• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қыркүйек, 2019

Күннің көзі – қуаттың өзі

6087 рет
көрсетілді

Бүгінде Алматы облысының энергетикалық мүмкіндігі ішкі қуат нарығындағы сұраныстың 60 пайызын ғана орындауға мүмкіндік береді екен. Ал қалған қажетті қуат көзі көршілес Жамбыл облысы мен Қырғыз елінен сатып алынады. Қазір аймақта ішкі энергия сұранысын қамтамасыз етуге байланысты жұмыстар қызу жүріп жатыр. Оның ішінде Жетісудың ағынды өзендерінен қуат өндіретін стансалар құрылысы жанданып, күн және жел энергиясын игеруге де қадам жасалып отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынба­сары Нұрлан Шаяхметовтің айтуын­ша, өңір­де «Жасыл» энергия бағ­дар­ла­ма­сын жүзеге асыру аясында 2025 жыл­­ға дейін баламалы қуат көзін өн­­ді­­ретін 25 нысан салынып, пай­да­ла­ну­ға беріледі екен. Бұл – Жеті­су өл­ке­­сін­дегі энергетикалық сұра­ныс­ты өтеуге әрі табиғатты қорғауға бағыт­талған маңызды қадам.

− Баламалы қуат көзін өндіру бойынша Қапшағай маңындағы күн электр стансасының құрылысынан бөлек, Алакөл ауданындағы Жоң­ғар қақпасы аумағында жел энергиясын игеру жұмыстары қарқын алды. Бұл – нағыз болашақтың энергиясы, жемісін де алдағы уақытта көретін боламыз. Қазір облыс бойынша өн­ді­рілетін энергия көзі 2 млрд киловатт/сағат болса, оның қалпына келетін ресурстардан алынатыны 38 пайыз шамасында. Жоба жүзеге асқаннан кейін бұл көрсеткіш өсіп, «жасыл» энергия өндіру де арта түседі деген сенім бар, − дейді маман.

Жақында Қапшағай қаласында «Eneverse Kunkuat» ЖШС-ның «Nurǵısa 100 МВт Solar Park Qap­shaǵaı» күн электр стансасының бі­рін­ші кезеңі іске қосылып, 100 мега­ваттық қуат алы­на бастады. Жұмысты жүзеге асыр­ған компания өкілдерінің айтуын­ша, құны 27,7 млрд теңгелік жобаны қаржыландыруға «Қазақстан даму банкінің» қаражаты мен «ҚДБ-Лизинг» тобының қаржылық лизингі тартылды. Ал 10,4 млрд теңгесі – мен­шікті капи­тал, яғни нысанға са­лын­ған инвес­тиция. Өз кезегінде кә­сіп­орынның іске қосылуына жер­­гілікті атқарушы билік қолдау біл­діріп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жоғары вольт­ты желілердің құрылысын облыс­тық бюджеттен 233 млн теңгеге қар­жыландырған.

Елімізде өткен Экспо-2017 көр­месі альтернативті энергетика жо­ба­ларының қарқынды жүзеге асырылуына серпін берді.

Алматы облысында электр энер­гиясының тапшылығы бар. Сон­дық­тан бүгін іске асырылып отырған ірі жобаның маңызы зор. Бұл жоба айналасы бір жылдың ішінде іске қо­сылғанын да айта кету керек. Бүгін­гі күні республикада жетпістен астам электр өндіретін нысан бар. Соның жиырмадан астамы Алматы облысында орналасқан. Бұл сала жағынан облыс көшбасшы саналады. Қазіргі кезде Қазақстанда 800 МВт электр қуаты жаңартылған энергия көздерінен алынып отыр. Сондай тағы 5 нысан ашу жоспарланған. Отандық бизнесмендер күн электр стансасын іске қосуға бар күш-жігерін салды. Үкімет тарапынан да қажетті қолдау шаралары көрсетілді. Осындай жобалардың нә­тижесінде елімізде өндірілетін элек­тр энергиясындағы ЖЭК үлесі 3 пайызға, 2030 жылға қарай 10 пайызға жетеді.

Жалпы іске қосылған күн электр стансасының «Nurǵısa 100 МВт Solar Park Qapshaǵaı» деген атауы белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің құрметіне қойылған. Жоба жыл са­йын 160 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Ол атмосфераға СО2 шы­ғарындыларын жылына 150 мың тоннаға азайтады. Нысанның аумағы 400 гектарды алып жатса, жобаның 1-ші кезеңі 274 гектарда орналасқан. Стансада жалпы саны 303 мың панель орнатылады. Нысанның 1-ші кезегінің қуаты 100 МВт болса, толық қуатына шыққанда 150 МВт электр қуатын өндіретін болады.

– Алматы облысы экономиканың бар­лық бағытында жақсы дамып келе­ді, индустриалды аймақтар құ­ры­лып, жаңа нысандар ашылуда. Жаңа­дан іске қосылған ірі кәсіпорын­дардың барлығы қолжетімді электр қуатын қажет етеді. Ашылып отырған күн электр стансасы облысты электр қуа­ты­мен қамтамасыз етуге үлес қоса­тын маңызды нысан болмақ. Бұл – Сол­түс­тік – Оңтүстік электр тарату желісінің бойында тұрған ірі нысан. Сонымен бірге жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджетке салық түсімінің және өңірге тартылған инвестиция көлемінің артуына септігін тигізеді. Оның нәтижесі облыс экономикасына оң ықпал етіп, игілігін халық көреді, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов. 

Айтпақшы, күн электр стансасын салуға 11 отандық мердігер компания қатысқан. Олардың арасында «Аманат», «АСПМК-519», «Назар Энерджи», «Тенгизстрой» және басқа да компаниялар бар. Станса құры­лысын жүргізуде жергілікті тұр­ғындардан 500-ден астам адам жұ­мыс істеді. Нысан іске қосылғанда 35 адам­ды жұмыспен қамтиды.

 

Алматы облысы