Елорданың асқақ сәулетіне сән берер Қазақ драма театрының құрылысы қызу жүріп жатыр. Президент көмекшісі Мәулен Әшімбаев салынып жатқан жаңа ғимараттың құрылысымен танысып, осынау озық үлгідегі кешеннің жай-жапсарын театр ұжымымен бірлесе талқыға салады.
Қазақ руханиятының ошағы саналатын маңызды мәдени нысан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасы бойынша бой көтерді. Қазақ драма театрының эскиздік жобасын Елбасы өзі мақұлдап, құрылыс барысын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жіті назарда ұстап отыр.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталған нысанның жобасын қарап, тиісті ұйымдарға тапсырма берген болатын. Мінекей, бүгін көріп отырғанымыздай, нысан құрылысының қарқынды жүргізіліп жатқанына көзіміз жетті, – деген Мәулен Әшімбаев халық мәдениетін қайта түлетуге, сақтауға, дамытуға және таратуға бағытталған шаралар легі жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ мәдениет ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары назарда екенін айтты.
– Елордада Елбасының тікелей тапсырмасымен «Астана Опера», «Astana Ballet» театрлары, «Шабыт» ғимараты салынғаны белгілі. Бүгінде аталған театрлар бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналды. Мұны өнерге деген айрықша қамқорлық нышаны деп қабылдау керек. Жалпы, театр жастарды тәрбиелеу, оларға дұрыс құндылықтарды сіңіру, қоғамды эстетикалық тұрғыда дамыту жағынан өте жоғары маңызға ие. Келер жылы 6 шілдеде театр ұжымы өзінің қоныс тойын тойлайды деп сенеміз. Бұл елорда халқына, өнерсүйер қауым үшін үлкен қуаныш деп білемін, – деді ол ойын түйіндеп.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауы арқылы бүгінде ғимараттың алғашқы қабатының құрылысы аяқталып та қалған. Театр Жұмекен Нәжімеденов пен Ахмет Байтұрсынұлы, 23-15 көшелерінің қиылысында, Есіл өзенінің жағалауынан алыс емес көрнекті маңайдан орын тепкен. Нысанның жалпы аумағы 19 754 шаршы метрді қамтиды. Жобалау және құрылыс жөніндегі Басқарушы директор Мирко Горник келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстарын 2020 жылы шілде айында толық аяқтау жоспарланғанын айтты.
– Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталды. Қазір 300 адам жұмыс істеп жатыр. Жаңа жылға дейін сыртқы жұмыстарын аяқтап, ішкі жұмыстарға ойысамыз. Ғимараттың қасбеті мәрмәрмен қапталады. Ауа райы тұрақты, сондықтан жұмыс кедергісіз, белсенді жүріп жатыр, – деді Мирко Горник. Үш қабаттан тұратын жаңа ғимаратқа 800-ден астам көрермен сыяды. Ұлттық этномодернді ту етіп көтерген театрдың залы, сахнасы, интерьері заманауи стильде көмкерілмек. Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаевпен бірге театрдың жаңа ғимаратының құрылысы барысымен танысу кезінде ескерілуі тиіс бірнеше талаптар айқындалды. Олардың қатарында бағасы қолжетімді автотұрақ құрылысының қажеттілігі мен елорданың ортақ сәулет ой-өрнегін сақтау мәселелері аталды.
– Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Жақып Омаров, Әзірбайжан Мәмбетов сынды алыптар бізге дейін қазақ руханиятының көсегесін көгерту жолында аянбай қызмет етті. Осындай тұлғаларымыздың құрметіне театр алдына 20 адамның бюстін орнатсақ, сондай-ақ жұлдыздар аллеясын ашсақ дейміз. Қазір штатта 60 адам, жаңа ғимарат қолданысқа берілген соң штатты 150 адамға көбейтсек деп отырмыз, – деген Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов осы тараптағы сахналық туындыларды орындау мен таратуда мемлекеттік қолдаудың тұрақты қаржыландырумен айқындалатынын атады. Сонымен бірге ол салынып жатқан Қазақ драма театрына «ұлттық» мәртебе беруді сұрады. «Еуропа елдеріндегі театрлардың барлығы – ұлттық. Қазақстанда ұлттық театр жоқ. Егер осыны Қазақ ұлттық драма театры десек керемет болар еді. Шерхан Мұртазаның сөзі бар: «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген. Қаланың да, даланың да түрмесінің озып тұрғаны шамалы, ең сорақысы сананың түрмесі. Ал ақыл мен парасаттың шыңдалатын жері – сахна. Бүгінгі салына бастаған театрымыздың қадамы құтты болсын. Біздің театрдың артистеріне жаңа күш, жаңа серпін береді деп сенемін», деді Талғат Теменов. Мәдениет мекемелерінің желісін дамыту қажеттілігі, мәдени құндылықтарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша театр ұжымының талап-тілегін тыңдаған Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев өтініштерді топтастырып, ұсыныс ретінде жолдауды сұрады.
Қилы тағдырлы Қаллеки театры кішкентай сахнасы мен тар залына қарамастан әлі күнге дейін биік мінбер, ұлағатты мектеп болып келді. Өнерсүйер қауымның молдығынан кей күндері орын жетпей қалған көрерменнің еденге отырып та тамашалап жүргеніне өзіміз куәміз. «Театр еңселі ғимаратқа қашан көшеді» деп талай жылдан бері айтылып келген мәселе оңды шешіліп, көрермен мен кейіпкерлер қауымын жақындастыра түсер өнер отауы салтанат құрар күн де алыс емес сияқты. Театр іргесінің қалануына атсалысқан, киелі шаңыраққа жетекшілік еткен Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтердің жаңа қоныс тойын көре алмағаны өкінішті-ақ. Ендеше, салынып жатқан сәулеті мен салтанаты жарасқан Қазақ драма театрын сол саңлақтардың рухына бағышталған тағзым деп білдік.
Хорлан Қалиламбекова,
КСРО және Қазақстанның халық әртісі:
– Астана біздің көз алдымызда өсіп, өркендеді. Содан бері салынған әсем ғимараттардың әдемілігінен көз тұнады. Біз алғаш астанаға Президент
Н.Ә.Назарбаевтың шақыртуымен 1995 жылы келдік. Әзірбайжан театрдың басшысы болып тағайындалып, күзде театр «Қыз Жібек» премьерасымен ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі келіп, алдыңғы қатарда отырып, тамашалады. Кішкентай ғана сахна, артистер барын салып өнер көрсетті. Премьера өткен соң, «Әзеке, премьера құтты болсын. Көріп тұрмын, театр кішкентай. Сенің масштабыңды білемін. Ештеңе етпес, шыдай тұр. Астанамызға сәулетті театрды әлі-ақ саламыз», деген болатын. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, театр салынып жатыр. Өкініштісі арамызда, Әзекең жоқ. Ол – қазақ мәдениетіне, руханиятына зор үлес қосқан жан.
Тілектес Мейрамов,
Қазақстанның халық әртісі:
– Жаңа Қазақ драма театрының салынуы – театр ұжымы ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Әлем таныған елордамызда Қазақ театры ғимаратының болмауы талай адамның көкейінде жүрген мәселе еді. Талай адамды қынжылтып жүретін. Біраз жылдан бері айтылып келген мәселе реттеліп, сол орданың құрылысымен танысып жатырмыз. Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев мырза айтып кеткендей, бұл – үлкен оқиға. Кез келген елдің астанасында сол елдің театры болуы міндетті. Сондықтан, бұл біз үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін үлкен қуаныш, зор мәртебе.