Нағыз жазушының жеңілістері неғұрлым көп болған сайын оның ешкім жоққа шығара алмас ұлы жеңістері көбейе бермек.У.Фолькнер
Бала күнімізден шығармаларына қызығып, тұшынып, сүйсініп, басымызға жастап жатып оқыған жазушыларымыздың бірі де, бірегейі де – Бердібек Соқпақбаев еді.
Оның кітаптары тү-у сонау, құс қанаты талатын сусыз, шөлейт өлкенің бір түкпіріндегі біздің ауылды адаспай қалай тауып келетініне іштей қайран қалатынбыз.
Ол кітаптардың алғашқы бетін ашқан сәттен бастап-ақ өзімізге таныс әлем, таныс сурет, таныс адамдарды көріп, тап бір, өз ауылымызда жүргендей қилы-қилы қызықтардың ішіне емін-еркін сүңгіп кете баратынбыз.
Әне, анау, жуыла-жуыла түсі оңа бастаған көкшіл сәтен орамал секілді зеңгір аспаннан үңіле қарап, біздің өлкеде болып жатқан оқиғалардың бәрін де көріп-біліп, тәптіштеп жазып отыратын бір жазушы бар секілді.
Бір қызығы, біздің жақта биік тау, қалың тоғай, сарқырап ағып жатқан асау өзен жоқ. Бірақ, мына жазушының кітаптарын оқып отырсаң, соның бәрі де тізіліп, көз алдыңа келе қалғандай болады.
Міне, құдірет! Міне, сиқыр!..
* * *
Қырсық шалғанда, дәл қай жылы, қай айда, қай күні екені есімде қалмапты. Сірә, сол... сексенінші жылдардың соңы болар-ау. Сары ала жапырақтар саудырап төгіліп жатқан кез еді. Күн жылы. Жаймашуақ болатын.
Ол кезде біз «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші болып қызмет істейтінбіз. Бас редакторымыз – аты аңызға айналған алып тұлға – Шерхан Мұртаза еді. Бірде, түскі үзіліс кезінде, бұл күнде белгілі ақын, әуесқой сазгер атанған Әнуарбек Әуелбек деген әріптесім екеумізді кабинетіне шақырып алып:
– Бердібек Соқпақбаев деген жазушы ағаларыңды білесіңдер ме? – деді бет-әлпетімізге сынай қарап.
Біз болсақ, жымыңдап бір-бірімізге қарадық. Екеуміздің де көзімізде «Білмегенде ше?!» дегендей бір қуаныш ұшқыны жылт ете қалды.
– Ендеше, – деді Шер-ағаң алақанымен алдындағы жылтыр емен столдың бетін бір сипап өтіп, – сол ағаларыңа бүгін бір көмек қажет болып тұр екен. Қала-а-й?.. Жұмсай қалсақ, барасыңдар ма? Бас редактор бізді газет жұмысынан тыс, басқа бір нәрсеге жіберіп отыр деген реніш тумай ма?
– Жо-жоқ, – дедік біз басымызды шайқап.
– Олай болса, бүгін Бәкең көшетін көрінеді. Әрине, алысқа емес, осы қаланың ішіне. Ол кісі мынау, Мир мен Комсомолдың қиылысындағы сары үйдің бірінші қабатында тұрады. Осы қазір... сендерді асыға тосып отыр.
* * *
Ол жер біздің редакциядан онша алыс емес. Таяқ тастам жер. Әнуар екеуміз ентігіп, әп-сәтте жетіп келдік. Есік алдында жымыңдап «Лениншіл жастың» екі-үш жігіті тұр екен. Жазушы ағамыз, сірә, оларға да өтініш айтқан болса керек.
– Қалайсыңдар, ей? – дейміз қол алысып жатып.
– Біз де Қожаны көшіруге келдік, –дейді бір әріптесіміз қутыңдап.
Тап осы сәтте іштен қалың бұйра шашы бурыл тартқан, орта бойлы, мығым денелі кісі шығып келе жатты.
Біз бұрыннан танитын, бірақ, соңғы жылдары ептеп көз жазып қалған өте бір жақын адамымызды көргендей алға ұмтылып, жапырлап қол бере бастадық.
Естеріңізде болса, «Менің атым Қожа» повесіндегі қиқар, тентек Қожа өзінің бет-әлпетін суреттегенде: «Мынау, міне, мұрным. Әжем кейде менің атымды атамай «тампыш неме» дейді. Оның айтқаны ып-ырас екен ғой. Екі танауыма екі саусағым еркін сиып кетерлік, қосауыз мылтықтың аузындай үңірейіп тұр. Екі шекемнің шығыңқылығы болмаса, басым қарбыз тәрізді доп-домалақ, тап-тақыр. Шашымды Әубәкір шал кеше ғана ұстарамен сыпырып алып тастаған», демеуші ме еді.
Иә-ә... Жазушы Қожаны суреттегенде, ең алдымен, айнадан өз бетіне үңілсе үңілген-ақ шығар, сірә. Расында да, көп ұқсастық бар екен. Тек, кейінгі жылдары Әубәкір шалдың ұстарасы ескіріп қалды ма, әлде өзі о дүниеге аттанып кетті ме, кім білсін, әйтеуір, қалада тұратын Қожа қазір шаштаразға барып, ұқыптап алдырып жүретін секілді көрінеді.
– Бәрекелді-і! – деп, сүйікті жазушымыз бізді көріп, бала сияқты елпілдеп қуанып қалды. – Мен кеше Сейдахмет ініме, сонсоң Шәкеңе бір-екі жас жігіттің көмегі қажет болып тұр деп ем. Кілең бір сайдың тасындай іріктелген-іріктелген, ірі-ірі азаматтарды жіберіпті ғой!
Сонсоң бізді өзі бастап, бірінші қабаттағы үш бөлмелі пәтеріне ертіп кірді.
– Әй, Бикен, шай дайын ба? – деді табалдырықтан аттай бере ас үйдегі жеңгейге қарап дауыстап. – Түскі астың уақыты боп қапты ғой. Мына жігіттер жүрек жалғап алсын.
– Қазір... қазір дайын болады.
Осы кезде біз:
– Ой, аға, шай қайнағанша біз заттарды апарып, машинаға сала берейік те, – деп, есік алдында тұрған машинаға қарап иек қақтық.
– Өй, ол да жөн! – деді жазушы ағамыз. – Шынын айтқанда, осы үйде сендердің бір әуп дегендеріңнен қалатын ештеңе де жоқ. Мен өзі, өмір бойы дүние жимаған адаммын. Бар байлығым – кітап еді. Оның да біразын... көшетін болған соң, анда-мұнда таратып жібердім...
* * *
Сол күні біз түс ауғанша машинаға барлық заттарды тиеп, жазушы ағамыздың пәтерін жаңадан келетін иелеріне босатып бердік. Бекеңнің өзі айтқандай асып-тасып, шашылып жатқан байлығы жоқ екен.
Ең қызығы, біз шифоньер, диван секілді ауыр заттарды машинаға салған соң, аз-кем ентігімізді басып, жазушыға өз көңілімізде жүрген біраз сұрақтарды қойып қалуға тырысамыз.
– Аға, «Менің атым Қожаны» осы үйде отырып жаздыңыз ба?
– Е-е... Жоғ-ә, ол кезде мен Мәскеуде, Жоғары әдеби курста оқитынмын. Мұнда біз кейін, Әлжекең (Әлжаппар Әбішев – авт.) анау Жазушылар одағының жанындағы пәтеріне көшкеннен кейін келдік қой.
– Ал Қожаның прототипі кім?
– Әй, оны сол бұзықтың өзі-ақ айтып тұрған жоқ па?!
– «Балалық шаққа саяхат» пен «Өлгендер қайтып келмейді» романыңыз өмірбаяндық шығармалар ма?
– Негізі солай ғой. Бірақ көркем шығарма болған соң, әлбетте, оған жазушының қиялы, фантазиясы араласпай тұрмайды.
– «Өлгендер қайтып келмейдідегі» өзіңіз ғашық болған Ғалия өмірде бар кейіпкер ме?
– Бар... – дейді Бекең ақырын ғана басын изеп. Дәл осы сәтте оның көзінен белгісіз бір мұңның көлеңкесін байқап қалғандай боламыз. Әлде, бізге солай көріне ме, қайдам.
Кейін байқасам, Бердібек аға қанша күліп, көңілді болып тұрса да, жанарының түкпіріне ұялаған сол бір көлеңке бәрібір сейілмейді екен.
– Ғалия қазір қайда? – дейміз біз енді еркінси бастап.
– Әй, сендер оны қайтейін деп еңдер? – деп жазушы ағамыз сылқ-сылқ күледі. – Бұ күнде ол да мен сияқты қартайған шығар. Бір шәугім шай қайнатып беруге жараса мақұл ғой.
– Аға, осы романның соңында Ғалияның Еркінмен қоштасып қалатын сәті сондай бір аянышты... Неге олай аяқтадыңыз?
– Әй, осыны... сендерден басқа да бір жазушы інім айтып еді. Қалай дегенмен де, ол енді біткен, соңғы нүктесі қойылған дүние ғой.
– Қазір не жазып жүрсіз?
– О-ой, жігіттер, мен енді ештеңе жазбаймын!..
– Неге?
– Мұның мәнісін сендерге қысқа да нұсқа түсіндіретін бір өлеңім бар. Ал, қане, тыңдаңдар.
Өсек пен өтіріктен тойып кеттім,
Жазуды сол себепті қойып кеттім!..
* * *
Күндізгі сағат төрт-бестің шамасында үй мүліктерін тиеген үлкен жүк машинасы қаладағы қазіргі Қонаев пен Қабанбай көшелерінің қиылысына жақын орналасқан бес қабатты үйдің алдына келіп тоқтады. Жазушы ағамыз бастап, бәріміз екінші қабатқа көтерілдік.
Ұядай ғана, екі бөлмелі пәтер. Ауладағы биік ағаштардың қою көлеңкесі балконға молынан түседі екен. «Демек, жазда қоңырсалқын болады», деп ойлаймын іштей. Бұл сірә, ыстық жақта өскен адамның басына алдымен келетін ой болса керек.
– Бізге енді, осы қуықтай-қуықтай екі бөлме де жетеді. Кемпір ана бөлмеге дастарқан жаяды, ал мен мына бөлмеде отырып... – Осы кезде жазушы тілінің ұшына орала кеткен әдеттегі «жазу жазам» деген сөзді әдейі іркіп қалғандай көрінді, – радио тыңдаймын. Үш бөлмені ауыстырғандағы ойым балаларды өз алдына жеке отау етіп шығару еді. Енді міне, сол мақсатыма жеттім...
* * *
Осыдан кейін мен Бердібек ағаны көрдім бе, жоқ па... ол да есімде қалмапты. Кездесе қалған күннің өзінде ол кісінің бізге көңіл бөліп, әңгіме-дүкен құратындай уақыты да болмаған шығар.
Жалпы, Бекеңмен көп адамның сөйлескісі, пікірлескісі келіп тұратын-ды. Өйткені, жұрт оның шығармаларын жақсы көретін. Әртүрлі кейіпкерлерінің бастан кешкен оқиғаларына, мінез-құлқына, оқыс қылықтарына таң қалып отыратын. Сөз саптауына, яки жазушының стиліне риза болатын. «Өлгендер қайтып келмейді» романын оқығанда, әркім-ақ өз ауылына барып келгендей бір рақат сезімге бөленуші еді.
* * *
Біз, әрине, Бекеңмен бірге жүрген жоқпыз. Тағдыр жазып, иә, құрдас, иә, сырлас болмадық.
Сол баяғы ... бір-ақ күн... Үйін көшіруге көмектескеніміз ғана...
Әйтсе де ол біздің жанымызға өте жақын суреткер. Тіл мәйегін, сөз қаймағын аңсаған кезде біз әлі де Бердібек Соқпақбаевтың кітабын қолға аламыз. Оның шығармаларына қиын да қасіретті жылдардың оқиғалары өзек болса да, жазушының тілінен у емес, бал тамып тұратынын бірден сезесіз. Шынайы өмірді, мәңгілік тіршілікті көресіз. Сол оқиғалардың ішіне өзіңіздің де қалай араласып кеткеніңізді байқамай да қаласыз. Бірде күліп, бірде мұңаясыз. Кейде тіпті, жылайтын сәттеріңіз де болады. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда, сіз олармен бірге өмір сүресіз.
Бердібек аға дүние салғаннан кейін жарық көрген бір кітапты соңғы кездері қолыма жиі алатын болып жүрмін. Онда жазушымен құрдас, сырлас, сыйлас, дос, жолдас болған қаламгерлердің естеліктері топтастырылған. Аты да өте қарапайым. «Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер» деп аталады. Бірақ, сонысымен де құнды. Өйткені, Бекеңнің өміршең шығармаларын сүйіп оқитын оқырман қауымның назарына бірден түседі. Әйтсе де, 2005 жылы «Білім» баспасынан басылып шыққан осы бір құнды кітаптың таралымы бар болғаны – 2000 дана ғана.
Оны оқыған кезде суреткердің болмысын, мінез-құлқын жақынырақ танып-біліп, ішкі дүниесіне тереңірек үңіле түскендей боласыз. Қай шығармасын алсаңыз да, кейіпкерлері өмірдің неше түрлі қиын-қыспақ, қуғын-сүргініне тап болып жатса-дағы ешқашан мойымайтын, алдағы күнге үмітпен қарайтын жазушының өз басы өмірінің соңғы жылдарында рухани жалғыздыққа, үмітсіздікке, шарасыздыққа қалай бой алдырғанына қайран қаласыз...
Кеңес Одағы кезінде кітаптары жыл сайын жарық көріп, «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» повестерінің желісі бойынша фильмдер түсіріліп, дүниежүзілік фестивальде жүлде алып, неше түрлі елдердің тіліне аударылып жатса да, жазушы сол жүйеге іштей қарсылық білдіріп, өз ұлтының трагедиясын бір сәт те есінен шығармаған екен. Сондықтан да, жеке басының жетістіктеріне шын жүрегімен жарылып қуана алмағаны, өз ұлтының тағдыры мен келешегіне көп алаңдағаны анық аңғарылады. Бұл, әрине, ұлы суреткерге ғана тән мінез.
«Мәскеудің көлеңкесі түсіп тұрған елдің көсегесі көгеріп, өнері өркендей береді дегенге мен, мысалы, өмірі сенбеймін. Сендер де сенбеңдер. Міне, менің беретін батам осы!»
Бұл – Бердібек Соқпақбаевтың жанайқайы. Жалынды лебізі. Оны көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай өзінің «Жұмбақ жазушы» атты естелігінде қаз-қалпында келтіре отырып: «Кеңес өкіметінің аман-есен кезінде, Компартияның әбден дәуірлеп тұрған заманында – жетпісінші жылдардың басында, Алматыдағы Ленин көсем атындағы алаңның гүлзар бағында, тапа-тал түсте қыдырыстап жүрген қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың аузынан отаршыл империяны ашық айыптаған мұндай сөздер есту – ол тұста, шынында да, шетін оқиға еді», деп атап өтеді.
Ал Бердібек ағамыз туып-өскен өңірден маңдайы жарқырап шыққан тағы да бір талантты жазушы Баққожа Мұқай өзінің «Жеңілістерден тұратын жеңіс» атты естелігінде: «Бекең шындықты жазғаны үшін, қалың оқырманның рухани азығына айналған көркемдігі келіскен туындылар бергені үшін алғыс алудың орнына, Кеңес өкіметінің саясатын құптамайтындардың, «сенімсіз» адамдардың қатарында жүрді. Жаратылысынан бірбеткей, керек кезде әдіске бағып, шегініс жасап үйренбеген Бекең алып өкіметті тоқтатар күштің жоқтығын және де әділеті кем заманда Соқпақбаевша өмір сүруге болмасын біле тұра, өз принципінен айныған жоқ. Оның шындықтан өзге қаруы, сүйеніші жоқ еді. Сол себепті де оның өмірінде үлкен жеңілістер көп болды», дейді.
Асылы, «Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер» атты осы бір қызық кітап көзіңізге түскен жерде, тастай қатып, желімдей жабыса қалатыныңызға өз басым күмән келтірмеймін, құрметті оқырман.
* * *
Менің есіме тағы да сол бір күн – Бердібек ағаның қасында жүріп, әңгімесін тыңдаған сәттер оралады.
Ол кезде әлі үй ауыстыру, пәтер айырбастау секілді қала тіршілігінен мүлде бейхабар, үйсіз-күйсіз жүрген жас қаламгерлердің бар есіл-дерті әдебиет қана болғанын, сондықтан да, Бекеңнен тек өз шығармашылығы жайлы ғана әңгіме күткенін өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар.
– Мен өзімнің шығармаларымның денін мына сендер сияқты жас кезімде, бірде ауылға, енді бірде қалаға көшіп жүрген кезімде жаздым. Ал Мәскеудегі жоғары әдеби курста оқыған жылдары кітапханада, теміржол вокзалында отырып жазған күндерім де болды. Шіркін, сондағы арман қуып, албырт көңілдің алып-ұшқан кездеріне не жетсін?! – деп еді-ау сонда жазушы. – Әй, бірақ, ондай заман қайда-а енді!.. Бір рет, жас күнімде осындай ойларымды айтамын деп, Ташкентте өтіп жатқан Азия-Африка жазушыларының конференциясына телеграмма салып, жалаңаяқ табаныммен шоқ басып алған жағдайым бар. Оны жұрттың көбі біледі, сендер де естіген шығарсыңдар?..
Ол кезде біз бұл оқиғадан да мүлде бейхабар едік.
Міне, ол туралы Баққожа Мұқай ағамыз өз естелігінде былай деп жазады: «... Бердібек Соқпақбаев еткен еңбегіне лайық құрмет көрген жоқ. Үйінің өзін үлкен күшпен алды. Қолдарынан «өлген адамды тірілтуден басқаның бәрі келетін» шытынағыш шенеуніктердің алдына барып, алақан жайып тұруды ар санайтын «қиқар» Соқпақбаев ол жолы да өзіне ғана жарасатын тентектігіне басыпты. Ташкент қаласында өтіп жатқан Азия, Африка жазушылары мәжілісінің төралқасына жеделхат салады. Мемлекет басшылары «біздің елде жазушыға ерекше жағдай жасалады» деп басқаларға үлгі көрсетіп жатқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қаламгерден жеделхаттың келуі үн-түнсіз жаба салатын мәселе емес еді».
Иә... Осыдан кейін-ақ Бердібек Соқпақбаевтың соңына ескі жүйенің тыңшылары шырақ алып түссе керек.
Оны әдеби ортада Мұз-ағаң атанған мұзбалақ ақын – Мұзафар Әлімбаев «Берен талант Бердібек» атты естелігінде былайша баяндайды: «Сонда бұл кім?» Сол сұрақты көзімнен оқыды білем. Ол: – Мұзаға! Мен... – деп төс қалтасынан кішкентай куәлігін суырды да, көзіме тақап әкеп, оқып алыңыз дегендей біраз ұстап отырды. Портреті де желімденген. Куәлігін қалтасына қайта сүңгітті.
– Біз сіздің адал коммунист, іскер жетекші, жауапкершілікті терең сезінетін азамат екеніңізді білеміз... Сол себепті де, ашық сөйлескелі келдім, – деп сөзін нықтады жігіт. – Бердібек Соқпақбаев қандай адам? Идеялық позициясы? Саяси ұстамдылығы?»
Ал енді, Мұз-ағаңның оған не деп жауап бергенін мен сіздерге айтпай-ақ қояйын деп отырмын. Өйткені, осыдан кейін-ақ сіздердің көңілдеріңізде «Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер» атты кітапты қалайда тауып алып, оқып шықсам деген қызығушылық оянатынына бек сенімдімін.
* * *
Сүйікті жазушымыздың алғаш жарық көрген кітабы – «Бұлақ» деп аталатын алақандай ғана өлеңдер жинағы екен. Қазір ойлап қарасаңыз, оның «Жекпе-жек», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Менің атым Қожа» секілді классикалық туындыларының бәрі де сол кіп-кішкентай бұлақтан басталған өзендерге ұқсайды екен-ау...