың, әдебиеттің қызметі тілге әсер беру, құбылмалы тілдің құбылысына басшылық қылу емес, тілдің түрлі қасиетін, сөздің түрлерін (қолдан келгенше) бірінен-бірін айыра танырлық қылып, ашып көрсету. Бұл қызметті атқара алмаған жазу, жазу емес, лекер. Пайдасынан зияны артық лекер. Тілдің бар қасиетін жасырып, өзінде жоқ қасиеттерді туғызуға бет алған жазу әдебиет – жалған жазу, жалған әдебиет болады.
Дыбысшылдардың әуейін басу үшін келтірген Жүсіпбектің Ушаков профессорымен дауласа алмаймыз. Ол кісінің беделіне біз де тұрамыз. Көрмесек те Раумер, Томсондарға да қарсылығымыз жоқ (бұлардың Жүсіпбек келтірген беделді сөздері Ушаковтың «Русское правописание». Москва, 1911» деген кітабының 9-шы бетінен көшірілген. Ол сөздердің дұрыстығына Ушаковтың келтірген дәлелдері де жетерлік. Олардың өздері нендей дәлел келтіргенін Жүсіпбек те білмейді. Көрмеген Раумер, Томсондардың беделді сөздерін бетке ұстауды қазақша «қара борандату» дейді. Жүсіпбекше «қара борандатудың» не екенін мен түсіне алмадым). Ушаков ол беделді сөздердің жөнімен орысша жазу ережелерін тексерген. Ол беделді сөздерді Ушаков тіл жүйесі тексеріліп, бір қалыпқа түскен, дыбыс таңбалары артықтық қылмаса кемдік қылмайтын орыс тілі үшін келтірген. Оны әкеліп қазақ тілінің жазу ережесі үшін бетке ұстау орынды болғанмен, жеткілікті болмайды. Ушаковтың қазақ тілін тексергені бар ма, жоқ па – оны мен білмеймін. Жоғарыда айтылған кітабынан қазақ тілін білмеген болар деп жоруға болады. Қазақ тілін білсе, «Ъ»-ты қазақтың «Ы» я «Ұ» дыбыстарының бірімен салыстырар еді. Оны істемеген. Қазақ тілін, қазақша жазу ережелерін тексергенде кісі қанағаттанарлық дәлел келтіру мүмкін болмаса (табылмаса, я газет бетіне симайтын болса), беделді кісінің беделді сөзін келтіруге болады. Бірақ ондайда беделіне жұрт сенерлік кісілердің беделді сөздерін келтірген артық. Меніңше, қазақ тіліне келгенде Ушаков, Томсондардан Байтұрсынұлы Ахмет, Досмұхамбетұлы Халелдердің беделі құдайдай. Халел «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген кітабында: «Он тоғызыншы ғасырдың екінші бөлімінде қазақ елі отырықшы бола бастады да, өзара араласуы кеміді. Көршілес отырған «әдебиеті» бар ноғай-сарттардың тілі отырықшы елдің арасына жайыла бастады. Осы ағайындар арқылы бірқатар парсы, араб сөздері өзгермей тілімізге кіре бастады», – деп ноғай-сарттар мектебінің жазуы қазақ тілін бұза бастағанын айтады. Халел оны жүсіпбекшелеп айта салмай, толық дәлелдермен ыспаттаған. Жүсіпбек қазақ тілін менсініп, қазақ тілін тексерген Ахмет пен Халелдің сөздерін оқыса, «Қазақ тілі араб, парсы, татар, сарт, миссионерлер әдебиетінің ықпалына жүріп, айдауына көнбеді» демес еді. Халел айтқан дәуірде қазақ тіліне сіңіп кеткен «Кәмила», «Мәрия», «Жәмила» сықылды толып жатқан сөздер бар. Бұл сөздер Жүсіпбектің түсінуінше қазақ тілін жандандыратын болар. Халел ол сөздерді сау жерге шыққан шиқанға меңзеп отыр. Дұрысында, ол дәуірдің қазақ тіліне әсері болмауға тиіс еді. Ол дәуірде қазақ тілін бұзарлық әдебиет бола қойған жоқ. Қазақ тілінің сол шамалы дүмпуілге де шыдай алмай, «Кәмила», «Жәмила»-ларды бойына сіңіріп алғаны дүниеде еліктен күшті нәрсенің жоқтығын ыспаттайды.
Жүсіпбектің «Соңғы сөзінде»: «Елдестің негізі – тіл құрал, естілу. Менің негізім – көбінесе іске қолайлы (практика) жеңілдік, қала берсе естілу», – дейді. Мұнысы – жала. «Жазудың жеңіл болу жағын ескерудің керегі жоқ», – деп мен ешқашан да айтқан емеспін. «Еңбекшіл қазақтың» № 195-де басылған «У» мен «Й» деген мақаламда «Үу», «Ю», «Я»-ларды жалғыз «У», «Й»-мен жазсақ, іс жағынан да қиын болатын көрсеткенмін. Жүсіпбек: «Дыбысты, буынды өзгелерге еліктеп, дыбыс әдісін қолданғандықтан алып отырмыз. Дыбыс буыннан безіп, ертең Америка әдісіне түсетінімізге басқалар шек келтіргенмен, Жүсіпбек екеуіміз шексіз сенеміз. Бірақ дыбыс пен буын тек бала оқыту үшін ғана емес, басқа орындарға да керек. Буын, сөздің буыны ең алдымен жыршыларға, ақындарға, Жүсіпбектің қара басына керек. Жүсіпбектің ән шырқап, «Қалияны» айтқанда «Ойпырым-ай Қалия-ай», – деп созады. «Қалияны», «Қал-иай» деп буындайды. Өйтпей «Қали-ай» деп буындап созуға Жүсіпбектің ақындық сезімі бастырмайды.
Жүсіпбектің «соңғы сөзінде ұсынған жобаларынан меніңше қисындысы:
Дәйекшіні қалдырмай жазу;
«Т» естілген жалғау, жіктелулерде, «Д» жазбай, естілуінше «Т» жазу (бұл жобаны мен білім кеңесіне ұсынып, кеңес оны мақұлдап еді. Мен оны кеңестен бұрын ауызекі Жүсіпбектің өзіне де айтып едім. Жүсіпбек те мақұлдап еді. Енді оны менімен айтыс ретінде ұсынып отырғаны – қара боранның дәл өзі емес пе?). «Да», «Де», «Ма», «Ба» («Ме», «Бе»), «Ғой», «Ғана»-ларды алдындағы сөзге қосып жазамын дегені қисынсыз. Ол жазуды жеңілдетпейді, қиындатады. Онда мағынасы да, естілуі де түрлі сөздерді бірінен-бірін айыра алмайтын қылып шығарамыз. «Келсе игі еді» деген сөзді жүсіпбекшелеп «келсеигеді» деп жазатын болсақ, «Қара ала атқа ұсаған аса ойнақы ат қолға ұстатпайды» деген тоғыз сөзді үш сөз қылып, «қаралатұсаған асойнақат қолғұстатпайды» деп жазуымыз керек. Сөйтсек, бұл сөздерді осылай тізіп айтқанда естілмей қалатын дыбыстарды жазып әуре болмаймыз. Жазу жеңілденеді және ықшамдалып бір сөз болып бара жатқан «қаралатұсаған» деген сөздің бірігіп кетуіне бөгеу болмаймыз. Жүсіпбектің бұған да қол қоюы мүмкін. Жүсіпбек мұны да жеңілдік деп білер. Бірақ «қаралатқұсаған»-ның бір сөз емес екенін, оны қосып жазудың қисынсыз екенін көрсетуге оқушыдан ұялып отырмын.
«У» мен «Й» туралы Жүсіпбектің түк дәлелі жоқ. «Ілгеріден тілеуіміз болса», – деп отырғаны дәлел емес, «қара боран». Сондықтан онысының қисынсыз екенін көрсетудің де кажеті жоқ.
«Қажет», «қасиет», «қаражат» сықылды сөздерді әркім әртүрлі айтады. Ондай сөздерді қалай жазу керек екенін Халел толық дәлелдермен түсіндіріп, көрсетіп отыр. Жат елдің сөзін бұзбай айта алатынын көрсетіп, мақтанатын азаматтарымыз ол сөздерді «хажат», «хасиет», «харажат» деп жүр. Бірақ елдегі бұқараның оған тілі келмейді: «қажет», «қасиет», «қаражат», – дейді.
Адамда ес бар, зейін бар. Адам есімен көрген-білгенін жаттап алады, зейінімен көрген-білгенін оңай жаттайтын қылып жүйелейді. Бір ауыз сөзіне түсінбей, құранды жаттап алуға болады. Оған зейін керек емес, тек ес керек. Жиегі 12 кез шаршы (ұзыны да, ені де 3 кезден болған) дастарханнан жиегі 12 кез дөңгелек дастарханның матасы 1¼ есе артық болатынын (шаршы дастарханнан 11 орамал шықса, дөңгелек дастарқаннан сондай 14 орамал шығатынын) түсіну үшін зейін керек. Адамның зейіні көрген-білгенін жүйелеп түсінуді тілейді. Зейіннің сол қасиетінің арқасында адам табиғаттың неше түрлі заңын тауып отыр. Осымен сол тапқанын ұмытпайтын болып жаттап алып отыр. Ес те, зейін де жылдан-жылға өрбіп, ілгерілеп барады. Ілгеріден тілеуіміз жоқ емес, кім біледі, бір кезде ес кемеліне жетіп, көрген-білгенін түсінбей-ақ, жүйелемей-ақ жаттап алатын болар. Міне, іс сөйтіп жетілгенде түрлі ұғымдарды жүйелеп, тап-тапқа бөлудің керегі болмайды. Біз әзір ол дәуірге жеткеніміз жоқ. Адам баласының ақылы әзірге жүйелеу дәуірінен шыға алмай жүр. Сондықтан бұл күнгі адам көрген-білгенін жүйелемей қоймайды. Ақылдың жүйелеуді тілейтін қасиеті, әсіресе, оқу жасындағы балаларда күшті болады. Оларға жазу үйреткенде, заң, ереже деген ештеңе жоқ, әр сөздің дербес сүгіреті болады деп, әр сөздің сүгіретін өз алдына жаттап алуға қоссақ, оған бала қанағаттанбайды. Зейінді бала түрлі сөздердің сүгіреттерін жаттай келе, жазу ережелерін өзі ойлап табатын болады. Таба алмаса, «Бұл неге бұлай?» деп мұғалімнің мазасын алады. Оқыған сабақта жүйе болмаудың жөні жоқ. Жүсіпбек тілдің заңы, ережелері болуына қарсы. Сол қарсылығымен соңғы сөзінде ұсынған жобаларын да жүйелемей ұсынып отыр: «Барған-бысын» деген сөзді «барғанбысың» деп жазу керек; «Атты кісі мылтық атды» демей, «Атты кісі мылтық атты» деп жазу керек», – деп бірқатар сөздердің сүгіретін көрсеткен. Оны қалай жүйелеу керек екенін айтпайды. Өйткені өзі жүйеге қарсы. «Ы» туралы ереже болмасын, жазған кісі жазар, жазбаған кісі жазбас, жүре келе ондай «меньшевиктер» (біз «меншебек» деп жазушы едік, Жүсіпбектің көрсеткен сүгіреті бұзылмасын деп, әдейі жазып отырмын) өзі-ақ шығып қалар дейді.
Жүсіпбек ұсынған сүгіреттердің бірсыпырасын мен өзімше жүйелеп, тексерген болдым. Енді қалғанын Жүсіпбектің өзі (я болмаса алдағы съезде ол үшін басқа біреу) жүйелемесе, мен ерініп отырмын.
* Қазақша сөздің ең соңғы буынындағы дауысты дыбысы көтеріліп айтылады. Бұл қазақ тілінің заңы.
Елдес.