Біздің толымды да арынды дарияларымыз, тарихи-жағрафиялық тағдыр ұйғарымында, сайын сахарамыздың кемерін шет-қиықтай ағып жатыр. Жайық, Сырдария, Ертіс... Бұл сулардың ел-жеріміз үшін игілігін тізбелеп жату артық болар. «Бұйырғанның берекетін берсін» деген ата ұстанымында, сондайлық несібені ұтым-ұтырымен және рәсуасыз игеру – опалы тірлік екенін тиім-нәтижесін молынан беретін жаңа үрдістер, интенсивті шаруашылық жолдары жақсы дәлелдеп келеді. Ал сонау тарих «кесімдерін» жаңа уақыт талабында қайта бағамдап, өз ақиқатымызға үйлесімде игеру, өз мүддемізге сабақтастыра дамыту – ендігі болмысымыздың ділгір міндеті.
Заман өзгерді. Жаңа дәуір өз ағымында жаңа талаптар шоғырын алға тартты. Сол үдерістер легінде, жоғарыда аталған қом суларымызға қатысты мәселелер күн тәртібіне бір төбе болып көтерілді. Осы тұғырды тереңдете айтсақ, ең алдымен, Ертіс-суға деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін уақыт жетті деген тұжырым-ойды бізге енді мық шегелеу қажет. Бұған негізді себеп жетеді. Соның ішінде салмақты үш жайтты алға тарту ләзім. Біріншісі, еліміздің мәртебелі бас қаласы – Нұр-Сұлтан Сарыарқа төрінде еңсе көтерді, өркен жайды. Екіншісі, Ұлы даланың ұлан өрісі – Сарыарқада өндіріс орындары мен жасыл желекті танаптар аумағы айтарлықтай кеңейе түсті. Үшінші, ғасырлар мен ғалам проблемасына айналған, Арқа іргесі, Тұран төріндегі Арал жайы әлемге мәшһүр...
Осы күні «Еркін ағын Ертісте бар» деген пікір халық аузында. Бұл рас сөз. Арналы суларымыздың ішіндегі әзірге тынысы тарылмағаны, ағыны азаймай келе жатқаны – осы өзен. Осыдан жарты ғасырдан астам бұрын Ертіс-Қарағанды арнасы (ЕҚА) сондай әлеуетке негізделе салынған болатын. Және ол еңбекті ақтап, өзінің өмірлік мәнін дәлелдеді де.
Ертіс, ең алдымен, Қазақ даласының шөлін қандыруы керек.
Ертіс-өзен, негізі, өзімізде өнеді. Дені Алтай тауларынан бастау алатын арнаның Семей қаласы тұсындағы жылдық көлемі 30 млрд текше метр шамасында. Соның 8 млрд текше метрін Қазақстан игеру мүмкіндігі бүгін айтылып жүр. Ал Қара Ертістен 2 млрд текше метр су алып отырған Қытай-көрші принципіне бақсақ, біз Ертістен алар су көлемін 2 еседей арттыруды көздесек те болар еді. Бұл көлем – 14-15 млрд текше метр шамасын құрауы мүмкін.
Осынау игілік көзі үшін Ертістегі «Шүлбі» бөгетінің 2-кезегі белгілі бір деңгейде шешілуі тиіс. Және сол шама, кей мамандар айтып жүрген, Балтық жүйесіндегі 240 метр емес, 260 метр биіктікте шығуы керек. Сөйткен жағдайда біз, «дархан даламызға жетімді көгілдір ризық келді!» деген толымды уәжді айта аламыз.
«Шүлбі-2»-нің 260 метрлік деңгейінен бастау алып, Сарыарқаны солтүстік шығыс, солтүстіктен жиектеп аға, Торғай қолаты арқылы бері құлайтын, өзағынды, (самотечный) демек арзан, «Қазақстан арнасы» идеясы өткен ғасырдың орта тұсынан бері бар. Идея тым ұзақ талқыда жатты. Бұған кешегі кеңестік орталықтың «қырын» назары да көп әсер етті. Бірақ бұл енді өткен тарих... Бүгін негізі бар «Шүлбі» су тоспасы биіктетілуі керек. 260 метр деңгейде Ертіс арнасының біраз жері, аңғарлық орман-тоғай алабы су астында қалары анық. Бүгін де біршама елеулі түрде айтылып жүрген қарсы уәж осы. Әрине су қоймасы жер алады, онсыз болмайды. Дүниеде мысалдар көп: Ресей бүкіл Еділ бойын су қоймасына айналдырды. Ол жерлерде елді мекендер, реликті орман-тоғай аз емес еді... Анығында, қайтарым-функциясы «Шүлбі-2» нысанынан аздау өзіміздің Қапшағай, Шардара су қоймалары да сондай қажеттілікте өмірге келген.
Алда тұрған ауқымды елдік мүдделер шешімді әрекеттер қажет етеді.
Жағрафиялық-стратегиялық тұрғыда Арқа төсіне сәтімен орналасқан астанамызда су мәселесі бой көтеруі мүмкін. Арқаның өзендер жүйесі жағдайында бұл күтулі жайт. Жоғарыда орналасқан «Вячеслав» бөгенінің ендігі мүмкіндігі шектеулі бола бастады. Оған ЕҚА-нан түсетін су да жағдайды бүгін демегенімен, ертең талабына толымды жауап бере алмауы мүмкін. Ал Нұр-Сұлтанның тым жақын болашағының өзі аса ауқымды екені көз алдымыздағы айқын ақиқат. Көп жылдардан ауыр металдар тұнған Нұрадан (ол су режімін ұстайтын Қорғалжын көлдер жүйесі сұранысын айтпағанда) да Есілге көмек шамалы болмақ. Міне, осы ретті жағдайлар астанамыз үшін жаңа, әлеуетті су көзін ашуды күн тәртібіне қоя бастады.
Жалпы, Орталық Қазақстандағы су жетімсіздігі күн санап өткірленіп келе жатқан мәселе. Демография, шаруашылық, экология кешендері қатарында... Осының бір шешімі: Есіл өзеніндегі жаңа су қоймасы түрінде жүзеге асатын болды. Бұл – «Бұзылық» су қоймасы. Сәл тоқтала кетейік: Есілде көптен күтулі су қоймасы салынады. Көктем айларында ағынының 80 пайызы мұхит асып кететін, осы мінезді өзеннің арыны басылып, енді онда бүкіл жаз бойы біршама кепілді, тұрақты су режімі болады. Және де Державин қаласынан төмен, жылда тасқын басатын жерлер (әсіресе Петропавл аумағы) проблемасы түбегейлі шешіледі. Егістік, өндіріс, елді мекендер, табиғат сұранысы тағы бар. «Бұзылықтан» іргедегі Сарыөзен-Сарықопа су жүйесіне су түсіп, мұнда кепілді табиғат теңгерімі орнауы мүмкін. Ал енді, осы жүйеден, жер ыңғайымен, Торғай арнасы арқылы Аралға су беру мүмкіндігі – ертеңгі күн шындығы көрсететін жайт.
Бір сөзбен, Орталық Қазақстанда ылғал тапшы, су жетпейді. Бұл – факт.
Ал Арал сияқты КСРО-дан қалған апатты мұраның моральды уәжіне ешқандай имандылық ұстанымы қарсы келе қоймас. Иә, бізде ғаламдағы ауқымды Арал мәселесі бар! Жоғарыдағы «Шүлбі-2» нұсқасында Ертіс қиналысты Аралға қол соза алады.
Осының барлығы сол нысанның бір 20 метр деңгей айырмасында тұр.
Әрине мұндай сан-салалы ойларға, бір есептен, Сібір беттен күтілген мол су келе қоймағаны себеп десе де болар еді. Ресей солтүстік суының бір бөлігін оңтүстікке бұру мәселесін жылы жауып қойды. Тіпті одақтан қалған ортақ мұраның бірі – Арал мәселесін көре-тұра солай болды... Бізге енді трансшекаралық су мәселесінде жан-жаққа көп алаңдайтын рет жоқ. Сонау, жүзеге аспай қалған Сібір-Орталық Азия су жолы – «ғасыр арнасы» хақында осы күні әртүрлі пікір бар. Бір көзқарас: Ресей зиялылары сонау КСРО уағында шу көтеріп, мемлекет қолға алған сол істің іргесін шайқады, ақыры, «біздің мықтылығымызбен бетін қайтардық!» деген шулы науқанмен (тоқырау дағдарысы тағы бар), бастаманы омақастырып тынған. Енді, сол шулы дабыраның құр эмоцияға құрылған, негізі тайыз бос сөз болғанын, ол арнаның алыс перспективаға кетер, әр тарапты, сан-салалы пайдасы боларын сол елдің зиялы қауымы бүгін өкінішпен айтып жүр. Ал енді бұған «біздің жақ» пікірі төмендегіше: «Сібір арнасы Қазақстанды сол суға деген тәуелділікке байлап қоюы мүмкін», «ол түстік өзендердегі (әсіресе, Сырдариядағы) үлесті суымыздан айырылып қалуға әкеп соқтырады».
Анығында, Сібірден келер судың біраз бөлігі Ресей-Түмен жері үшін «жұмыс істеп» қайтатын ертістік өз суымыз екені есте болғаны жөн... Ендігі, тең құқықты егемен елдер арасында ала-құла, біржақты саясат жүре қоймас. Әлем тәжірибесінде әділдік, теңдік, кепілділік тетіктері бар. Мысалы, Ұлы даламыздың өзен арнасы ғана емес, әлемдік өмір арнасына айналған Еуропа – Оңтүстік-Шығыс Азия қуатты транзиттік рөлін осы ретте неге күшті балама ретінде пайдаланбасқа. Және Солтүстік суы Оңтүстікке керек болғанда, Оңтүстіктің өнімдері Солтүстікке қажет болмас па? Тарих пен даму жолдары түбі тиімді көршілікті осындай үйлесімге келтіреді. Тек, тең ынталы, тең құқықты, кепілді іс тетіктері мықты болсын. Бұл үшін дипломатиямыздың жұмысы мен шаруашылық есебіміз мүлтіксіз болуы керек. Бұған Оңтүстік көршілер де өз мүдде, өз есебінде қатысуға ынталы болуы мүмкін...
Біз үшін ең маңыздысы: Сырдариядағы сыбағалы суымызға бұның еш әсері болмауы тиіс. Болуы мүмкін де емес. Бұл суымыз – киелі құндылық және түбегейлі қорғалуға жатады.
Түбі, Сібір суы Тұранға, ал Еділ суы Қазақстанның батыс өлкелеріне келеді. Тарих жүрісі адамзатты осыған қалай да келтіреді. Мына буырқанған дүниеде әркім өз су-батпағымен, шөл-даласымен, томаға-тұйық оқшаулықта отыра алмайды. Ендеше, төмендегі ойларды әлдебір қисынсыз қиял шалқуы деуге болмайды: Батыс Сібір – Тұран су арнасының негізді жобасы өткен ғасырдан дайын тұр. Тең құқықты елдер енді осының саяси, экономикалық шарттарын жаңадан қалыптастыра, қайта оралуы керек. Ал Еділдің бір арна суы Саратов су қоймасы, Балаково мекені тұсынан, Ресей даласын суландыра, Батыс Қазақстанның Кіші өзен, Чапаев бағытымен Бейнеу маңына өз ағынымен жетуге сұранып тұр. Және де кешегі жоспарда бар, Ресей терістігіне кетіп жатқан Печора мен Вычегда суларымен Еділді үстеулеуі – қисын жолы. Елбасымыз алқалы жиында ұсынған экологиялық, экономикалық берері мол Азов – Каспий арнасы да көңілде. Түбі, Еділ мен Каспий зардап шекпеуі тиіс. Тек жоғарыдағы нұсқалардың еларалық саяси, заңдылық, экономикалық негіздерін бекем, сауатты жасақтау – елдік мүдде мұраты.
Бір сөзбен, келешегі кең болар тарих үшін шақырып тұрған өрісті бастама бағыттары көп. Келер жақсылықтың жолын қазірден аша беру – ақыл ауанындағы ұтымды тірліктер болары даусыз.
Ертісті сайын даламызға әкелу – осының ең жақын тұрғаны. Ертіс-өзен мұхитқа құяды. Және Ертіс, бүгінгі Қазақ елі ақиқатында, дархан даламыздың көгілдір ризығына айналатын болады.
Ресей өз қажетінде Ертісті Құлынды даласы арқылы Ақсу тұсында Обьтен үстеулейік десе, бізден оған қарсылық бола қоймас.
Бұл нұсқа да Оңтүстікте, Сыр атырауына келетін дәстүрлі ағын режімін бұзуға немесе оны тоқтатуға әкеледі деген сөз емес. Кеңес кезінен заңдастырылған Сырдариядағы 12 млрд текше метр үлесті, таза суымыз бар.
Сырдария ағынына еш балама болуы мүмкін емес!
Оңтүстік суларының құны бүгін алтыннан қымбат бола бастады. Осы ретте, Сырдарияның тек Қызылорда жеріндегі жағдайына тоқталу қажеттігі бар. Соңғы кездері Сырда қалған аз ағынды мейлінше шаруашылық мақсатында игеріп қалу үшін жаңа су қоймаларын салу көзделіп отыр. Қызылорда облысының өзінде осы күні «Күміскеткен», «Қараөзек» қоймаларын салу жоспарлануда. Және бұл ондаған жылдар бойы Арал халқы табанды түрде сұрап отырған бір деңгейлі «Кіші Арал» ұсынысына қарағанда, қажырлы, жедел түрде қолға алынды. Жаңа гектарларға молырақ су болады. Және қоймалардың булану, жерге сіңу шығыны ыстық өлкеде көп көлем талап етеді. Бұл қалай? Оңтүстік көршілер дария бойына осындай қойма саламыз десе, біз Аралды алға тартып, әлеумет-экология жайын айтып, халықаралық ауқымда орынды сөз көтереміз. Бұл әлем кеңістігінде сауатты, өркениетті, дұрыс әрекетке жатады. Ал өзімізге келгенде, Сырымыз үшін әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағаны ма? Азын-шұғын су ағып жатыр екен деп, Сырдың шамалы ағынына қол сала беру қалай? Ел пікірімен санасу, қоғамдық тыңдаулар болды ма?
Кезінде КСРО шөлді өлкеде толысып ағып жатқан еркін дариялардан экономикалық, әлеуметтік, тіпті, демографиялық ырғын пайда жоспарлап, аса салмақты уәждермен Аралды жоқ етіп тынып еді. Бұл 1993 жылғы тұңғыш Арал саммитінде қатты сынға алынды. Елбасымыз дариялар бойындағы бір жақты саясат: дара дақылдар экспансиясын тежеу, экстенсивті, ысырапшыл су пайдалану ісін тыю, үнемді тәсіл, шаруашылықтарды әртараптандырып, Арал ахуалын, экологияны оңалту мәселесін баса айтып еді. Ең бастысы, сондай әсіре прагматикалық, біржақты тарих саясатына (дара дақылдар экспансиясы, шаруашылық жолында табиғатты жұтата беру, көз алдында аққан суды тіршілік уәжімен әйтеуір ала беру) бүкіл дүние, ұлы Тарих үкім айтқан жоқ па еді? Сырда шамалы су қалған деп, енді сол өткенді қайталау дұрыс па?!
Бұл жерде, жоғарыдағы, әлеуеті мол Ертісте жасалатын, гуманистік сарыны басым әрекет-шара мен Сырда салынбақ қоймалардың екі түрлі мәні күмәнсіз бағамдалуы керек.
Жалпы, кейінгі тарихымызда Сыр бойы, дария суын пайдалануда экологиялық мәдениет кемшіндікте қалып тұр. Бұның шет-пұшпағына көз жеткізу үшін көп амалдың қажеті жоқ, Сыр бойындағы жолдармен жай ғана жүріп өтудің өзі жеткілікті... Солтүстік Арал факторы осы, экологиялық мәдениет көтеруді қамшылап, су рәсуасын шектеуге сеп болуы тиіс еді... САРАТС жобасының шоқтықты кезеңі – «Кіші Арал» ең алдымен, Сырдария ағынына есептелген.
Қазақстанда «Арал теңізін келеге келтірудің бірінші батыл қадамы» деп жарияланған Солтүстік Аралды көтеру ісі өз жалғасын солай күтіп қалды. САРАТС жобасының бірінше кезеңі біткеніне 14 жыл. Көп уақыт. Төменгі Сыр табиғаты осы күні жүдеңкіреп тұр... Бұл созылыңқырап кеткен шаруаның шешімін табу Сыр бойында әлі де жүріп жатқан сыңайлы. Сөйтіп жүргенде, қолда бар «Көкарал» бөгетінен айырылып қалу қаупі де келіп жетті. Осы мәселе қазір нақты шешілу үстінде сияқты.
Суы шөміштеп бөлінген Сырдария жағдайында, мәні терең «Кіші Арал» идеясынының жүзеге асуы жоғарыда айтылған ойлар бедерінде оң шешімге біртабан жақындай түсері анық. Кіші теңіздің 50-51 метрлік жағалауына есептелген жұмысты, көп шайқақсыз, қажырлы түрде бастап кететін уақыт жетті. Орнықты жұмыс ертеңгі күнге есеппен істеледі. «Іс оң шешілсін» деген шаруа қисыны солай. Бұған негіз бар. Болашақ бар. «Көкарал» дайын тұрса, әр тараптан келер су көздеріне теңіздің «құшағы» қашан да ашық болмақ. Арқадан келер молшылық Солтүстік Аралды ел күткен жағасына жеткізсе, онан әрі Халықаралық Аралды Құтқару Қоры ойға алған, Ұлы теңіз беттегі «Көкарал атырауы» жобасына да жол ашылар еді. Осы ретте, проблемалы теңіз үшін Республикамыз атқарып жатқан нақты шаралар кешені басқа көршілердің ешбірінде жоқ екенін де айта кету керек.
Өркендеулер мен серпілістер күтіп жатқан сайын сахарамыздың ертең келер көгілдір арналы ризыққа сабақтасар болашағы берекелі болмақ.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог