Орал қаласында жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры мен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Жыр-ғибрат» атты батыс аймақтық жыршы-термешілер фестивалі өтті. Оған Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан жыршы-термешілер қатысты.
Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры бұған дейін оқушылар арасында республикалық шешендік өнербайқауын, «Алатауым – алтын ұям», «Ел айбыны, жыр айдыны Алакөл» атты республикалық ақындар айтысынөткізген екен. Бірақ жыр-терме байқауы еліміздің батыс өңірінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
- Алты қырдан ән оздырған Ақ Жайық өңірінде жыр фестивалі алғаш рет өтіп отыр. Жыр айту, қисса-дастандарды жырлау өнері кенжелеп қалған еді. Соңғы кезде осы өнерді таңдаған жастар қатары көбейіп келеді.Бүгінгі фестивалдің де негізгі мақсаты – жыр-терме өнерін насихаттау, саф алтындай атадан балаға мирас болған төл өнерімізді жас толқынның құлағына сіңіру болса керек. Сондықтан алыстан елген қонақтарға көп рахмет айтамыз. Әсіресе қор президенті Шәмшібану Хамзақызына мыңалғыс! Қазақ өнеріне, қазақтың жыр-терме өнеріне еткен еңбектеріңіз жемісті болсын! Болашақта бұл аймақтық фестиваль республикалық, халықаралық деңгейге шығады деп сенеміз, - деді құттықтау сөзінде Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.
Фестиваль таза дәстүрге сай, ұлттық нақышта басталды. Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының президенті, белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің жұбайы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, ағартушы-ұстаз,сексеннің сеңгіріне келген Шәмшабану Хамзақызы мен Зейнолла Сәніктің қызы, мәдениеттану саласы бойынша pHD докторы Жанат Зейноллақызының өнер тойына келген көрермендерге шашу шашқаны өте жарасымды болды. Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері Ернар Өмірәлі Базар жыраудың термесімен той бастады. Тіпті аталмыш қордың қызметкері Жарқын Сәленұлының өзі де «әз халқым – түпсіз қазынам, сіздерден артық не дейін, өнерпаздарды көргенде бүлкілдеп те кетті көмейім» деп әр сөзін ұйқасқа ұластырып, кешті керемет жүргізді.
Жеребе тасталған кезде ортаға алдымен ақтөбеліктер шығатын болды. Сайыстың тәртібі бойынша әр облыстан келген қос өнерпаздың бірі – қисса-дастаннан үзінді, ал бірі – терме орындауға тиіс болатын. Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ақтөбелік жыршы Жақсыбек Барлыбаев Ләйлі Құндақбайдың «Топырақ қиссасын» жырласа, оның жерлесі, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Динара Шынарбаева Наурызбек жыраудың термесін төкті.
Батысқазақстандық Фархат Оразов пен Әмина Ғайнеденованың өнері де көрермен көңілінен шықты. Бұған дейін де талай халықаралық, республикалық өнер байқауларында топ жарып жүрген Фархат Оразов әйгілі Қарасай-Қази дастанын жырлады. Көпшілік те, сарапшылар да «Қырымның қырық батыры» тобына кіретін тарихи дастанды үзуге қимай, жарты сағаттай тыңдады. Әттең, фестивальдің уақыты шектеулі, амалсыздан Қарасай батырдың Мамай ағасын бір күлдіру үшін Ер Көкшенің тұлпарын сұрамай мініп кеткен жерінен тоқтатуға тура келді.
Халықаралық, республикалық байқаулардың тағы бір жүлдегері Әмина Ғайнеденова Қаратөбе өңірінде өткен өнерпаз, бүгінде халық ұмыта бастаған Құмар Әбуғалиұлының термесін орындады. Термешінің алдымен Құмарды таныстырып, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуар әншінің ұстазы екендігін, 1930 жылдары Алматыда өткен өнер онкүндігіне барып, Сәкен, Ілияс сынды арыстармен жақын таныс болғанын айтып өткені өте орынды болды. Шынында да Сәкеннің «халық жауы» атанып, атылғанын естігенде: «Апырмай, маңдайын кереқарыс қылып, көзін мөлдіретіп Сәкенді қалай атты екен?!» деген бір ауыз наразы сөзі үшін өзі де «халық жауы» аталып, атылып кеткен Құмар Әбуғалиұлының есімін кейінгі ұрпақ ұмытпағаны жөн ғой.
Бұдан кейін сахна төріне атыраулық өнерпаздар шықты. Халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегеріГүлдана Тайырова «Қазтуғанның қонысымен қоштасуын» жырласа, Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жыл толуына орай өткен «Ақжайықтан ән оздырған» І республикалық байқауының дипломанты Бақытбек Сәрсенов «Сәттіғұл ақынның сөз басын» ортаға салды. Жырсүйер қауым маңғыстаулық жыршы Темірбек Асқамбаев орындаған Ақтан Керейұлының «Жұрт жиналған шаршыда» шығармасы мен Әзімхан Адайдың орындауындағы «Аманат қиссасын» да жылы қабылдады.
Фестивальдің бір ерекшелігі – сарапшылар талқысына салынған қисса-дастандардың арасында ғасырлар тезінен өткен дәстүрлі шығармалармен қатар осы заманғы авторлардың да туындысы түскені болды. Мәселен астаналық ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ләйлі Құндақбайдың «Топырақ қиссасы» және «Аманат қиссасы» ақтөбелік және маңғыстаулық жыршылардың аузымен орындалды. Бір қызығы, Сыр өңірінде дүниеге келіп, дәстүрлі поэзияға қанып өскен автордың бұл шығармалары ішкі мазмұны жағынан да, сыртқы формасы жағынан да фестивальге қатысқан өзге дүниелерден еш бөлектенбей, туысып, толығып тұрды. Бұған қарап қазақ топырағында қиссашылық, ұзақ дастандарды суырып салып жырлау өнері өлмеген екен деп түйдік.
Белгілі ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, танымал дәстүрлі әншілер Сәуле Таудаева, «Құрмет» орденінің иегері,Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері әнші Дастан Есентеміров құрамына кірген сарапшылар маңғыстаулық Әзімхан Адайды «Үздік термеші», ал оралдық Фархат Оразовты «Үздік жыршы» деп танып, арнайы диплом табыс етті. Термеші 100 мың теңге, жыршы 120 мың теңге жүлдеге ие болды. Сондай-ақ фестивальге қатысқан өзге жыршылардың әрқайсысына – 100 мың теңгеден, термешілерге – 70 мың теңгеден «орамал» байланды. Айта кетейік, Зейнолла Сәнік қоры осы байқауға қатысқан жыршы-термешілердің жол, қонақ үй шығындарын да түгел көтеріп алған болатын.
- Осындай фестивальді өткізу идеясын бірден қолдаған Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасына, бүкіл ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқан Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ұжымына алғысымыз шексіз. Мұндай шаралар қазақтың біртұтастығын, өнер жарастығын сақтау үшін де керек. 2018 жылы құрылған біздің қорымыз алғашқы күннен бастап қазақтың дәстүрлі сөз өнерін дамытуға атсалысып келеміз. Көпшілік мәдени шаралардан бөлек, ғалымдар мен студенттерге шәкіртақы тағайындап, бірнеше кітапқа демеуші де болдық. Болашақта да осындай шаралар, өнер фестивальдері ұйымдастырылады, - дейді бізге қор қызметкері Жарқын Сәленұлы.