• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Желтоқсан, 2019

Ұлттық музейдегі «Ұлы дала шеруі»

672 рет
көрсетілді

Орталық Азиядағы ең ірі мәдениет ордаларының бірі саналатын Ұлттық музейдің құрылғанына биыл бес жыл. Бұл уақыт аралығында игілікті шаруалардың ұйытқысы болған рухани орталық тарихи және ғылыми мәні зор көптеген зерттеу жобаларымен шұғылданатын дербес алаң ретінде танылып үлгерді. Осы орайда өткен «Ұлы дала шеруі» атты музейлер шеруі өнерсүйер қауымның басын біріктіріп, көңілді демалыс сыйлады.

Ел назарына алғаш рет ұсы­нылып отырған «Ұлы дала мұрасы» жобасы өрісі кең мә­дениеттің алтын қазынасымен қауыштырып, мәңгілік туындылармен жалғасқан халық шығармашылығымен табыстырды.Ұлттық музей директорының орынбасары Алмас Нұразхан мұнда ел игілігі үшін айтулы жиын жиі өткізіліп тұратынын, сондай-ақ мұражайдың халық қазынасы екендігін атап өтті. Ал Қазақ Ұлттық өнер уни­вер­ситетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қымбат Тілеуова аталған оқу орнының ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаеваның ыстық ықыласын жеткізді.

– Отан, туған жер, ел, атамекен туралы түсініктер оқу-тәрбие үдерісінде сабақтан тыс іс-шараларда кең насихатталып келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орайлас Ұлттық музей мен Ұлттық өнер университеті студенттері бірлесіп ұйымдастырған бал кеші осының бір айғағы іспет­тес, – деді Қымбат Тілеуова тың бастамаларға ұйытқы болып жүрген музей басшылығына ал­ғыс білдірді. Салтанатты ашылу мә­дени мұраларды кеңінен на­сихаттайтын қызғылықты бағ­дарламаларға ұласты. Ше­­ру барысында суретші, ги­перреалист-мүсінші, «100 жа­ңа есім» жобасының «Мә­дениет» номинациясы бо­йын­ша жеңімпазы Айдос Ес­ма­ғамбетовтің шеберлік сыныбы өтті. Қазақстанның ең­бек сі­ңірген әртісі, «Құр­мет» ор­де­­нінің иегері Мер­уерт Өте­­­ке­­шованың жетекші­лігі­мен «Қайырлы кеш» театр­лан­ды­рылған көрінісі қойылып, кеш­тің көрігін қыздыра түсті.

– Ғылым мен өнердің үйле­сімділігі бізді өркениеттің шы­ңына шығарады. Ал мәдени таным арқылы жақсы мен жаманды айырамыз. Бүгінгі музей шеруінің әсіресе келешек ұрпақ үшін маңызы зор деп білемін. Тарихын білген адам отаншыл болады, – дейді қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешова.

Туған өлке тарихын кең таныту мақсатында «Ежелгі және орта ғасырлар тарихы» залында «Жанданған базар: «Абай» көрінісі сахналанды.­ Сондай-ақ Қазақ Ұлттық өнер университетінің талантты би­шілерінің әсем биімен жал­ға­сып, цирк әртістерінің шоуы кішкентай қонақтарды мәз-мей­рам етті. «Мысыр – Ұлттық музейде» және «Quintessence» атты топтық көрмелері ашылып, этно-коллекция бойынша де­филе, қол күрес, «Асығың алшысынан түссін!» ұлттық ойындары ой­натылып, келген қонақтар еп­тілігі мен шеберлігін сынап көрді. Дәуір тарихы мен этнографиясын жинақтап, ел мә­дениеті мен бүгінгі тыныс-тір­шілігінен хабар беретін жан-жақты ұйымдастырылған арнаулы бағдарлама тақырыптық экскурсиялармен толықты. Му­зей экспозициясында нақты бір тапсырмаларды орындауға құрылған тарихи квест-ойын­дар ұйымдастырылып, қо­нақтарды зал экспозициясын өз бетінше меңгеруге үйретеді. Қазақстанның жаңа заманғы тарихын түсіну үшін ғана емес, күллі әлем дамуының бүгінгі үдерісін ұғынуды мақсат еткен шеру қатысушыларының ықылас-қошеметімен музей кеші шынайы мерекеге ай­налғандай!