• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
Парламент 10 Желтоқсан, 2016

Рақымшылық туралы заң қабылданды

5570 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым—Жомарт Тоқаевтың жүргізуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Онда күн тәртібіне сәйкес жеті мәселе қаралды.

Бірінші болып Мәжіліс мақұлдаған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Елбасының тапсырмасымен әзірленген заң жобасы қаралды. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Бас прокурор Жақып Асановтың  рақымшылық  туралы айтқан барлық деректерін Мәжілістегі талқылаудан жазған мақаламызда толық қамтыған болатынбыз. Сондықтан оны қайталамай, тек Сенаттың жалпы отырысында айтылған жайларға ғана тоқталмақпыз.

Жақып Асанов баяндамасын аяқтаған соң сұрақ қою рәсімі басталды. Бірақ сенаторлар Бас прокурорға бір де бір сұрақ қойған жоқ. Заң жобасы туралы қосымша баяндаманы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Людмила Полторабатько жасады.

Талқылауға қатысқан сенатор Д.Құс­дәу­летов заң жобасының ізгілік сипатын­дағы мейірімділік акциясы екенін атап өтті. Заң жобасы сотталғандарды ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтары үшін қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатуды, сондай-ақ, олар­ды бас бостандығынан айыруды айып­пұлға немесе бостандығын шектеуге ауыс­тыру­ды көздейді, деді ол. Заң жобасы бірауыз­дан қабылданды. Енді ол Пре­зидент қол қойған сәттен күшіне енетін болады.

Күн тәртібі бойынша екінші болып «Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған Заңның қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасады. Ол жер саласында туындаған мәселелерге байланысты айтылған пікірлерді ескере отырып, арнайы комиссия құрылғанын, ол өз жұмысының барысында ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын жер телімдерін қазақстандықтарға жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру мәселелерін қараған кезде осы мақсаттағы жерлердің шынайы дерекқорының жасалуы керектігі туралы қорытындыға келгенін айтты.

Екіншіден, осы мақсаттағы жер телімдерінің кадастрлық құны талапқа сай еместігі көрсетілген. Негізінен, осы екі себеп бойынша заңды қолданысқа енгізу кейінге қалдырылды. Бұл мәселелерді толық анықтау үшін кемінде екі-үш жыл керек болып отыр. Сондықтан заңды қолданысқа енгізуге мораторий жарияланған. Енді соның мерзімін 2021 жылға дейін, яғни бес жылға ұзарту көзделіп отыр, деді министр өзінің сөзінде. Заң жобасы қарастырған мәселе негізінен осы бір-ақ мәселе екен.

Қосымша баяндама жасаған сенатор Қуаныш Айтаханов жер туралы заңның тұрғындар арасында жан-жақты түсіндірме жұмыстарының жүргізілмеуіне байланысты көптеген түсінбеушіліктер туғанын атап өтті. Осы орын алған проблемаларды талқылай келе, заңды қолдануға 2016 жылдың аяғына дейін мораторий жарияланған болатын, деді сенатор. Одан әрі Қ.Айтаханов жер мәселелерін талқылау жөніндегі 75 адамнан құрылған білікті комиссияның отырыстарына шолу жасады. Барлық ұсыныс-пікірлерді тереңнен талдау барысында комиссия ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің шынайы дерекқорын түзу туралы ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, мораторий мерзімі 2021 жылға дейін ұзартылды. Енді осы мәселе заң жобасы болып енгізіліп отыр, деді сенатор. Жобаны талқылауға сенатор Серік Ақылбай қатысып, оны қолдау туралы ұсыныс түсірді. Сөйтіп, заң бірауыздан қабылданды.

Осыдан кейін «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл құжат бойынша баяндама жаса­ған Мемлекеттік қызмет істері және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров заң жобасында көзделген мәселелерге тоқ­талды. Қазір мемлекеттік қызметкерлердің бос лауазымдарына конкурстан өткізу мерзімі 16 күннен 52 күнге дейін созылады екен. Заң жобасы осы және осы тақылеттес басқа да келеңсіздіктерді болдырмауды көздейді. Шағын талқылаудан кейін бұл заң жобасы да бірауыздан қабылданды.

Сондай-ақ, осы күні Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы «Төмен байытылған уран банкін Қазақстанда құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Одан әрі ТМД-ға мүше мемлекеттердің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қабылданды.

Осыдан әрі екі заң жобасы екі оқылымда да талқыланып, қабылданды. Оның біріншісі «Кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру (МӘМС) мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бұл құжат туралы баяндаманы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жасап, заң жобасында қаралған маңызды мәселелер туралы айтып берді. Қаралып отырған заң жобасында МӘМС үшін төленетін жарналар мен аударымдардың төлеу мерзімдерін республикалық бюджет қатынастарының қайта қаралуына байланысты алты айға шегеру қарастырылған. Заң жобасы біршама талқыланған соң екі оқылымда да бірауыздан қабылданды.

Жалпы отырыста қаралған соңғы мәселе – «Кейбір заңнамалық актілерге экстремизм мен террориризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Мәжіліс мақұлдаған бұл құжат та біршама талқылаудан соң екі оқылымда да қаралып, қабылданды.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң кейбір сенаторлар орталық билік органдарына өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»