Киносүйер қауымды қуантқан Almaty Film Festival жақсы жаңалықтарымен жалғасын тапты. Енді кәсіби түсірілім тобын жинақтау барысындағы шығармашылық бірлестіктің жұмысы бұрынғыға қарағанда едәуір жеңілдейтін болады.
Қазақстан кино әлеміндегі жаңашылдық туралы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, кинопродюсер, сценарийст Гүлнар Сәрсенова, Еуропа киноакадемиясының мүшесі (EFA), продюсер Анна Качко, халықаралық онлайн жобаның идея авторы Елизавета Шмакова мен белгілі актриса, кастинг-директор Жанна Қуанышева әңгімелеп берді.
Жиын аясында Etalents.pro бірегей платформасының таныстырылымы өтті. Бұл сайт арқылы кастинг директорлары мен әлдеқашан танылған актерлер өздерінің жетістіктері мен талантын көрсетуге мүмкіндік алса, режиссерлер мен сценарийстерге кәсіби түсірілім тобын жинау процесі едәуір жеңілдетілмек. Сервисті әзірлеушілердің айтуынша, бұл жай ғана актерлік база емес, толыққанды бағдарламалық қамтамасыз етілген, қолдануға өте ыңғайлы әрі түсінікті сайт.
Мәселен, актерлер осы сайтта тіркеліп, тиісті сауалдаманы толтырған соң өзінің кәсіби дағдыларын, фильмографиясын, марапаттар тізімін, фото және видео түсірілімін енгізуі қажет. Осыдан соң бағдарлама автоматты түрде жасаған түйіндемеге өзге киноцехтың басқа қолданушылары ұсыныстарын білдіре алады. Қажетті үміткерді айқын және дәл іздеуді қамтамасыз ететін 8 іздеу жүйесі ұсынылады. Сервис әлемнің негізгі 10 тілінде қызмет етпек. Басқаша айтқанда, қазақстандық актерлерден, кинооператорлар мен режиссерлерден команда құру енді оңай, сапалы, ең бастысы, жедел әрі заманауи технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады.
«Мен бір жарым жыл бұрын «Нартай» фильмінің басты рөліне актер таңдау үшін еліміздің танымал киностудияларының біріне келіп, үміткерлерді көрсетуді өтінген кезде маған жай ғана фотосуреттер салынған файлдарды ұстатты. Сол кезде мен таңғалдым... Сондықтан біз осы бағытта қадам жасауға шешім қабылдадық. Онлайн-платформа киноиндустрия бойынша деректерді ғана емес, адамдарды да біріктіреді. Бұл платформаны тек Қазақстанда ғана пайдалану үшін жасамаймыз. Себебі біздің таланттарды республикадан тыс жерлерде де көргіміз келеді», – деді Г.Сәрсенова.
Идея авторы Анна Качконың айтуынша, мұндай платформалар бірнеше елдің қызмет тәжірибесінде бар.