• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2019

Jas Otan-ның 2025 жылға дейінгі жұмысы пысықталды

305 рет
көрсетілді

Елордада Jas Otan Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Jastar – Otanǵa!» бағдарламасының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Жұмыс тобының қызметі Jas Otan-ның 2025 жылға дейін жоспарланған бағдарламасына идеялар мен ұсыныстарды бірлесіп дайындауға бағытталған. Бағдарламаның негізгі мақсаты - жастар қанатының даму векторын айқындау, жастарды әлеуметтендіру үшін нақты тетіктер мен механизмдерді дайындау, ауыл жастарына арналған әлеуметтік лифтті дамыту, жастардың рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбиесін күшейту, жас спортшыларға, шығармашыл, ғылым-біліммен айналысатын жастарға жан-жақты қолдау көрсету, жергілікті сайлау органдарында жастардың үлесін арттыру және отбасы институтын нығайту.

Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек жоспардың маңыздылығын атап өтті. 

«Бізге 2020 жылы осы құжаттарды қабылдау қажет деп тапсырма берілген болса, біз бүгіннен бастап жатырмыз. Сонымен қатар жастар қанатының 17 аймақтағы филиалдары да әрбір жұмысшы жастармен, өндіріс орнындағы студент, одан бөлек базарлардағы өзіміздің жастарымызды тарту үшін түрлі форматта кездесулер өткізіп, ұсыныстар жинақтайтын болады», деді Д. Кәрібек. 

Жұмыс тобының құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, партия басшылығы, уәкілетті орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар ұйымдарының өкілдері, еңбек етіп жүрген, шығармашыл, спортшы жастар мен жас кәсіпкерлер кірді.

Бағдарламаны дайындау аясында 12 кездесу өтеді деп күтілуде. Сондай-ақ жастар мәселелерін мұқият зерттеу және бағдарлама бойынша шешімдер мен ұсыныстарды әзірлеу үшін, шақырылған сарапшылар мен мүшелер «Білім», «Еңбек және кәсіптілік», «Бақытты отбасы», «Патриотизм және бос уақыт» сияқты салалық топтар бойынша  жұмыс істейтін болады.

Отырыс барысында жұмыс тобының бірнеше мүшелері өз ұсыныстарын айтты.

- Менің ұсыныстарымның бірі шәкіртақы айлық есептік көрсеткішке байланса, демек АЕК өскен жағдайда студенттердің алатын шәкіртақысы өседі. Екіншіден мектеп түлектерімен кәсіптік бағдар беру бойынша жұмыс салғырт немесе тіпті өткізілмейді. Екеу арасында, яғни мектеп пен ЖОО арасында байланыс жоқ. Ақпараттандыру жұмыстарын жоғары деңгейде өткізу керек,- дейді «Қазақстан студенттер альянсы» көшбасшысы Ілияс Түстікбаев.

Бағдарламаны дайындау кезінде жастар тарапынан келіп түсетін идеялар мен ұсыныстар әлеуметтік желілер, мессенджер және БАҚ арқылы жиналатын болады. Сонымен қатар Еуропа мен Америка елдері жастар ұйымдарының тәжірибесі зерттеліп, жастар көп шоғырланған кездесулерде, жұмыс орындарда, студенттік кездесулерде, тақырыптық алаңдар мен сессияларда талқыланатын болады.

Қорытынды құжат 2020 жылы «Jas Otan» ЖҚ съезінде қабылданады.