Нұр-Сұлтан қаласында Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 95 жылдығына орай «Намыс пен Рух» атты рухани-патриоттық кеш өтті. Жеңіс туын тіккен қазақ батырына арналған іс-шара елордадағы Рақымжан Қошқарбаев ескерткіші алдында гүл қою мен тағзым етуден басталды.
Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысып, өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керектін айтты.
– Рақымжан Қошқарбаевтың фашистерге қарсы соғыстағы ерліктері қазіргі ұрпақ үшін үлгі болуы тиіс. Бүгінгі іс-шараның мақсаты – батыр Рақымжан Қошқарбаев екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батырларды еске алу. Бұл бағыттағы біздің жұмысымыз міндетті түрде жалғасады, – деп атап өтті Бақтияр Мәкен.
21 жасында жаңбырдай жауған оқтан жасқанбаған лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов, фашистер ордасына бәрiнен бұрын жетiп, жеңiс туын Рейхстагқа тiккені дүйім жұртқа мәлім. Қ.Қуанышбаев театрының әртістері қайтпас қайсарлық танытқан батырлардың осындай қым-қуыт тағдыр жолын арқау еткен сахналық көріністі ел назарына ұсынды. Қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары патриоттық әндер шырқап, сап түзеген ұландар жырдан шашу шашты.