Шіркін, балалық шақтың бал күндерін өткізген өлкеден ыстық мекен бар ма десеңізші жер бетінде. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсас бел-белестерден асып өтіп, туған ауылыңа жақындаған сайын көңіліңді тербеткен сағыныш лебі көзіңе жас болып іркіледі.
Осы жолы, неге екенін қайдам, назарыма алғаш іліккен нәрсе – аласа дөңнің үстіндегі қызыл шатырлы үйдің қорасында тұрған көк «Волга» болды. «Ой, пәлі-ай, сен әлі бар екенсің-ау!» дегендей бір таңданыс кеудемде лап етіп тұтанып, өткен күндердің көлеңкесінде қалған ескі суреттерге жарық түсіргендей таң-тамаша әсерге бөлендім.
...Біз оны Сүйекеңнің көк «Волгасы» дейтінбіз. Ол кезде мұндай көлік аса бағалы, кез келген адамның қолы жете бермейтін қымбат дүние болатын. Сондықтан да Сүйекеңнің көк «Волгасы» біздің ауылдың мәртебесін басқа ауылдардан әлдеқайда биіктетіп, абыройын асқақтатып тұратындай көрінуші еді.
Ал Сүйекең болса, ақкөңіл, әзілқой, жомарт кісі-тұғын. Ауылдағы аумағы ат шаптырымдай қырманның бастығы еді. Алғашқы жылдары ол көк «Волганы» қырманның кіреберісіндегі күзет «будкасының» жанына қойып кетіп жүрді. Келе-келе ішке кіргізіп қоятын болды. Сөйте-сөйте, күндердің бір күнінде ат шаптырымдай қырманды көк «Волгамен» аралайтын күнге де жетті. Өйткені, Сүйекеңнің салмағы жылдан-жылға артып, жүріс-тұрысы ауырлай түсті...
Алда-жалда бөтен ауылдан келе қалған біреу-міреулер басын шайқап, ішегін тартып: «Үйбай-ау, мынандай мырза мәшинені бұрқыраған шаң-тозаңның ішіне қалай мініп жүрсіз?!» дей қалса, Сүйекеңнің жауабы дайын.
Әлгі кісіге қарап, мырс етіп күліп: «Әй, отыз тиынға алған мәшине ғой!» деп қолын бір-ақ сілтейді.
Онысы енді, ып-ырас. Көк «Волганы» Сүйекең сол кездегі отыз тиындық лоторея билетіне ұтып алған болатын.
Кейде ойлаймын, мынау дүниедегі Алла тағала жаратқан адамдардың ғана емес, зауыттан шығатын машиналардың да әрқайсысының өз пешенесіне жазылған тағдыры болса керек.
Әрине, мұндай пәлсапалық тұрғыдан қарағанда, біздің ауыл үшін дүние жүзіндегі ең бақытты да абыройлы машина – Сүйекеңнің көк «Волгасы». Ал қаладағы әрлі-берлі жүйткіп жүрген әріптестерінің көзімен қарағанда, ең бақытсыз, жолы болмаған машина да осы...
Әйткенмен, көк «Волганың» да күні оңынан туып, маңдайы жарқырап, шаң-тозаңнан тазарып қалатын кездері болушы еді. Себебі ауылдағы жұрт анда-санда болса да аудан, облыс орталығында тұратын, ең бастысы, өздеріне сын көзімен қарайтын құда-жегжаттарына абыроймен барып қайту үшін Сүйекеңе қолқа салады. Сөйтіп Сүйекеңнің келісімін алған күннен бастап көк «Волганың» шаңын қағып-сілкіп, жуып-шайып жолға дайындала бастайды...
Енді міне, сол көк «Волганың» тот басып, іріп-шіріген қаңқасы ауылдағы қораның бір бұрышында қалқайып тұр. Пысық келіндердің біреуі оның үстіне тезек жайып, кептіріп қойыпты.
«Е-еһ, қайран көк «Волга», деймін мен оған қарап тұрып. – Сенің де заманың өткен екен-ау!..»
Кенет менің осы сөзімді күтіп тұрғандай-ақ, оның үстіндегі тезектердің бірі топ етіп жерге құлап түскені. Сол сәтте маған көк «Волга»: «Ал сенің ше?..» деп, бір мөңкіп қалғандай болып көрінді...