Қабырғалы қарт Қаратаудың қабағы ашылмағаны қашан? Қалай ашылсын, қойнауындағы сылдырап аққан бұлақтар тартылып, аң-құс біткен жоғалып бара жатса. Бір кездері Қаратаудың ұшар басында арқар, тауешкі, елік ойнақ салып жүретін. Дуадақ, қырғауыл, шіл, бөдене, бұлдырық сынды құстар сан түрлі әуенмен маңайды шаттыққа бөлеп тұрушы еді. Бүгінде тау қойнауынан ұшқан құс, жүгірген аң көру қиын...
Кім кінәлі? Тау-тасты тіміскілеп, кен іздегендер ме? Әлде қолдарына қару алып, аң-құс көрсе жаппай жайратып тастайтын аңшылар ма? Иә, бір кезде ерінбегендердің барлығы аңшы атанды. Біреулер аңды қызық үшін қырды, екіншісі күнкөріс үшін атты. Ақбөкеннің мүйізі құнды, көздері мұңлы болатыны осы кез. Сиреп қалған аң-құсты кен іздеушілер мен жер қазушылар да үркітті. Қалғаны қасқырдың азығына айналды.
Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Үкімет қаулысынан соң жағдай біршама түзеліп келеді. Қаратау сілемдерінен соңғы кезде арқар, қабан, қарақұйрық ұшырасып қалып жүр. «ОхотЗооПромӨБ» МҚК мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері облыс аумағындағы ерекше қорғалатын жерлерде, сондай-ақ алыс жайылымдарда Қазақстанның «Қызыл кітабына» кірген жабайы аңдар көбейіп келеді деп қуанып отыр.
Иә, жабайы аң-құс – дала сәні, мемлекет байлығы. Оны «иесі жоқ екен» деп оңды-солды қыра беруге болмайды. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» демекші, жабайы аң-құстардың да сұраушысы, іздеушісі бар. Дегенмен, соны біле тұра қызық қуған немесе «қызылсырағандар» бес қаруын асынып дала кезіп кеткендерін қоя алмай жүр.
Сөзімізге тиек іздеп көрелік. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы «ОхотЗооПромӨБ» республикалық МҚК қызметкерлерімен бірлесіп табиғат заңдылықтарын сақтау және қадағалау мақсатында былтыр рейд ұйымдастырған. Созақ ауданы Қыземшек-Тайқоңыр тас жолында олар «ВАЗ-21214» маркалы автокөлікті тоқтатады. Ал көлік ішінде ақбөкен еті жатыр еді.
Созақ аудандық соты Ербол Әбішевті Қылмыстық Кодекстің 337-бабы 4-бөлімінің 2 тармағымен кінәлі деп тауып, оны бір жарым жыл мерзімге аң аулау құқығынан шектеді. Онымен бірге болған Нұрлан Тілеубаев пен Бағдат Шоқанов та тиісті жазаларын алды.
Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы, табиғат қорғау полиция инспекторы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Отырар орман шаруашылығы қызметкерлері Қаратау бөктеріндегі Ырбақты өзенінің басында Үшкекіл аталатын жерге келгенде өз көздеріне өздері сенбеді. Табиғат аясында шатыр құрып демалып жатқандардың мұнда «жан-жақты жоспарлармен» келгендері көрініп тұрды. Оларда мылтықтың неше атасы бар екен. Бұл аздай 5 рация, 3 дүрбі, 2 аңшы пышағы, көптеген оқ әкеліпті. Мылтықтарына қияндағыны табан жолына дейін жақындатып әкелетін оптикалық көздегіш орнатылыпты.
Инспекторлар жаз қызығын тау бөктерінде тамашалап, сауық-сайран салып жатқандардан кәдімгідей күдіктенді. Бекер күдіктенбепті. Олардан 1 қабан, 4 Қаратау арқарының еті тәркіленді. Тексеріп көрсе «саяхатшылардың» бірі Алматы қаласынан келіпті. Республикалық спорт колледжінің мұғалімі көрінеді. Ал сенімді серігі шымкенттік болып шықты.
Алматыдан келген Қ.Әбішевке 1 миллион 982 мың теңге айыппұл салынды. Тәркіленген мылтықтар мен оқтар облыстық ішкі істер департаменті тылмен қамтамасыз ету басқармасының қару-жарақ қоймасына өткізілген.
Жоғарыдағы қадағалаушы құрам тағы бір рейдтік іс-шара барысында Арыс қаласы аумағынан түнде аң аулап жүрген күдіктіні құрықтаған. Тексеру барысында оның бүгінде жойылып кету алдында тұрған қарақұйрықты атып алғаны белгілі болды. Арыс қалалық сотының үкімімен Рыскелді Өмірзақовтан мемлекет пайдасына 389 800 теңге өндірілді.
«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері Ұлыжұрт шатқалында «Қызыл кітапқа» енген «Мензбир» суырын заңсыз аулаған Құдияр Шоқановты ұстаған. Қазығұрт аудандық соты оған екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындаған.
Келтірілген деректер облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының құжаттарынан алынды. Бұл аңшылықпен заңсыз айналысушылардың қолға түскендері ғана. Ал аң мен құсты заңсыз атып, жасырынып үлгергендері қаншама?! Сайын дала мен тау қуысында қаншама аңның қуырдаққа айналғанын кім санай алған?! Сондықтан олардың жойылып немесе азайып кетуінен сақтануымыз керек. Бұған тек тиісті мекеме қызметкерлері жауапты деген жаңсақ ұғым. Табиғатты, оның қойнауындағы балықты, флора мен фауна тепе-теңдігін сақтау барша адамның борышы десек, жоғарыдағы жауапкершіліктен ешкім де қашып құтыла алмайды.
Десек те, сұғанақтық сор болып жабысатынын сезгісі келмейтіндер әлі де бар. Айталық, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері жүргізген рейд барысында Шардара су қоймасына үрмелі резина қайығымен түсіп, аккумулятор арқылы электр тогын қосып балық аулап жатқан жерінен Келес ауданының тұрғындары Бекзат Ережепов пен Сержан Сапаров ұсталған. Олардан айғақ ретінде 35 кило сазан алынған. Шардара аудандық соты екеуін де бір жыл алты ай бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарды. «Балықшылар» табиғатқа 114887 теңге залал келтірген. Залалды өндіру ісі Шардара аудандық соты арқылы қаралу үстінде. Аталған инспекция мен «ОхотЗооПромӨБ» МҚК қызметкерлері бірлесіп жасаған рейд барысында сондай-ақ Шардара су қоймасында шалқып жүрген келестік Әлайдар Абдурахманов пен Нұрсұлтан Қадырбеков қолға түсті. Олардың шалқардан олжалағаны 20 сазан, 60 мөңке, 1 сом, 1 көксерке, 1 жыланбас балығы екен. Бұлар да жазасыз қалған жоқ. Мемлекет пайдасына 102 995 теңге өндірілмек. «Уылдырық» рейдтік іс-шарасы барысында келестік Мұқтар Рысбаев пен Анашбек Ахметов те ұсталып қалды. Олардың айдыннан аулағаны 16 сазан, 4 мөңке балығы. Бұл екеуі енді үш жыл бойы қармақ ұстамайтын болды. Мемлекет пайдасына 50500 теңге төлеп құтылды.
Ж.Әлімбетов пен Н.Паташов та Шардара су қоймасынан пайда таппақ болғандар. Екеуінің қоржынынан 60 кило балық тәркіленді. Сот оларға да тиісті жаза тағайындады. Мемлекет пайдасына 180 587 теңге өндірілді. Арыс ауданы аумағындағы Көксарай су қоймасында қытай торымен балық аулап жүрген Еркебұлан Еріков бір өзі 243 кило балық аулаған. Сөйтіп табиғатқа 327 240 теңге залал келтірген. Сот бұл қаржыны мемлекет пайдасына өндіріп берді.
Жуырда Шардара су қоймасында жан шошырлық бір оқиға болды. Су қорғау инспекторлары түнгі рейд кезінде айдында бейсауат жүргендерді байқап қалады. Бұзақылар бой тасаламақ болып қашқанымен, қайықтары қайырлап қалады. Осы кезде жақындап қалған инспекторларға қарата 16 калибрлі мылтықпен оқ атылады. Оқ қорықшының аяғынан тиген. Бұзақылар инспектордың ұялы телефонын алып тайып тұрады. Алайда, олар көп кешікпей тәртіп сақшыларының қолына түсті. Оқ атқан броконьердің әкесі болып шықты. Осы іс бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының және Кентау қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Құрсай шатқалында бір арқарды қозысымен сұлатқан Бауыржан Өмірбековті рейд барысында тоқтатты. Кентау қалалық соты оны екі жарым жылға бас бостандығынан шектеді. Одан мемлекет пайдасына 17 миллион 43 мың теңге өндірілмек.
Біз мінген машина Қаратауды бөктерлеп жүйткіп келеді. Шу жазығына дейін созылған ұлан-ғайыр далада бірде-бір аң ұшыраспады. Тіпті кезінде қадам басқан сайын алдыңнан орғып қаша жөнелетін қоян да көрінбейді. Аңы мен құсы жоқ дала сұлу көріне ме? Көңіліміз құлазып келе жатты.
Қайтар жолда Қаратаудың басына бұлт үйірілгенін көрдім. Тау қабағын түйіп тұрды. Қаратау кімге қаһарланды екен?
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
журналист
Түркістан облысы
Р.S. Осы материал жазылып жатқанда «Бетпақдалаға ақбөкендер орала бастапты» деген сүйінші хабар естідік. Сұлулыққа мылтық кезенетіндер дала еркелерін үркітпесе екен деп тіледік іштей. Жаралы жануар көрсек етімізден ет кесіп алса да емдеп жібергіміз келеді. Бәлкім, бұл талай қуғын-сүргінге ұрынып, тұқымы тұздай құрып бара жатып қайта көбейе бастаған ақбөкендер мен қарақұйрық, еліктерге деген аяушылық сезімнен де шығар-ау.
Күрсінбеші, киелі тау! Арқарың мен таутеке шыңдарыңда болат тұяқтарымен дүрсілдетіп жүреді әлі...