– Жүкел әкей, «әуелі сөз болған» демекші, ақынның көкірегіне өлең туа бітті қона ма, әлде жүре келе жұға ма? Яғни, табиғи таланттан бөлек, үйреніп, оқып-біліп те ақын болу мүмкін бе?
– «Әкей – Ечиге» ортағасырлық атаумен сөз бастап, сөз бен «ечигенің» кие құты туралы сөз бастауыңның мәні бар шығар. Кезінде орыс ойшылдары «Отец – ечиге керек пе, мәнсап-царь керек пе, қайсысын қалдыруға болады?», деп Достоевскийге сұрақ қойып, сол «әулие» жауап берген екен, «Әуелі ечигені таниық, патша да әулиенің құлы...» деп. Әлемдегі қалам ұстағандар Достоевскийдің осы уәжіне бас иеді. Енді сұраққа келейік. Әуелі – Сөз! Сөз бұрын жаралған ба? Ым, түйсік бұрын пайда болған ба? Бұған лингвист атаулы бас қатырып, әлі күнге дейін нәпақасын айырып келеді. Біздіңше, құрсақтан шыққан бала туа «І-Ә» қарпімен сөз бастайды. Еуропалықтар мұны «А-а-а» дейді. Яғни, адам баласы «І-Ә» деп, жылап туады. «Жылап келіп, жылап қайтудың» түрін Абай да айтқан. Демек, ақындықтың «туа бітуі» – сүйектің асылдығы, яғни тектен бе деймін. Ал оны ұстап тұру үшін, дамыту үшін әрине, оқу керек! Бізге «оқы!» деген сөзді Ленин айтқан деп үйретуші еді. Сөйтсек, Құран Кәрім солай басталады екен ғой...
– Кеңес Одағы тұсында қазақ қаламгерлерінің қолы жете бермейтін Мәскеудегі әдеби оқу орнының бөлімшесі Моңғолияда жұмыс істепті. Онда одақтың аузы дуалы элитасы барып дәріс оқыпты. Шығармашылығыңыздың қалыптасуына сол орта әсер етті ме? Қазіргі Моңғолия әдебиетінің әлем деңгейінде танымал болуына Мәскеудің ықпалы болды ма?
– Иә, Мәскеу тәлімімен Ұланбатырда «Поэзия», «Аударма», «Проза», «Драматургия» кафедрасы Моңғолия Жазушылар одағында ашылды да, соның іріктеуінде Тәңірі қолдап, «Поэзия» кафедрасында әдебиеттен дәріс алдық. Ақылдысы да, «ақылсызы» да бізге дәріс берді. Олжекең, Евтушенко, Вознесенский... тағы басқалардың лекцияларын тыңдадық. Еліктедік. Олардан үйренетіні де бар, үйренбейтіні де. Жалпы, Мәскеудің ықпалы дегенге менен гөрі осындағы ақындар жақсы жауап айтар еді. Мұқағалидың оқуды тастап, Жұмекеннің «Даңқ пен дақпыртты» жазатыны соған дәлел. Тынымбай, Ұлықбек ағалар бұл сұраққа ғажап жауап береді.
Құдайға шүкір, 12 ақын оқығанбыз. Екеуі қазір Моңғолия Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қалғаны, жоқ дегенде өздерінің Нацагдорж сыйлығының (біздегі Абай атындағы сыйлықпен тең) иегерлері. Біраз «тентек ақын» өмірден ерте озды...
– Сіз халқа жұртында өте танымал, әйгілі қаламгерлер қатарындасыз. Атажұртқа оралу арқылы не тауып, не жоғалттыңыз. Бұл жерде таза ақындық, шығармашылық тұрғыда айтып тұрғанымды түсінерсіз...
– «Атамекен» деген сөзді жазбай, моңғолдарға қазақ болмысын танытсам деп, біраз жыл (1979-1991ж.ж) мүлде моңғол болмысына ауып кеткенімді несіне жасырайын. Әуелгі мақалаларымды моңғолша жазып алып, содан кейін қазақшаға аударып жүріп, қазақтығыма қайта қалыптастым. Демек, өткен отыз жылда алпыс жыл жазатын уақыт жоғалттым...
– Аудармашысыз. Абайды, Махамбетті... қазіргі ақындарды моңғолша сөйлеттіңіз. Бірақ біздің елдегі әдеби аудармаға басқаны қойып, қаламгерлердің өзінің көңілі толмайды. Неге деп ойлайсыз?
– Бұл тура әдеби білім мен талант, сезім, сөзді түсіну қабілетке байланысты. Олжекеңнің бір өлеңін Қадыр ағамыз:
«Дала қандай,
Даладағы ат қандай...» – деп аударып, қазаққа жаттатты. Ал түпнұсқа: «Ей, Қыпшақтың кең даласы...» деп басталады. Далақтаған дала қалай? Қыпшақ даласы деген кең толғау, өрлік қалай? Мұндай мысал көп. Жалпы, бұл тұрғыдан бізге Жазушылар одағы жанынан әдеби кафедра ашу қажет.
– Айтпақшы, моңғол поэзиясының өкілі Нобель сыйлығынан үмітті. Ал қазақ қаламгерлері бұл мадаққа лайық па?
– Моңғолдар ғана емес, қазақ қаламгерлері де лайық. Осыдан екі жыл бұрын Моңғолия Пен клубы «Әбекең, Әбдіжәміл Нұрпейісовті Нобель сыйлығына ұсынып, қолдасаңыз, сол кісі туралы жазып берсеңіз» деген ұсыныс айтты. Ол кісінің «Қан мен тері» 1970 жылдары моңғол тіліне аударылған. Осының өзінен біздің қаламгерлеріміз Нобельден үмітті екені байқалады. Ол үшін бізге әлемдік әдеби кеңістікпен сәл терең, сәл тәжірибелі әрі биліктен тыс еркін қатынас қажет. Билікті мақтаған өлеңге ешқашан Нобель сыйлығын бермейді. Жуықтағы Азия форумында «Азия сыйлығы» деген ұсыныстың да бір ұшығы осыған саяды.
– Абайдың 150 жылдығы тұсында ма, елімізге белгілі азаматтардың бірі «Өкініштісі, Абайды шет тілге аударуға кешігіп қалдық...» деген екен. Бұл кезде сіз дана хакімді моңғолша сөйлетіп қойыпсыз. Демек, сіздің еңбегіңіз лайықты бағасын алмады. Тіпті сіз әлі де елеусіз, жар салуды жақтырмайтын қалпыңызда қалып қойғандайсыз...
– Иә, сондай бір сөздің айтылып қалғаны рас. Ол кезде Абайды шет тілге аударған үш қазақ та бар едік. Өкінішке қарай, Ғалымжан Мұқанов пен Әуезхан Қодар екеуі өмірден озды. Үш кітап та жарық көрді. Мамандардың айтысы, аудармалары жаман емес. Өткен жылы Халықаралық Түркі академиясы Махамбеттің толық жинағын моңғол, қазақ екі тілдегі салыстырмалы әрі ғылыми түсініктемелері бар аудармасымен жарыққа шығарды. Сондағы азаматтарға алғыс айтамын.
– Екі елді, қос жұртты тел еміп, тең жайладыңыз. Қанша дегенмен қазақ пен моңғолдың адами ой-өрісі, қоғамдық ортасы бөлек шығар. Әсіресе шығармашылық элитада айырма байқала ма?
– Біз екі ел де ғұннан жалғасқан дүниетанымы бір, егіз ұрпақпыз. Екі тілге де діндер арқылы жолай сіңіскен сөздерді алып тастасақ, сөз түбірі бір тілді, көшпелі түрік ұрпағымыз. Шыңғыс ханға таласатынымыз да содан...
– Рахмет.
Әңгімелескен
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»