• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қыркүйек, 2019

Дипломмен ауылға аттанғандар қалаға неге қайтады?

1983 рет
көрсетілді

«Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масының үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқанына биыл 10 жылға жуықтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолда­уында бағдарламаға бөлінетін қаражатты 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Оның бірден-бір себебін ауылдық мектептерде педагог кадр­лардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Ауылға аттанған жас мамандардың міндетті үш жылдық еңбек өтілін өтеп болған соң, қалаға қайтып кететіні жасырын емес. Оның себебі неде?

Бағдарламаның игілігін көргендердің басым бөлігі – педагогтар

Бұл бағдарлама негізінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалар бойынша жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Мемл­екеттік бағдарламаны іске асырумен айналысатын Ұлттық экономика минис­трлігінің ақпаратына сүйенсек, «Дипломмен – ауылға!» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2018 жылға дейін) 60 мыңнан астам маман 7,4 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 27,5 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 70,6 млрд теңге сомасында бюджеттік кредит алыпты.

 

Осы жоба аясында ауылдық жер­­лерге жұмысқа тұрған маманға мем­лекет тарапынан көтермеақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынылады. Яғни, тек 70 айлық есеп­тік көрсеткішке тең сомада бір­жолғы көтерме жәрдемақы және қа­жеттілігіне қарай тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жыл­дық 0,01 пайыз мөлшерiндегі сый­ақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау ша­ра­ларын алу мүмкіндігі бар. Әлеу­меттік көмек алған маман ауылды елді мекенде кемі үш жыл жұмыс істеуге міндетті.

Осы уақыт ішінде бағдарламаның игілігін көргендердің көш басында білім саласының қызметкерлері тұр. 10 жылда 42 745 педагог дипломмен ауылға аттаныпты, бұл бағдарла­мамен жұмысқа орналасқан бар­лық сала мамандарының 71,2 пайы­зын құрайды. Қалған сала қыз­мет­­керлерінің үлесі 13 пайыздан аспайды. Сондықтан білім беру қызметкерлері осы бағдарламаның өзегі деуге болады. Бірақ сарап­шылардың сөзіне сенсек, диплом­мен ауылға барған мамандардың ішінде көбіне-көп қалаға қайтадан қайтып кететіндер де – педагогтар. Мұның себебін «Ақ­параттық-талдау орталығы» де­партаменті директорының орынбасары Жаннат Мусина бағдарламаға жауапты мекеме мен маман арасында тұрақты қарым-қатынастың жоқ­тығымен байланыстырады. Оның ай­туынша, жас мамандардың көбі екі жыл­дай жұмыс істеп, жаңа болашақ іздеу үшін қалаға қайтатыны жаңалық емес. Дені оқу жүктемесінің және тұрғын үйдің болмауына байланысты кетіп қалады.

 

Қауқарлы қауымдастық қажет

Дипломмен ауылға барған Азиз Дүкен­байұлы бағдарлама талаптары жыл сайын жаңартылып, жас­тарға қолайлы жағдай жасалып отырғанын айтады. «Мен 2016 жы­лы Қызылорда қаласындағы Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік уни­верситетінде оқытушы қыз­метімді аталған облысқа қа­рас­­ты Қармақшы ауданындағы аг­рарлы-техникалық колледжінде жал­ғастыруды құп көрдім. Келген бет­те бірден мемлекеттік бағдарлама игілігін көруге ұм­тылып, бір реттік жəрдемақы мен тұрғын үйге қол жеткіздім», дейді. Оның ойынша, бағ­дарламаның аясында мемлекет­тен көмек алғандардың кейбірі ал­ған ақшасын берілген кестеге сай уа­қтылы төлей алмай­ды, соның сал­дарынан олардан кейін құ­жат тапсырған өзге жас мамандардың тұрғын үй­мен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берілмей отыр. Иә, қар­жы қайтарылуы қажет, себебі бұл бағдарлама – инвестициялық жоба. «Бұл ретте аталған бағдарлама бойынша құжат тапсырған үміт­керлердің несие та­рихы тексерілуі керек. Сонымен бір­ге­ бағ­дар­лама аясында жұмыс істеп жүр­ген жас мамандардың қауымдастығын құ­рып, олар­дың имиджін көтеру қа­жет. Рес­пуб­ликадағы бағдарлама ма­мандарының ба­сын қосатын қауым­дастық тəжірибе алмасу мақсатында түрлі форматтағы жаз­ғы лагерьлер, іскерлік кездесулер, ай­­мақ­тық са­йыстар, т.б. іс-ша­ралар ұйым­дас­ты­румен айналысқаны аб­зал», дей­ді. Бұл ойды «Болашақ» мем­ле­кеттік бағдарламасының қауым­­­дастығына қарап, ұсынылған ұйымның салмағы мен ықпалын бағамдауға болады. Қоғамға пай­далы қызметтер ұсын­ғаны өз алдына, құ­рылатын қауым­дастық бағдарламамен жұ­мысқа орналасқан мамандардың мүддесіне қызмет ете алатындай қауқарлы болуы қажет.

Шындығында бағдарламада маман­дарды тарту үшін түрлі тиім­ділік қарастырылып келеді. Ай­талық, бұрын міндеттелген 5 жыл жұмыс өтілі қазір 3 жылға қыс­қар­ды. Оған қоса жыл сайын инфляция­ жағдайына байланысты қаржы көле­мі артып отыр. Ұлттық экономика министр­лігі: «2018 жылдан бас­тап көтерме жәрдемақы төлеу бойынша әлеуметтік қолдау шараларын беру мерзімі 39 күнтізбелік күннен 27 жұмыс күніне дейін тұр­ғын үй сатып алуға немесе салуға бюд­жеттік несие беру бойынша мерзім 62 күнтізбелік күннен 47 жұ­мыс күніне дейін қысқартылды. Бюд­жет қаражаты жетіспеген жағ­дай­да мамандардың кезектілігін қа­лып­тастыру және әлеуметтік қол­­дау ша­ра­ларын «Азаматтарға ар­налған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы ар­қылы баламалы негізде көрсету көзделген», деді арнайы жол­даған сұрағымызға берген жауабында.

 

Қалаға кетіп қалатындар – жалғызілікті мамандар

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы балабақшада тәр­биеші болып жұмыс істейтін Нұр­гүл Бейбітқызы дипломмен ауыл­ға бар­ғаны үшін үй алыпты. Жоғары­дағы әріптесі Ә.Дүкенбайұлы айтқан несиені уақтылы төлей ал­мау се­бе­бін ай сайынғы төлемақының мем­лекеттен берілетін үстемеақы мөл­шерімен жарыса көтерілуінен көреді. «Мен үйді 3 млн 600 мың теңгеге алдым. Ай сайын 20 мың теңгеден төлеп отырамын. Ең жақсысы, бұл – пайызсыз берілетін несие, сондай-ақ төлей алмай қалсаңыз да пайызы өспейді. Бірақ адамның басында түрлі жағдай болады. Кейбір ауылдарда бала болмай, педагогтар жұмыссыз қалатын кездер кезігеді. Сондайда маман несие түгілі тамағына тиын таппай қалады. Жыл сайын үстемеақының артатыны әлбетте жақсы, бірақ оны­мен бірдей төлемақы да өсіп оты­рады. Осыны реттесе екен», дей­ді Н.Бейбітқызы. Маманның мәлімдеуінше, өткен жылдары 2 млн-нан аса несие ресімдеген әріпт­естері 15 мың теңгеден төлеп отыр. Ал қазір төлемақы мөлшері 20 мыңға өскен. «Негізінен қалаға қайта ке­тіп қалатындар – жалғызілікті мамандар. Мәселен, менің отбасым бар. Жолдасым екеумізге жеңілдеу тү­седі. Бала-шағаңның сол шалғайда дүниеге келуі, жетілуі, өз үйіңнің болуы тұрақтап қалуға әсер етеді. Ал адам жалғыз болса, шешім шығару да, қалаған жеріне кетіп қалуы да оңай болады», деген тәрбиешінің пікірінше, бағдарламаны жас отбасына берген жөн. Сондай-ақ алынған үйді тиіс­ті ведомствоның өкілдері келіп шы­нымен несие ресімдеген адам тұра­тын-тұрмайтынын тексереді, осы тексерісті жиілету керек.

 

Екі мәселе – бір шешім

Аталған бағдарламамен мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Аида Тұрлыбекқызы керісінше жас отбасыларға ғана беру ұсынысын қолай көрмейді. Себебі өзі әлі тұрмыс құрмаса да жо­баның негізгі талаптарын лайықты орындап отыр және Зеренді ауданында 5 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Мұғалім: «Мамандарды ауылдық жерлерде ұстап қалу мақсатымен отбасылы адамдарға ғана беретін болса, көп қамтылмай қалады. Онсыз да көбі қала іргесіндегі ауылдар мен аудан орталығына тұрақтағанды жөн санайды. Шалғай ауылдардан ауданға жұмыс ауыстырғандарды көрдім. Қолайсыздықтан, алыс бол­ғандықтан кетеді», дейді. Оның ойынша, қала мен аудан орталығынан әлдеқайда алыс ауылдарға бару­ға бел буғандардың көтер­ме жәрдем­ақысы жоғары болуы керек. Яғни, бері­летін көмек маман тұрақтаған жердің гео­графиялық, әлеуметтік, экономикалық ахуалына қарай есеп­телгені жөн.

Бұл жауапты ведомство өкіл­дерінің құла­ғына қаншалықты жа­ғымды ұсыныс екені белгісіз, бірақ түйткілдің бір түйінді тұ­сы – осында жатқаны анық. Өйт­кені бағдарламаның басты мінде­ті ауылдық жерлердегі маман тап­шы­лығын қамтамасыз ету. Ал біз бағамдай бер­мейтін екінші бір маңызды міндеті – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапа­сының едәуір алшақтығын жою үшін бағдарламаның жоғарыда айтқандай өзегі саналатын педагог­тарға жағдай жасау. Егер тау ете­гіндегі немесе бір түпкірдегі на­ғыз шал­ғайды бетке алғандарға қала­ның жанында орналасқан немесе инфрақұрылымы жолға қойылған аудан орталығында жұмыс істейтін мамандардан артықтау қолдау мен көмек көрсетілсе, бағдарламаның екі міндеті қатар орындалып, қос мәселе бірдей шешілер еді.