• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қараша, 2019

Ақ алмастың бір қыры

351 рет
көрсетілді

«Құшағың жетпейтінді құшақтай алмайсың» деген сөз бар. Жақында ғана жүз жылдық тойын жарқылдатып өткізген ел газеті «Egemen Qazaqstannan» телефон соғылып, Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында Елбасымыз туралы мақала жазу жөнінде ұсыныс жасалғанда сол сөз еске түсті. Тәуелсіздіктің 28 жылдық жолындағы елеулі тарихи оқиғалар мен ірі жеңістердің бәрі де Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты екені баршаға белгілі. Сонда бір мақалада, оның үстіне жедел жазылатын мақалада Елбасының ел үшін еткен еңбегін қалай сығымдап айта аларсыз?

Тарихта есеміз кеткен ел едік. Осы­дан отыз шақты жыл бұрын ғана рес­пуб­ликамызға кадрлық эксперимент жа­­сала алатын, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк атты бізді басқаруға жібере салатын ел едік. Нұрсұлтан Назарбаев сол елдің етектегі ба­сын төрге шығарып берді. Қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыс­тырып берді. Экономиканы жоспардан нарыққа көшіріп берді. Халықтың сана­сын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипа­тын жаңартып берді. Тыныштықты, тату­лықты сақтап қалды. Елдің рухын көтер­ді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жыл­дар­дағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты.

Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Назар­баевтың басшылығымен біз алды­мен үй болдық. Мемлекет құра алдық, ел болып тұра алдық, мығым мемле­кет ретінде құралдық. Одан кейін би түсетін үй болдық. Бізге бағыты орнық­ты мемлекет ретінде, ішкі-сыртқы сая­са­ты салиқалы, әлемге әйгілі ел ретін­де дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар ағыла бастады. Одан кейін біз өзіміз де би болдық. Еуропаның 56 елі­нің басын біріктіретін ұйымға төра­ғалық еттік. Сол ұйымның он бір жыл­дан бері шақырылмай жүрген сам­митін шақырып, өткізіп бердік. Одан кейінгі тағы бір ірі жетістігіміз – Бірік­кен Ұлт­тар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңе­сі­не тұрақты емес мүше болуымыз. Қауіп­сіз­дік Кеңесінде әлемнің ең беделді ұйы­мының ең беделді құрылымына төра­ғалық та еттік. Қазақтың дүниеге таны­мал ұлт болуы, мемлекетіміздің алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мо­йындайтын, құрметтейтін елге айнал­уы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лы­ғы­мен жүзеге асырылғанын біз де ұмыт­пай­мыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақтағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Назарбаевтың биліктің асқар биігінде, даңқтың ұшар шыңында тұрған шағында мемлекет тізгінін өз бас­та­масымен, өз қолымен беруі, ел бас­қарудың эстафетасын өзі баулып өсірген, ұзақ жылдар бойы сан түрлі биік лауа­зымды қызметтерде сыналған, шың­­дал­ған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары деңгейіне дейін жетіп, әлемге танылған, сенімді адамға тапсыруы да болашақтағы саясат­кер­лер талай талдайтын терең мәнді қадам болды. Nur Otan партиясы өңірлік филиал­дары өкілдерінің осы дүйсенбіде өткен кеңесінде партия Төрағасының қоғам­ды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасында шоғыр­лан­дырудың және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру жөнінде іс-шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап айтуы, қадап көрсетуі де салмақты сөз.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назар­ба­ев феномені Батыс пен Шығыс мә­де­ние­­тінің тоғысқан жерінде, жос­пар мен нарықтың түйіскен тұсында, социа­лизм мен капитализмнің ұштасқан жерін­де, Шығыс ойшылдығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» деп айтқаны бар. Дәл анықтама. Халқымыздың өз ортасынан шыққан, қазақы тәрбие көрген, туған тілінің тұнығына қанған, жас күнінен көпұлтты ортада өскен, өзін өмір бойы қамшылап, барлық тұрғыдан өскен, барлық сатылардан өткен Назарбаев – әлемдегі сирек саңлақ саясаткерлердің бірі. Назарбаев ел басқарған тұстағы онымен қатарлас тұлғалардың ішінде ешқайсысы да екі мәдениеттің ықпалын бірдей сезінген жоқ, экономиканың бір-бірінен алшақ жатқан екі түрінде, от пен судай саналып келген екі қоғамдық жүйеде бірдей жұмыс істеп көрген жоқ, ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде басшылық қызметте болған жоқ, ешқайсысы да ол көрген қоғамдық катаклизмдерді көрген жоқ, ешқайсысы да жаңарған мемлекетті өз қолымен құрып көрген жоқ, осындай биікке өзі жеткізіп көрген жоқ.

Иә, құшағың жетпейтінді құшақтай алмайсың. Назарбаевтың ел үшін еткен ерен еңбегінің бір саласына ғана салмақ сала сөйлемесек болмас. Ойлап-ойлап келгенде ол сала Елбасының ел астанасын ауыстыру жөніндегі жұмысы болғаны көкейге көбірек қонымды дегенге тоқтадық.

Қала туралы әңгімеге ауысарда мына жайдың басын ашып алайық. Мақалада елорданың атын Нұр-Сұлтан деп емес, Астана деп жазатын боламыз. Біз сөз ететін кезеңде қала Астана аталатын. Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын салдырды. Еңбегіне риза халық қалаға Елбасының атын қалдырды. Нұрсұлтан Назарбаев Президент қызметін тапсыр­ған­нан кейін. Оның өзінде де Елбасының есімі сол күйінде алына салған жоқ. Бұл әуезді атауға қазірдің өзінде көзіміз қа­ны­­ғып, құлағымыз үйреніп үлгерді. Біз өз тарапымыздан Нұр – Алланың 99 аты­ның бірі екенін, Сұлтан сөзі Құранда би­ліктің бір баламасы болып табылаты­нын, бүкіл мұсылман әлемінде елдік, мем­­лекеттілік ұғымымен астасатынын қоса айта кетелік.

Заман зырғып, уақыт сырғып, жылдар жылжып барады. Қазақ қашанда арқа тұтқан Арқаға келіп, арқамызды тіреп, арқа-жарқа болып жатқанымызға да жиыр­­­ма жылдан асып қалды. Осындайда енді-енді егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккен кездегі үлкен қадамдарымыз еске түседі. Олардың алдыңғы қатарында ел астанасының орнын таңдау тұр.

Астананың қазақ үшін қадірі бөлек­ше. Бұл қала біздің алаң көңілімізді ор­нық­­тырған, өмірімізді тұрақты сипат­қа ауыс­тырған мекен ретінде де айрықша ардақ­талуға тиісті. Бұл сөзіміздің мәнісі неде?

Қыран ұшса қияғы тозатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан-ғайыр дала төсінде ата-бабаларымыз жүздеген жыл­дар бойы арлы-берлі жөңкіле көшіп тір­шілік құрды, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен туған жерін қор­ға­ды, әр заманда ордалы жұрттың туы сол жердің сан қаласында тігілді. Қазақ қазақ болғанға дейінгі көне заман­дар­да­ғы көк түріктерінің кезіндегі, одан кейін­гі Алтын Орданың тұсындағы ортақ астаналарымызды айтпағанда, бертіндегі, қазақ қазақ болғаннан кейін­гі дәуірлердің өзінде дала төсіндегі аста­на­­ларымыздың керуені Созақ, Сыға­нақ, Сарайшық, Түркістан деп ауыса бергені белгілі. Тіпті халқымыз жап­пай отырықшылдыққа көшкен кеше­гі жиырмасыншы ғасырдың өзінде Алаш жұртының астана алмастыруы Орын­бор, Қызылорда, Алматы болып жалға­сып жатты. Тарихымызда бұл қала­лардың бәрінің де өзіндік орны бар. Қай кезеңде де біз елдіктің бір беле­сінен асып отырғанымыз анық. Деген­мен, солардың бәрінің тұсында да көңі­лімі­з­ден күдік-күмәннің кетпегені, ел ретін­де ертеңімізге елеңдеп келгеніміз де жасырын сыр емес. Тіпті жер жәннаты Жетісудың төріне, асқақ Алатаудың төскейіне қоныс тепкен Алматыдағы жетпіс жылдайғы өміріміздің өзінде қаланың сұлу сәулетіне сүйсінгенімізбен, тамаша табиғатына тамсанғанымызбен, біресе елдің бір қиырында тұрғанын, біресе күшті зілзала қаупінің бар екенін, біресе қазаншұңқырға салынғандықтан дәйім жел жетпей, қапырықта самал шақы­рып жатқанын, біресе құрылыстың тауға тіреліп, өрісінің тарылғанын ойлап, бір түрлі күпті күйде жүретінбіз. Қысқасы, жүздеген жылға созылған көшіміз бүкіл әлем отырықшылыққа тү­гел ауысқан ХХ ғасырдың өзінде толық тоқтамағанын іштей сезе­тін­біз, өміріміздің де, көңіліміздің де біржола орнықпағанын түйсікпен болса да түсінетінбіз. Алаңдайтынбыз. Ол мәсе­лені шешудің жолын таба алмай қина­ла­тынбыз. Түйіні табылмайтындай да көрінетін.

Бұл түйін тек тәуелсіздік таңы атқан­да ғана тарқатылды.

Астананың негізгі қозғаушы күші – тәуел­сіздік.

Елі­міз тәуелсіздік ала алмаса, біз Астана сала алмас едік.

Астана ауыстыру идеясының жеке дара авторы да, сол идеяны жүзеге асы­ру­­шы да – Назарбаев. Елбасы ел байта­ғын Арқа төріне алып келу арқылы гео­сая­сатта да, экономикада да ерекше мәнді мәселелерді шешіп берді. Ұлт тарихының атымен жаңа парағын ашып берді. Ел иесі, жер киесі түпкілікті анық­т­­алды. Елбасымыз осы шешімімен халқы­ның рухын көтерді. Өзіне сені­мін арттырды. Мықты мемлекет құра ала­ты­нымызға көзімізді жеткізді. Қазаққа ежелден тән рух асқақтығы қайта орал­ды. Даланың кеңдігіне сай ой еркін­ді­гі қайта келді. Астана ауыстыру Қа­зақ­­­станның геосаяси ұстанымдарын орнық­­тыра түсті. Бас қаланы орталыққа жа­қын­дату арқылы елдің қауіпсіздігі күшей­тілді. Қасиетті қазақ жерінің қиыр-қиырын саудаға салғысы келіп баққан сол тұстағы саясаткерсымақтардың кө­мей­і­не біржола құм құйылды. Аса ірі жалпы­ұлттық мақсат ойдағыдай орын­далды. Жаңа дәуір – Тәуелсіздік дәуі­рі біз үшін іс жүзінде жаңа елорда таң­даудан, Астана қаласын салудан бас­тал­ды.

Астана салынғанға дейінгі қазақ пен Астана салынғаннан кейінгі қазақтың айырмасы едәуір. Оған дейінгі қазақ кемінде кейінгі үш ғасыр бойында рухы жаншылған, еңсесі езілген қазақ, одан кейін­гі қазақ бойын тіктеген, ойын бүк­пе­ген, қолынан ірі істер келеріне еркін сенген, алдағы асуларға бекінген қазақ. Осы арқылы Елбасымыз біздің бәрі­міз­дің ойымыздағыны болдырды. Ерке Есіл­дің бойына ел қондырды. Арқа төсін халқы­мызбен толтырды. Қазақ өз жеріне нықтап орнықты.

Астананың тағылымды тарихы аз жыл­­дың аясында осындай ғажап қала тұр­ғыза алған елдiң қолынан бәрi де ке­ле­тiнiне көзімізді жеткізедi. Еңселі елордамыз – Қазақстанның мемле­кет­тік тәуелсіздігінің салтанат құруы. Аз жылдың аясында біздің ұлттық мақта­нышымызға айналған бұл қала – мың­да­ған жылдар бойы осы Ұлы даланың төсінде туған елін қанын төге, жанын сала қорғаған батыр бабаларымыздың аманатын ақтағанымыздың айғағы.

Соншалықты қиын кезде мұншалықты тосын ұсыныс енгізу арқылы Елбасы идеяның өзін ғана емес, жеке өзінің сая­си тағдырын да таразыға тартып тұр­ғанын жақсы түсінді. Тәуекелге бас тігіп отырғанын, ойындағының орын­далуы көңілдегідей шықпаған жағ­дай­да саясаткер ретінде өзіне деген ха­лық сеніміне селкеу түсуі мүмкін еке­нін де білді. Жоқ, «халық сеніміне селкеу түс­уі мүмкін» дегенді тым жұмсар­тып жазып отырмыз. Астана жобасы сәт­­сіз шыға қалғанда Назарбаевтың сая­­­саткер ретінде бір сүрінуі сөзсіз бо­­­ла­тын. Сондай сын сағатта қатерлі өт­кел­­­ден қай­мық­тырмаған, қауіптен жүре­­гін шайлық­тырмаған нендей күш екен?! Сы­рын түсіне алмай қайран қала­сыз. Түйінін тарқата алмай дал боласыз. Әрине Назарбаевты бұл қадамға жігерлендірген елге деген ерекше сенім дейміз. Елдің болашағын осыншалықты алыстан ойластыру үшін алты қырдың астындағыны емес, алпыс алты қырдың астындағыны аңдайтын алғырлық, туа біткен көрегенділік керек. Ол басы ашық әңгіме. Соған қоса адамның өзіне, өз күшіне, өз рухына осыншалықты сенуі де керемет жай.

Иә, ол кез қиын кез еді. Бізге көп нәрсе керек еді. Қаржы керек еді. Инвес­ти­ция керек еді. Технология керек еді. Мамандар керек еді. Жұмыс орындары керек еді. Бірақ бәрінен де өзімізге өзі­міз­дің сеніміміз көбірек керек еді. Қазақ­станды осы заманғы, алдыңғы қа­тар­лы елге айналдыра аламыз, өзгелер істе­генді біз де істей аламыз деген сенім керек еді. Ондай сенімді жаңа идея, жаңа символ ғана оята алатынын білді Елба­сы­мыз. Ол идея, ол символ Астана болып шықты.

Бүгінгі Астана – мемлекет қуа­ты­ның архитектура тілімен айшық­тал­ған айғағы. Архитектура демек­ші, Ас­та­нан­ың ажарын ашатын ғимарат­тар­­дың әрқилы стильде салынуы сөзсіз сүй­­сін­теді. Олай деуіміздің мәнісі бар. 2007 жылы Елбасының атына мін­ге­­сіп, жер түбіндегі Бразилияға жет­кен­біз. Ел астанасы Бразилиада болғанда Президент сол қаланы салдырып, астана ауыстырған президент Ж.Кубичектің мемориалдық кешеніне барған. Кешеннен шығып, көлі­гіне беттей бергенінде Нұрсұлтан Әбішұлы он шақты метрдей жерде, журналистер арасында тұрған маған басын изеді де өзіне қарай шақырды. «Мына қала­дан алған әсерің қалай?», деді. Брази­лиа архитектурасы ерекше екенін, соны­мен бірге бүкіл қаланың бірыңғай үлгіде болғаны біртүрлі көрінетінін айттым. «Дұрыс байқапсың. Бір стильде салынса кез келген қала ескіріп қалатынын ескеру керек. Астананы әртүрлі үлгіде салып жатқанымыз сондықтан», деді Президент. Сол сапардан жазған репор­та­жымыздағы «Ұлы сәулетші Оскар Нимей­ердің қанатты қиялынан туған осынау қала шынында да архитектура өнерінің қайталанбас туындысы. Соны­мен қатар Бразилиа сәулеті Уақыт атты ұлы күштің нені болса да тоздыратынын танытып тұрғандай» деген сөйлемдер («Қашаған құрықтаған Қазақстан», «Елорда», 2010, 268-бет) – Елбасы сал­ған ойдың жемісі.

Астана біз үшін елдігіміздің симво­лы, ерлі­гіміздің символы, мемлекет мығым­­ды­лығының айқын айғағы, бақыт­ты бола­шағымыздың берік кепілі. Мем­лекет құра алатынымызды, ел болып тұра ала­тынымызды, ел болғанда да мық­ты ел бола­тынымызды, тәуелсіздік табал­дырығын өзімізбен бірге аттаған елдер­дің алдына шыға алатынымызды әуелі біздің өзімізге шындап танытқан, одан кейін біздің дәл мұндайлық жасам­паз­дық қуатымыз барын дүйім дүниеге алғаш танытқан осы атыңнан айналайын Астана – қазіргі Нұр-Сұлтан еді!

Осы мақалаға кіріскенде Прези­дент­тің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабына тағы бір көз жүгірткен едім. Соны қарап отырып, «Осыны шынымен біз жасадық па?» деген сөйлемге қадала тоқталдым. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінен өзі солай сұрапты да, өзіне өзі қысқа ғана «Иә» деп жауап қайтарыпты. Бәріміздің де қайтарар жауабымыз бұл.

Иә, осыны шынымен біз жасадық!

Иә, біз тәуелсіздік таңының атқанына үш жыл да толмай жатқанда осындай шешім қабылдай алдық.

Иә, біз шешім қабылданысымен іске бел шеше кірістік те, қысқа мерзім ішін­де әлемдік ең үздік үлгі-қалыптарға сай келетін жаңа қаланы жарқыратып салып шыға алдық. Осындай ірі де игілікті істі аз уақыттың аясында атқарған ха­лық­­тың қолынан бәрі де келетініне енді­гі жерде ешқандай күмән қалмауға тиіс.

Астана біздің үмітімізді үрледі, сені­мі­­мізді серпілтті, айбынымызды арттыр­ды, күшімізді көрсетті. Қазақпыз, елміз, халықпыз, ұлтпыз дегізді!

Біздің бәрімізді еркін, егемен ел құра алатынымызға, мына аумалы-төк­пе­лі дүниеде, осынау жұмыр Жердің бетінде мығым мемлекет болып берік тұ­ра алатынымызға кәміл сендірген күш – Астана. Тәуелсіздік тарихындағы ең сәтті жеңісіміз де – Астана, ең тәтті жемі­сі­міз де – Астана.

Астана идеясын сол қиын кезде қолда­ған, ел бастаған азаматына екі тіз­гін, бір шылбырды беріп, сенім көр­сет­кен, күрделі мәселелерді еркін, кең құ­лаш­пен шешуге мүмкіндік жасаған, ақыры аса ауыр міндетті абыроймен атқа­­рып шыққан халқымыздың елдік қасиет­­теріне қайран қалмасқа, тәнті бол­мас­­қа әддіміз жоқ тіпті.

Біз – қабырғалы халықпыз. Жаратқан Иеміз бізге ұлан-байтақ жер берген, сол жердің үстін дәнге толтырған, астын кенге толтырған, бәрінен бұрын – сол жерді ер көңілді дарқан елге толтырған. Біздің басты бағымыз да, баянды бақытымыз да осында.

«Мен осы істі бастадым, елім сеніп, соңымнан ерді. Мемлекет құруда да, астана салуда да солай болды. Осыдан артық бақыт бар ма?», деп еді Елбасы бізге берген сұхбатында. Нақтырақ айт­қан­да, Ақордадағы кабинетте жасалған сұхбаттың қағазға түсірілген мәтінін ал­дын ала көрсетуге апарғанда осы сөз­дер­ді қолжазбаның шетіне өзі қосып жазып еді.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бақытының баян­дылығына даусыз дәлелдің бірі – өзі салдырған елордасының өзіне тұрғы­зылған ерекше ескерткішке – Нұр-Сұлтан қаласына айналуы. Астананы қазақ елі­нің қақ ортасына – Арқаға алып келу арқылы еліміздің сан ғасырларға созылған ұлы көшін діттеген жеріне жеткізген, межелі мекенге мәңгілік қазық қағып, мемлекет тәуелсіздігін түпкілікті тиянақтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ерлігінің замандастары тарапынан уақтылы бағалануы – елдігіміздің есейгендігінің келісті көрінісі.

Назарбаев сынды жаһандық ауқым­да­ғы саясаткерлер әр қараған сайын жаңаша жарқырайтын алуан қырлы ақ алмас­ты елестетеді. Біз сол ақ алмастың бір қы­рын ғана сөз етіп байқадық.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Мәжіліс депутаты