• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Парламент 13 Желтоқсан, 2016

Ықпалдастық өрісі кеңейе түседі

5696 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Дума Спикері Вячеслав Володинмен кездесті. Бұл – мейманның осы қызметке тағайындалғаннан кейінгі шетелдерге алғашқы ресми сапары.

Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы елдер парламентшілерінің ынтымақтастығы екі мемлекет халықтарының мүддесі жолында нығая түсетіндігін атап өтті. Екі ел басшыларының өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастарының арқасында даму биігіне бет бұрған ықпалдастыққа айрықша назар аударған Н.Нығматулин:

– Бүгінгі күні Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық әріптестік жыл сайын жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Бұл – екі елдің Президенттері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путиннің салиқалы саясаттарының нәтижесі. Осы жолда Парламент Мәжілісінің және Мемлекеттік Думаның негізгі міндеті тиімді заңдар қабылдау, – деді.

Н.Нығматулиннің айтуынша, бүгінгі күні біздің елдеріміздің арасында сенімді саяси үнқатысу жақсы жолға қойылған, жүйелі экономикалық қатынас орнаған, қауіпсіздік саласындағы ықпалдастық тиімді дамып келеді.

Мәжіліс Төрағасы, сондай-ақ, екі ел парламенттерінің арасындағы өзара іс-қимылдың да өте жоғарғы деңгейде қарқын алып отырғанын айтты. Оған Ресей Спикерінің 25 жылдық мерейтой қарсаңында алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастауы дәлел деуге болады. Ресей делегациясының құрамында Мемлекеттік Дума комитеттерінің төрағалары да бар.

Жүздесу барысында Мәжіліс Төрағасы Ресей Федерациясының Конституция күнімен құттықтап, Ресей халқына бейбітшілік пен гүлдену тіледі. Өз кезегінде Ресей Спи­кері В. Володин де Қазақстан тәуел­сіздігінің 25 жылдық мерейтойының маңызы зор екенін алға тарта келіп:

– Біздің кездесуіміз Қазақстан үшін айрықша маңызды кезеңде өтіп отыр. Ол – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Осы уақыт ішінде Қазақстанның қалай өзгергені көз алдымызда. Астананың кереметтігін де көзіміз көрді. Бұл жерде Қазақстан Президентіне сөз арнау айрықша болмақ. Себебі, Мемлекет басшысының әрбір қадамы, әрбір шешімі Қазақстан халқының өмір сапасын арттырып, мемлекеттік даму жолына жетелеп отыр. Ресей парламентшілерінің атынан Қазақстан азаматтарын Тәуел­сіздік күнімен құттықтаймын, – деді.

Одан әрі тараптар парла­мент­аралық ынты­мақтастықты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелерін талқылады.