Nur Otan-ның Орталық аппаратында еліміздегі жетекші партияның жанынан құрылған «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесі отандық кинематографияның өзекті мәселелерін талқылауға арналған басқосуы өтті.
Парламент депутаттары, отандық телеарналардың жетекшілері, кино саласының мамандары, танымал блогерлер мен зиялы қауым қатысқан Қоғамдық кеңес мәжілісінде кино саласындағы елді толғандырып жүрген келеңсіздіктер айтылып, оны шешудің жолдары ұсынылды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Астана қаласындағы Түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев республикамыздағы кинотеатрларда ұлттық фильмдердің прокатталуы кезінде орын алатын кемшіліктерге тоқталды. Атап айтқанда, прокатқа шығарылған киноларды тамашалайтын көрермендер саны жасырылып, одан түсетін пайданы ашық көрсетпеу деректері ұшырасады. Осы салада ашықтықтың жоқтығы жемқорлықтың белең алуына әкелуі ықтимал. Бұл өз кезегінде фильм өндірушілердің еңбегіне сай табыс табуына, отандық кино өндірісіне инвесторларды тартуға кедергі келтіріп, бюджетке түсетін салықты азайтуы мүмкін. Келеңсіздіктің алдын алу мақсатында «Кинематография туралы» заңда көрсетілген нормаға сәйкес ақпараттық жүйені тездетіп енгізу ұсынылды.
Кеңес жұмысына қатысқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өз баяндамасында отандық кино өндірісін дамыту саласындағы атқарылып жатқан істердің мән-жайымен таныстырып, айтылған сындардан тиісті қорытынды шығаратындарын жеткізді. Биыл қабылданған «Кинематография туралы» заңдағы өзгерістерге тоқталған министр заңның кейбір маңызды нормаларын орындауда кемшіліктердің бар екенін де жасырмады.
«Кинематография туралы» заңды әзірлеу барысында депутаттар елімізге мемлекеттік тілде прокаттау үшін әкелінген балалар анимациялық фильмдеріне дубляж жасауды мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету шеңберінде қарастыруды ұсынып, оны Үкіметке жіберген болатын. Осыған орай бүгінде республикалық бюджет есебінен ұлттық анимациялық фильмдерді мемлекеттік тілде дайындау жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, фильмдерді аудитория тіліне аудару – авторлық құқық иеленушілерінің міндеті. Шетелден әкелінген анимациялық фильмдердің аудиторияның мемлекеттік тіліне дубляждалуы көрерменнің көбеюіне ықпал етіп, прокаттан түсетін табысты ұлғайтады. Алайда сала министрі аталған нормадағы бірқатар ереженің өкілетті органдар тарапынан қолдау таппағанын жеткізді.
– Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылғаны мәлім. Онда фильмдердің құқық иеленушілерін және прокаттау компанияларын, яғни ұлттық фильмдерді прокаттау кезіндегі кинотеатрларды 20% корпоративтік табыс салығынан босату көзделген болатын. Бұл норма шетелдік картиналардың алдында ұлттық фильмдердің кепілді артықшылықтарын қамтамасыз ету мақсатында ойластырылған-ды. Бұл норма жұмыс істеуі үшін Заңда көзделген ҚР аумағындағы фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізуді қолға алған абзал. Біз осы бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз, деді А.Райымқұлова.
Сондай-ақ ол басқосуға қатысушылардың қойған сауалдарына жауап беріп, отандық кино саласын дамыту бағыттары жайлы таратып айтты.
Отырыста сөз сөйлеген «Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова заңның жаңа жобасында ескерусіз қалған бірқатар өзекті мәселенің бар екенін атап көрсетті.
– «Қазақ тіліне дубляждалған фильмдер кинотеатрларда көрермендерге ыңғайсыз уақытқа қойылған. Осыған байланысты бізге жұртшылықтан көп арыз-шағым түсуде. Заңда кәсіпқой дубляж жасалмаған фильмдерді прокаттауға рұқсат беруден бас тарту көзделсе де, бұл шара қазіргі кезде орындалмайды. Соның салдарынан қазақ тілді көрермендердің құқықтары бұзылуда. Өзім негізінен басқа елде өмір сүрдім. Менің бала кезімде ана тілімізде кино көру мүмкіндігі болмады. Бүгінде біздің «Болашақ» қоры бюджеттен тыс қаражат есебінен миллиондаған балаға осы мүмкіндікті туғызып отыр. Еліміздің балалары тым болмағанда жылына 10 мультфильмді қазақ тілінде өздеріне ыңғайлы уақытта көруге құқығы бар ғой» деді Динара Шайжүнісова.
Сонымен қатар ол осы жобаның арқасында 100 отандық актердің «Walt Disney Pictures»-тің дыбыс базасына енгенін, ал қазақ тілі «Walt Disney» компаниясының тарихында дубляждау саласында түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі болып отырғанын жеткізді.
Оның сөзін Мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Бақытгүл Хаменова, сенатор Нұртөре Жүсіп, жазушы Алдан Смайыл және тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қуаттап, заң жобасы қайта қаралған кезде айтылған ұсыныстардың назардан тыс қалмауына күш салатындарын айтты.
Қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы ұлттық фильмдерді дамытуда кино саласы бойынша қазақ тілінде кадр даярлау мәселесін қозғап, кейбір отандық фильмдердегі ұлтымыздың мақтанышына айналған біртуар тұлғалар туралы деректердің бұрмалануына жол берілетінін сынға алды. Ал танымал блогер Өркен Кенжебек кино өндірісі саласындағы шетелдік тәжірибені мысалға келтіріп, бізде де оның тиімді тұстарын қолдануға болатынын жеткізді.
Сонымен бірге жиын барысында айтылған телеарналарда ұлттық фильмдердің көрерменге ыңғайсыз уақытқа қойылатыны, оларды праймтайм уақытына қоюды заңнама арқылы міндеттеу, голливудтық фильмдерді квоталау, балаларға арналған голливудтық танымал мультфильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау жасау секілді ұсыныстар көпшіліктің қолдауына ие болды.
Отырыс соңында «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері Д.Қыдырәлінің ұсынысы негізінде келешекте түсірілетін ұлттық фильмдерге қатысты Президент жанында қоғамдық кеңес деңгейінде шешім қабылдау қажет деген тұжырымға келді.
Басқосуда ортаға салынған барлық ұсыныс-пікірді Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға жолдау туралы шешім қабылданды.