• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қазан, 2019

Соқыр тұман

579 рет
көрсетілді

 

...Қала шетіне келіп, сен мынау соқыр тұманнан сес­кеніп, енді не істеріңді біл­мей, іркіліп қалдың. Алдыңа қарап алаңдап, аяғыңды бір басып, екі басып, адымдап көріп едің, арасында кім бар екені, не бар екені белгісіз сұп-сұр дүние өзінің сұп-суық құшағына тартып алып, әп-сәтте жұтып қоярдай тұла бо­йың қалтырап-дірілдеп кетті.

Себебі сен өскен ауылдың аспаны ашық, бұлттары ап­пақ, ауасы тап-таза еді ғой. Алтын табақ секілді кү­ні кү­лімдеп, шуақ шашып тұ­ратын. Іргеден ұзап шы­ға бере-ақ дөң асып, дала ке­зіп кететін қасқа жолдар алыс­­қа-а, алаңсыз қызық са­пар­ларға шақырып жатушы еді. Айнала-төңіректен та­науыңды қытықтап, боз жу­санның хош иісі бұрқы­рай­тын...

Білем. Бәрін де білем. Се­бе­бі мен де сол ауылда туып-өс­тім ғой. Тоқта... Тоқ­­та, мынау соқыр тұман­ның арасынан шарқ ұрып ме­ні іздемек болып тұр­сың-ау, жазған. Жо-жоқ. Алға қарай бір адым да аттап ба­­су­шы болма. Адасып кете­сің. Онда екеуміз бір-біріміз­ден мәң­гілікке көз жазып қа­ла­мыз.

Маған сенің сол жерде, ашық аспанның астында аялдай тұрғаның қым­бат. Бүгін болмаса, ертең... иә, иә, ертең қа­лың тұ­манның арасынан шыға келіп: «Аман­сың ба...» деп, құ­ша­ғымды жаямын. Со­дан соң екеуміз ауылға...

Оу, неге?! Неге басыңды шайқай­сың? Әлде мынау қалың тұманды қақ жарып шыға келетініме сенбейсің бе?.. Е-еһ!.. Кхе, кхе, кхе!..

Аурухана төсегінде жатқан ап-арық, кіп-кішкентай кісі булыға жөтеліп, ауа жетпей тұн­шыға бастады. Көрші ке­реует­тегі еңгезердей орыс шал ба­сын көтеріп, есік жаққа қарап: «Сес­тра, сестра!» деп дауыстады.

Дәлізде отырған медбике жүгіре басып, тез-ақ жетіп келді.

– Он бредит, – деді шал. – Тяжело ему.

Медбике науқастың жас­тығын түзеп, қолындағы ақ дәкемен көбіршіктене бас­таған езуін сүртті. Ол тағы да күбірлеп, сөйлей бастады.

...Менің мынау соқыр тұ­манның ішінде жүргеніме, биыл міне, қырық жыл болды. Неге... Неге дейсің бе?.. Оқыдым... Білім алдым... Кан­дидаттық қорғадым. Доктор болдым. Ғылым іздедім... Әй, бірақ... Таптым ба, жоқ па?.. Білмеймін...

Медбике науқастың құп-қу реңіне тесіле қарап тұрып:

– Иә, – деді көрші ке­ре­ует­тегі шалдың сөзімен келіс­­кендей басын шұлғып. – Сан­дырақтап жатыр.

– О чем он говорит?

– Бұл кісі ғалым адам ғой. Сол баяғы... ғылым-білім туралы айтады да...

– А-а... С ними такое бывает.

Медбике қан-сөл жоқ жүзінде көкшіл дақтар пайда бола бастаған науқастың шидей білегінен ұстап, қан тамырының соғысын өл­шей бастағанда ол тағы да санды­рақтады.

...Келдің бе? Соқыр тұ­манның арасынан қалай тап­­тың мені?.. Қолың қан­дай жұмса-а-ақ. Туһ!.. Рақатын-ай!.. Құдды... құд­ды өзіміздің ауылдың бор­пылдаған ып-ыстық май то­пырағы секілді...

Соны айтты да, науқастың демі үзіліп кетті. Өз өмірінің ең соңғы сәтінде оның көз ал­дына сол баяғы мектепте бірге оқыған қараторы өң­ді, әп-әдемі талдырмаш қыз елес­теге­нін, бала кездегі алаң­сыз, адал достықты, ақ махаб­­батты аңса­ғанын ешкім де білген жоқ.