• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Желтоқсан, 2019

Жас буын жаңғыру жолында

610 рет
көрсетілді

Келешектің қозғаушы күші саналатын жастардың қатысуымен «Өз еліңді таны» атты республикалық экспедиция басталды. Мұндағы басты мақсат жас өскінге қазақтың ұлттық құндылықтарын танытып, тамырын тереңнен тартқан ата тарихымызды бойына дарыту.

Экспедиция жұмысына өңір­лер­дегі этномәдени бірлестік­тер­дің жастар қанатының мүшелері, «Жаңғыру жолы» республика­лық жастар қозғалысының өкіл­дері шақырылып, тәуелсіз елі­міз­дің бас қаласында бірікті. Ал­ғаш­­қы күні жастар елорданың мәдени ошақтарын аралап, білікті тұлға­лармен «Өз еліңді біл» атты моти­вациялық кездесулерге қатыс­ты. Кездесу барысында вик­торина және Қазақстан тарихын білу­ге арналған квест ойыны ұйым­дастырылды. Одан бөлек экскурсия барысында елорданың қасиет­ті жерлеріне тәу етіп, қаланың көр­некті орындарына экскурсия ұйым­­дастырылады.

– Өскелең ұрпақты елдік пен бірлікке тәрбиелеу, жастардың туған жерге сүйіспеншілігін арт­тыру басты мұратымыз. Жаһан­дану заманында әрбір жас үшін өз өлкесінің тарихын білу, баба­ларының бастан кешкен тарихы, кешегі өткен дәуірдегі соқ­пақ­­тары жастар санасына тың сер­пі­ліс берері сөзсіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан халықтарының ортақ құндылық­тарын насихаттауды көздейтін «Қазақстану» жобасы іске асырылуда, – деді Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігінің этнос­аралық қатынастарды дамыту департаменті директорының орынбасары Еркін Үсенбаев. Оның айтуынша, аталған жиынға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Тараз және Семей, Өскемен, Екібастұз, Степногорск, Теміртау, Қостанай, Балқаш, Рудный, Лисаковск сияқ­ты моноқалалардан,  сондай-ақ Қарағанды, Ақмола және Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Түркістан облыстарынан келген 170-тей студент пен жас маман қатысып жатыр.

– Біз екі кезеңнен тұратын экс­пе­дицияға қатысып жатырмыз. Қонақжай Нұр-Сұлтанның ең кө­рікті орындарын араладық. Мұн­дай басқосулар өз тарихымызды, дәстүрімізді терең танып-білуімізге көмектеседі. Келешегің үшін ой түюге пайдалы дүние, жастар көп пайдаланатын интернет алаңында кеңінен айтылуы тиіс деп білемін, – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Рамина Саттарова.

Экспедицияның келесі сапары Абылай хан алаңы, Оқжетпес тауы, Құмай археологиялық-этнографиялық кешені, «Бозоқ» тарихи-мәдени ескерткіші сынды шежіре тұнған қасиетті мекенге барумен жалғасатын болады. Іс-шара соңында жастар экспедиция туралы электронды фотоальбом дайындап, оған экспедиция барысында қатысушылармен түсірілген ең үздік фотосуреттер енгізілмек.