Нұр-Сұлтан қаласында «Технологияларды коммерцияландыру – ғылым мен бизнесті біріктірудің құралы» атты форум өтті. Форумға 300-ден астам адам қатысып, ғылымды дамытудың және экономиканың нақты секторына отандық әзірлемелерді енгізудің өзекті мәселелерін, сондай-ақ ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Үшінші халықаралық форумға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары және «Атамекен» ҰКП басшылығының өкілдері қатысты.
«Халықаралық форумды өткізудің негізгі мақсаты – отандық жаңа технологияларды коммерцияландыруды дамыту және ғылыми әзірлемелерді дәріптеу. Форумның бағдарламасына жобалардың кеңейтілген сессиялары мен технологиялық кәсіпкерлік бойынша семинарлар өткізу, инновациялық жобаларды дамыту, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және бастаушы компанияларды дамытуды қолдау құралдары кіреді. Ғылыми жобаларды коммерцияландыруға арналған жобалар көрмесі, пікірталас алаңдары, сондай-ақ кездесулер мен бейресми қарым-қатынас енеді. Мұндай формат қазақстандық ғылым мен мүдделі бизнес құрылымдар арасындағы ынтымақтастыққа жол ашады», дейді ұйымдастырушылар.
Сондай-ақ жиын барысында «QazTechVentures» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «QazIndustriya» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы арқылы өтетін инновациялық жобаларды қолдаудың шаралары сөз болды.
Айта кететін тағы бір жайт, форум шеңберінде жас ғалымдардың «Bolashaq Start up» атты стартап-жобаларының байқауы өтті. Оған 17 команда қатысып, байқау аясында трек-сессиялар, сондай-ақ инвесторлар мен стартаптардың өзара «жылдам танысу» сессиясы өткізілді. Ең тартымды жобаларға ие қатысушылар инвесторлардан қаржылық қолдау алады.
«Бүгінгі форум – ғылым мен бизнес өкілдері үшін диалог құру алаңы. Осы жерде ғалымдар өздерінің ғылыми әзірлемелерін әлеуетті бизнес серіктеске көрсету мүмкіндігіне ие. Бүгінгі таңда «Ғылым қоры» АҚ-ға жалпы сомасы 17,8 млрд теңгені құрайтын 158 жоба кіріп отыр. Ғылыми өнертабыстары арқылы 450-ден астам ғалым бизнестерін жүзеге асыруда. Сонымен бірге инновациялық өнімді сатудан түскен жалпы кіріс 3,7 млрд теңгені құрайды. Экспорт көлемі – 13,8 млн теңгеге жетсе, жыл сайынғы салық аударымдарының көлемі 2 млрд теңгеден асады. Бұл біздің еліміздегі ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудағы үлкен жетістіктер», деді «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Арын Орсариев.