Ұлттық музейде Тұңғыш Президент – елбасы Кітапханасының ұсынуымен егемендіктің негізін қалауға, үйлесімді қоғам құру мен ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі Елбасы рөлін айқындайтын жаңаша көрме ашылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елбасы және мәдениет» көрмесінде кітапхананың мұрағаттық материалдар жинағы әртүрлі жанрдағы 170-тен астам құжатты ел назарына ұсынды.
Салтанатты жиынның ашылуына Игорь Рогов, Қуаныш Сұлтанов, Дархан Мыңбай, Азат Перуашев сынды бірқатар қоғам қайраткері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рақымжанов жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруға күш салған тұлға туралы толғана сөйледі.
– Біз сіздерді Елбасының зор еңбегіне арналған бүгінгі көрмеден ерекше әсер алады деп сенеміз. Бүгінде Қазақстан бойынша әр облыс, әр аудан, университет, мектептерде Тұңғыш Президент күніне арналған түрлі шара ұйымдастырылуда. Соның ішіндегі бүгінгі көрме маңызды шаралардың бірі болып табылады. Себебі Елбасының білім, денсаулық сақтау саласы, жан-жақты салалар бойынша жасаған еңбектерін өздеріңіз білесіздер. Ал мәдениет саласында жасаған еңбегін осы көрмеден көре аласыздар, – деді ол.
Мәдениет саласының тарихи даму кезеңдері Қазақстан Республикасының 2030 және 2050 жылдарға дейінгі Даму Стратегиясында, Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында айқын көрсетілген. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» бағдарламалық мақаласы алдағы онжылдықтағы күн тәртібін анықтай отырып, прагматикалық ұстанымымен қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалар қалыптастыра білді.
Осы орайда Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасына арналған үлкен көрме ашу Ұлттық музей үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына Ұлттық музейде құнды экспонаттар жинақталған мазмұнды көрме ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Бұл көрме Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің мәдениеті саласында атқарған ерен еңбегіне арналған. Тұңғыш Президентіміз төл тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, қасиетті өңірлерімізді қалпына келтіру, ерекше мәдениетіміз, әдебиетіміз, тіліміз бен дініміз, білім жолы, т.б. салалар бойынша көптеген жұмыстар атқарғаны баршаңызға белгілі. Бүгінгі көрмеден Елбасының маңызды қадамдары мен мазмұны терең естеліктерін тамашалай аласыздар», деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Елбасының мәдениет саласындағы атқарған толымды істері көрме материалдарында тәуелсіздік жылдарындағы мәдениет саласындағы мемлекеттің саясаты тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштерді қорғау, музейлер, театрлар, архивтер, кітапханалар, сәулет өнері, кино өнері, әдебиет, Қазақстан Республикасының бейнелеу және қолданбалы өнері сынды тақырыптық бағыттармен берілді. Аталған көрме 2020 жылғы 5 қаңтарға дейін жалғасады.