• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Желтоқсан, 2019

Қостанай облысындағы МӘМС жүйесінің дайындық жұмыстарына аудит жүргізілді

137 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Қостанай облысына арнайы барып, аймақтағы медициналық мекемелердің  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындығымен танысты. МӘМС 2020 жылы 1 қаңтардан бастап  толық іске қосылады.

Өңірлік штабтың отырысында Б.Жақсылықова қостанайлықтарды медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамту, медициналық мекемелердің  ақпараттық жүйелерін интеграциялау, әрбір тұрғынның сақтандыру мәртебесін анықтау мәселелеріне ерекше мән берді.

«Облыс  тұрғындарын  МӘМС жүйесі жайлы хабардар ету қажет. Сондай-ақ жұртқа  жаппай  медициналық көмек көрсету үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды анықтау шараларын жалғастыру керек. Және медицина қызметкерлері мен емханалардың дайындығын пысықтау қажет», деді Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы.

Б. Жақсылықованың айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі  енгізілген соң, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша медициналық көмекке бөлінетін қаржы көлемі бір жарым есеге артып, 1, 569 млрд теңгеге  жетеді.

«Қалпына келтіру емі мен паллиативтік көмекті қаржыландыру көлемі 9 есеге, консультациялық-диагностикалық көмек – 6,5 есеге, стационарды алмастыратын көмек – 2,3 есеге өседі», деді Жауапты хатшы.

Қор филиалы басшысының айтуынша,  2020 жылы Қостанай облысындағы денсаулық сақтау саласына  50,7 млрд теңге бөлінеді, бұл 2019 жылғы бюджеттен салыстырғанда 25 пайызға жоғары. ТМККК аясында – 36,3 млрд теңге, МӘМС аясында – 14,4 млрд теңге қаралған.

Елімізде азаматтардың 95 пайызы МӘМС жүйесі аясында медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі деген болжам бар.  

Өңірде 89 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. 2019 жылы Қостанай облысындағы МӘМС қорының филиалы ТМКК аясында қызмет көрсету үшін 61 медициналық ұйыммен келісім  шартқа отырды, оның 42-сі (69%) мемлекеттік, 19-ы (31%) жеке меншік.

Қостанай облысында халықтың  82%  МӘМС жүйесінде шартты түрде сақтандырылған. Тұрғындардың 18 пайызы немес 156 мың адам  «шартты түрде сақтандырылмаған». Бұл азаматтар дербес төлем жасап, емхана, ауруханаларда орнатылған арнайы терминалдар арқылы қорға ақша аударып,  медициналық сақтандыру жүйесі аясында көмек ала алады.

 

Өңірдегі МӘМС енгізуге техникалық дайындық жоғары: медициналық ұйымдардағы жұмыс орындары компьютерлік техникамен жабдықталған, мемлекеттік медициналық ұйымдарда  ақпараттық жүйелер енгізілген. Жеке меншік медициналық мекемелер 100 пайыз  ақпараттық жүйемен қамтылған.

«Бәсекелестікті арттырып,  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша қызмет көрсетуге жеке меншік клиникаларды тарту арқылы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуды жоспарлап отырмыз», деді Қор өкілі.

Облыста медициналық қызмет көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 80 медициналық мекеме бар. Оның ішінде 48 мемлекеттік, 32 жеке меншік. 61 медициналық ұйыммен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК)  бойынша қызмет көрсетуге шарт жасалды.

Б. Жақсылықованың айтуынша, жыл соңына дейін медициналық ақпараттық жүйелер қызметтерді бөлек есепке алу және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан сақтандыру мәртебесі бойынша ақпарат алуға толық дайын болуы тиіс. МӘМС жүйесінін енгізу үшін ақпараттық жүйелердің жұмысы өте маңызды.

Айта кету керек, келесі жылдың алғашқы үш айында еліміздегі  барлық азамат шартты түрде сақтандырылады. Қазақстандықтарға, қандастар мен тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген пакеті әрқашан қолжетімді. 2020 жылдан бастап елімізде  тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаларға да тегін медициналық қызметтер қолжетімді болады.

ТМККК пакетіне алғашқы, шұғыл және жедел көмек, бірқатар созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мен емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді. Мемлекет жеңілдік жасалған санатқа  кіретін 10 млн азамат  үшін МӘМС жүйесіне жарна төлейді. Олардың қатарында зейнеткерлер, балалар, студенттер, жүкті әйелдер және бала күтіміне байланысты демалыста жүргендер,  мүгедек адамға қарап отырған азаматтар және т.б. бар.