Күздің мизам шуағына бөленген ел астанасында әлем әдебиетінің жылнамасына еніп, тарих бетінде қалатын Азияның қабырғалы қаламгерлері жиналған басқосу өтуде. Сары құрлықтың азулы ақын-жазушылары Азия әдебиетінің бүгінгі ахуалын талқылауға қазақ сахарасына арнайы ат басын бұрыпты. Игі шараға әр тараптан жиналған пікірлестерді тек сөзге, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар халықтардың тағдырын көздеген зор қамқорлық та біріктіріп отыр.
Кеше Нұр-Сұлтан қаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өз жұмысын бастады. Азиялық ақын-жазушылардың жиыны 300-ден астам қаламгердің басын қосты. Оның ішінде 38 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одақтары мен ассоциацияларының төрағалары бастаған 70-ке жуық шетел қаламгері бар.
Әдеби форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашты.
«Азия ақын-жазушыларының алғашқы форумы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өткізілуде. Біздің халқымыз рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетті жан-жақты қолдауға әрдайым аса үлкен мән береді. Бұл берік ұстаным тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жаңа сипат алуда. Қазақ әдебиеті – халқымыздың санғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына. Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары БҰҰ-ның алты тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни 2,5 млрд оқырманға тарайды.
Ұлы даламыз сан алуан өркениеттер мен мәдениеттердің куәсі. Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін жалғаған тоғыз жолдың торабында орналасқан. Біз бір кездері Ұлы Түркі қағанатынан мирас болған түркі тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалыптасқан ұлы мұралармен тығыз байланысты.
Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі. Шығыс мәдениеттері сан алуан сипаттарына қарамастан, өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақтығысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да осында. Соңғы жарты ғасырда Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді. Шығыс мемлекеттері әлемдік алпауыттар қатарынан нық орын алды. Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу – форумның тағы да бір маңызды міндеті деп санаймын. Шығыс даналарының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын.
Батыс технологиясы Азия руханиятымен үндесіп, шығыстық жаңғыру үрдісін дүниеге әкелді. Қалаларда шығыс әлемінің болмыс-бітімін насихаттайтын креативтік класс пайда болды. Рухани байланыстарды кеңейту жаңа замандағы Азия халықтарының біртұтастығының кепілі. Біз бұл үрдісті қолдап, әлем халықтарының ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосуға тиіспіз.
Түркі, Қытай, Үнді, Араб, Парсы елдерінің көптеген көне жәдігерлері дәуір сынынан сүрінбей өтіп, бүгінге дейін жетті. Бұл мұралардың құндылығы неде? Көне ескерткіштердің негізінде жатқан жалпыадамзаттық құндылықтар әдебиет арқылы әлемге таралды. Әр оқырманның көкейіндегі сауалдардың жауабы мен жаһандық мәселелердің шешімі де дәл осындай туындылардан табылады», деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар форумның салтанатты ашылуында Мемлекет басшысы бірнеше маңызды мәселеге тоқталды. «Жаһанданудың шығыстық дәстүрі нақты сипатқа ие болып, кеңейе түсуде. Мысалы, қазір Ұлы Жібек жолының экономикалық мән-маңызы ғана көбірек айтылады. Шын мәнінде, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге, әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты.
Алдымен Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек.
Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті. Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін. Бүгінгі форум жұмысына табыс тілеймін», деді ел Президенті.
Әдеби форумның пленарлық отырысында Нобель сыйлығының номинанттары Ко Ын (Оңтүстік Корея), Моза әл-Малки (Қатар), Мэнд-Ооёо (Моңғолия), Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты Амар Митра (Үндістан), Әзербайжанның халық жазушысы Анар Рзаев және т.б. спикерлер баяндама жасады.
Халықаралық «Манхэ» әдеби сыйлығының, «Гриффин» поэзия сыйлығының лауреаты, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының номинанты кореялық Ко Ын Арқа төсіндегі ауқымды шараның Азия әдебиеті тарихында баламасы жоқ екенін атады.
«Бүгінгі жағдайды зерделей отырып, Азияның әрбір бөлігі, әрбір елі, мәдениеті өзінің түпнұсқа бейнесін тапса деген ойға келдім. Азия Еуропа сияқты біртұтас емес екені анық. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Бірақ біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен туыстасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия – табиғи ерекшеліктердің, тау мен даланың, шөл мен көлдің астасып жатқан әлемі. Осы әркелкілік әдебиетке де тән. Азияның діндері мен философиялық жүйесі де терең әрі күрделі. Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден тарады. Кейін ол Қара теңіз арқылы бүкіл әлемге жайылды. Азия қайтадан түлеп, жаңа нүктеден бастауы керек деген ойлар да айтылады. Меніңше, әрқайсысымыз еркін болуымыз керек. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз қажет. Тіпті кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жасартты, тың леп қосты. Бауырлас жазушыларға қарап отырып, Азия әдебиеті бүгіннің әдебиеті, Азияның әдебиеті жаңа ғаламшарлық әдебиет деген ойға келдім», деді кореялық ақын.
Әлем әдебиетіндегі поэзияның даму қарқынына тоқталған моңғолиялық жазушы, Нобель сыйлығының номинанты Мэнд Ооёо «Әлем әдебиеті және Азия поэзиясы» атты баяндамасында: «Бүгінгі технология алға озған заманда адамзаттың төл табиғилығы, тілі мен мәдениеті жойылып, поэзия құнсызданған күйде. Тіптен кейбір тілдер мүлдем азып, жойылып, жоғалып барады. Сонымен бірге поэзияға әсіресе Батыстың әсері күшейіп, түрлі «измдер» тығырыққа тіреуде. Адамзат өркениетінің поэзия теңізінен терген жауһары секілді «Антологияға» Азияның айрықша ұсынар жаңалықтары енуі керек. Әуелі Азия құрлығы елдерінің ерекше ілтипатымен «Азия поэзиясының антологиясы» көп тілге тәржімаланып шыққанын қолдаймын. Бұл прозаға да әдебиеттің өзге жанрына да қатысты сөз. Біз қашанға дейін Батыстың қабағына қарап, қолына телміреміз?» деп атап өтті.
Пленарлық отырыстың екінші бөлімінде сөз алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік 1973 жылы өткен Азия-Африка елдері қаламгерлерінің V конференциясын тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті. «Әр ел болған соң тілі, ділі, дәстүрі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ біз бәріміз бір тілде күлеміз, бір тілде мұңаямыз, бір тілде қуанамыз, бір тілде жақсы көреміз. Өйткені ізгілік, адамгершілік, махаббат деген ұғымдар барлық елде бірдей. Ал енді осы құндылықты біздің санамызға сіңірген – көркем әдебиет. Әдебиет шын мәнінде сапалы әдебиет болса, бір халықтың шекарасында қала алмайды. Ол басқа да ұлттардың кәдесіне жарап, бүкіл адамзаттың игілігіне айналуға тиісті. Мысалы, мен Жапонияда болған емеспін. Бірақ жапондарды жақсы көремін. Ал жақсы көргізген жапон әдебиетінің әйдік өкілдері – Кавабата, Акутагава, Мисима, Кобо Абэ, Сакио Комацу. Кезінде Сакио Комацудың «Жапония сатылады» деген бір ғажайып әңгімесін аударған едім.
Қазақ әдебиетінде әлемге ұсынатын шығармалар баршылық. Тек сапалы аударылса болды. Ал аударма мәселесі бізде дұрыс жолға қойылмаған. Қазақ руханиятының көсемі Абайды әлі жаһанға таныта алмай жүрміз. Жақсы аударма шығу үшін адамдар бір-бірін жақсы көру керек. Шығарманы сүю керек. Сондықтан мына әлемнің әр жерінен келіп жатқан пікірлестерге айтарым: Абай мен Махамбетті аударуға көмектесіңіздерші. Сонда сіздер қазақты таныр едіңіздер», деді қаламгер.
Конгресс-орталықта өтіп жатқан жиын аясында «Азия әдебиетінің жауһарлары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Форум бағдарламасында TED форматындағы «ASIAN LitTALKS» форсайт сессиясы, көрнекті жазушылардың жеке шеберханасы, «Қаламгерлер аллеясының» ашылуы, Орталық Азия қаламгерлері мен жас ақын-жазушылардың шығармашылық кездесуі, т.б. іс-шаралар бар.
Елорданың төрінде жиналған қаламгерлер қауымы үш күнге созылатын форумда Азия әдебиетінің даму үдерісі, азиялық авторлардың құқықтарын қорғайтын ортақ бірлестік құру, Азия елдері қаламгерлері арасында Халықаралық сыйлық тағайындау сынды мәселелерді талқыламақ.