• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қазан, 2019

YouTube Kids: Кішкентай көрермендерді қалай қадағалаймыз?

629 рет
көрсетілді

YouTube – шексіз видеолар желісі. Мамандардың айтуынша, оның көрермендерінің көп бөлігін балдырғандар құрайды. Айтса айтқандай-ақ бүгінде ол кез келген балалы үйдің қызығына айналған. Кішкентай нәрестеден бастап, ойын баласына дейін оның шырмауынан шыға алмайды. Өкініштісі сол, бұл видео желісінде балаға керегі де, қажетсізі де жетіп-артылады. Мұны ескерген мамандар ютубтың балаларға арналған қосымшасын жасады. Біз ол жайында не білеміз?

YouTube Kids – арнайы балдырғандар үшін жасалған YouTube қосымшасы. Мұнда көруге рұқ­сат етілген видеоларды балалар тек межелі уақытта ғана кө­ре алады. Қуаныштысы, шекті уақытты ата-ана өзі қояды. Яғни белгілі бір уақыттан соң қосымша бұғатталады. Бұл – баласын смартфоннан айыра алмайтын ата-аналар үшін таптырмас қосымша. Ол 2015 жылдың 23 ақпанында Android және iOS қосымшалары үшін жасалған болатын. Кейінірек LG, Samsung, Sony смартфондарының қолданушылары да бұл қосымшаны қолдана алды. Қосымшаның соңғы нұсқасы биылғы жылдың 13 қыркүйегінде әзірленді. 2019 жылдың дерегі бойынша YouTube Kids бүгінде әлемнің 60-тан астам елінде қолжетімді. Оның ішінде Аргентина, Аустралия, Аус­трия, АҚШ, Бельгия, Қазақстан, Бра­зилия, Ресей, Канада, тағы басқа көптеген мемлекет бар.

Балалар қосымшасы әр баланы жеке индивид ретінде қарастырады. Өйткені қосымшаны қолданушы әр балаға арнайы жеке аккаунт ашады. Онда баланың жасы мен қызығушылығы есепке алынады. Сол арқылы балаға лайықты видеолар тізбегі көрсетіледі. Ал егер балаңыздың не нәрсеге қызығатынын білмесеңіз, онда оның көрген және іздеген видеолары арқылы қы­зығу­шылығын анықтай аласыз. Ба­­лаңыздың қызығушылығын анық­тағаннан кейін, оны түрлі қосымша үйірмелерге берсеңіз де болады.

Қосымша балаларға арналған дүниелерді автоматты түрде сүзгі­ден өткізіп отырады. Алайда бұл ба­­лаңыздың психикасына кері әсер ететін негативті видеоларды мүл­дем көрсетпейді деген сөз емес. Қо­сымша қанша сүзгіден өткізіп тұр­са да ата-ана міндетті түрде ак­каунт­ты қадағалап отыруы шарт. Өйт­кені кейбір ата-аналардың айтуынша, арасында агрессия туғызатын мультфильмдер де кездеседі. Ма­ман­дар мұны желіде видеоның тым көптігімен түсіндіреді. Сол се­­бепті оның барлығын сүзгіден өт­­кі­зіп отыру қиынға соғады. Қо­сым­­­шаның араға жылдар салып жа­ңарып отыратынын ескерсек, бұл ол­қылықтың да орны толады. Ал әзір­ге ата-анаға баласының не нәрсе көретінін бақылауы аса ма­ңызды. Бір қуантарлығы, қажет болған жағ­дайда ата-ана іздеу жүйесін бұ­ғаттай алады. Яғни, бала тек ата-анасы таңдап берген кішкентай ауди­торияға лайықты дүниелерді ғана көре алады. Бұл бақылау әдетте мектепке дейінгі балалар үшін тиімді.

Мамандардың балаға бақылау керек деп дабыл қағуы бекер емес. Өйткені смартфонды мөлшерден тыс қолданудың салдары түрлі зиянды жағдайға әкеледі. Ең әуелі баланың ұйқысы бұзылады. Өйткені баланы қызыққа толы мультфильм әлемінен шығару қиын. Олар смартфон немесе теледидар алдында бірнеше сағат бойы отыруы мүмкін. Сол се­бепті де көп жағдайда баланың ұйық­тау режімі бұзылады. Ал оның арты физикалық белсенділіктің төмен­деуіне апарады. Яғни, ұйқысы дұрыс емес бала ойын қумайды. Расында, бүгінде доп теуіп, асық атып, асыр салып ойнаған баланы көп көрмейсіз. Қай үйге барсаңыз да телефонға телмірген баланы кезіктіресіз. Ал ұзақ уақыт бір орында тапжылмай отыру сколиоз, миопия, семіздік сынды түрлі ауруларға әкеледі. Балалардың иммундық жүйе­сі ересектерге қарағанда әлсіз болуы себепті ұялы телефондардан бөлінетін ра­диа­циялық сәулеленудің де қаупі жоқ емес.

Айта берсек, бұл тізім жалғаса береді. Ең бастысы, ата-ана мен ба­ла арасындағы байланыс бірте-бірте үзілетінін ұмытпаған жөн. Бала смартфонға тәуелді болып, ай­наласымен араласудан қалмаса игі. Соның алдын алу маңызды. Бұл ретте YouTube Kids қосымшасы ата-анаға үлкен көмекші болмақ.