Редакциямыздың хат-қоржынына еліміздің білім саласындағы сарапшыларының атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген мәселелерге қолдау білдірген хат келіп түсті. Біз хат мәтінін толық ұсынғанды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!
Аса мәртебелі Президент мырза!
2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауыңызда еліміздегі білім беру сапасына ерекше тоқталып өткеніңіз елдегі ұстаздар қауымын дүр сілкіндірді. Білім беру сапасын жақсарту деп атап, соның ішінде мамандар даярлау ісінен бастап, оқулық сапасына дейінгі, білім беру жүйесінде қордаланып, шешімін табуды талап етіп тұрған мәселелердің бәріне дерлік тоқталдыңыз.
Білім саласына деген ерекше көңіліңіз бен қамқорлығыңыз Тамыз конференциясына қатысып, бастамалар мен тапсырмаларыңыздан көрініп еді, енді Сіздің Жолдауыңызда білім мәселелерінің жаңа қырлары ашылды.
Атап айтқанда, елімізде сапалы білім алуды қамтамасыз етумен қатар жастардың болашақ мамандықтарын дұрыс таңдай білуінің маңыздылығын айттыңыз. Шынында да, оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағдар беру саясатына көшу – қазіргі таңда мектеп жасындағы балаларды болашақта бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейде жұмыс істей алатын білікті маман етіп тәрбиелеудің алғышарты. Кәсіптік бағыт-бағдар беру саясаты – кезек күттірмейтін, жылдамдатып қолға алынуы тиіс шаруа. Қазіргі таңда ЖОО алғашқы курс студенттерінің 70 пайызына жуығы өз мамандығын дұрыс анықтап алмай келгені белгілі болып отыр. Соның салдарынан, дипломы бар жұмыссыздар қатары молайып, жоғары білім беру саласында нәтижелілік төмендеп кеткені қынжылтады. Тіпті көптеген студент алғашқы семестрлерден кейін-ақ өз еркімен оқудан шығып кетіп жатады. Бұл жоғары білім саласына бөлінетін мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына да алып келеді. Сондықтан Сіз бастама көтеріп отырған кәсіптік бағыт-бағдар беру саясаты – еліміздегі жоғары білім беру саласын жандандырып, ЖОО түлектерінің ел мүддесіне қызмет ететін азамат болып шығуына, маман тапшылығы сезіліп отырған салаларды шетелден шақырылған қызметкерлер емес, Қазақстан Республикасының азаматтарымен толтыруға мүмкіндік беріп, сол арқылы еліміздің ғылыми, техникалық, инженерлік, экономикалық әлеуетін арттыруға жол ашпақ.
Жолдауда атап өтілген білім саласына қатысты бастамалар бірінсіз бірі жүзеге аспайтыны белгілі. Соның ішінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтап кеткеніне баса мән бергеніңізді ерекше айтқымыз келеді. Ауыл мектептерінің негізгі мәселесі ретінде жоғары білікті мұғалімдердің жетіспеуін атап, оны шешудің жолын көрсетіп тұрсыз. Бұл – ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің үмітін үрлеп, сенімін арттырды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыруға 20 млрд теңге қаражат бөлінуін шегелеп айтқаныңыз ауыл мектептеріне, ауылдағы оқушылар мен ұстаздарға деген Сіздің жеке қамқорлығыңыз деп сезіндік. Мемлекет тарапынан осындай қолдауды көріп, сезіп отырған ұстаздар қауымы білім сапасын арттыру жолында аянбай еңбек етуге құлшына кірісетіні анық.
Ел ішіндегі, әсіресе ауылдық жерлердегі ерекше қабілеті бар, дарынды балалар үлкен қалаларға жете алмай, дарыны мен қабілетін шыңдауға қол жеткізе алмай жатады. Осы орайда аз қамтылған және көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп, дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу бастамаңыз кәсіптік бағыт-бағдар беру саясатымен ұштастыра жүзеге асырылса – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетін арттыра түсетін игі іс болмақ. Осы аталған бастамалар – еліміздегі кәсіптік білім беру саласында қызмет атқарып отырған ұстаздар қауымына да ерекше құлшыныс береді, өйткені мемлекеттің қамқорлығын сезіне отырып, дарынды оқушыларды тәрбиелеуде еш кедергісіз жұмыс істей алу – әр ұстаздың арманы.
Осы аталғанның бәрі Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғаннан кейінгі алғашқы Жолдауыңызда көрсетілген ең маңызды бастамалардың бірі – жоғары білімнің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Білім бөлімдерін басқаруды аудандық деңгейден облыстық деңгейге өткізу мәселесіне тоқталғаныңыз Сіздің еліміздегі білім беру жүйесіне немқұрайлы қарамайтын, тек көзге көрініп тұрған мәселелерді ғана емес, оның себебі мен салдарын терең біліп, шешу жолдарын іздестіруге ерекше мүдде танытатын, білім беру саласы ел болашағының қайнар көзі екеніне айрықша мән беретін мемлекет басшысы екеніңізді көрсетті.
Оқулық сапасын жақсартуды айрықша атап тапсырма беруіңізден білім беру сапасына бейжай қарамай, ел болашағын өскелең ұрпақтың тағдырымен байланыстыра қарастыратыныңызды, жас ұрпақтың келешегі үнемі ойыңыздың бір түкпірінде жүретінін көріп, ұстаздар мен ата-аналар қауымы аса риза болды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасымен қолға алына бастаған ұстаздар мәртебесі туралы Заң қабылдануын қайта қолға алып, өз бақылауыңызбен жүзеге асуына ден қойдыңыз. Осы мәселеге деген ерекше ықыласыңызды 2019 жылғы 16 тамызда ұстаздардың Тамыз мәслихатында көрсеттіңіз. Ел тәуелсіздігі жылдары үзбей өткізілетін Тамыз мәслихатына алғаш рет Мемлекет басшысы ретінде қатысуыңыз осы елдегі ең маңызды тұлға мұғалім екенін баса көрсетіп, ұстаздардың рухын көтеріп, жаңа серпін, тың күшпен жаңа оқу жылын бастауына айрықша шабыт берді.
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің Жолдауыңызды тыңдаған кезде қазақтың ұлы ханы Абылайдың «Білекке сенер заманда ешкімге дес бермедік, білімге сенер заманда қапы қалып жүрмейік» деген аманаты өзіңіздей Мемлекет басшысы бар елде орындалатынына сеніміміз күшейді.
Ұстаздар өзіңізге сенеді, Президент мырза! Осы бастамаларды жүзеге асыру жолында Сіз де елдегі әр ұстазға сенім артып, арқа сүйей аласыз! Ел болашағын тәрбиелеу ісінде Қазақстандағы әр мұғалім Сіз бастаған жолмен жүруге әзір.
Қазақстан Республикасының білім сарапшылары атынан
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ,
PhD докторы