• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Желтоқсан, 2019

Қазақты әлемге танытқан ғалым

2101 рет
көрсетілді

Бүгінде әлемдегі таңдаулы жоғары оқу орындарының қатарынан табылып, беделді QS рейтингі бойынша 207 орынды иеленіп отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің толайым табысының іргетасы ғылыми кадрларды даярлауға жете көңіл бөлініп, теориялық және қолданбалы зерттеулерді дамытуға баса назар аударылған өткен ғасырдың 60-70 жылдары қалана бастады десем, ақиқаттан алыс кетпеспін. Бұл кездері университетімізде физика, математика, химия және биология бойынша жаңа кафедралар ашылып, қоғамдық ғылымдар саласында да үлкен серпіліс болды.

Оқу орнымыздағы өрелі өзге­рістер көп ретте жаратылыстану ғылымдарын қамтығанын, атап айтқанда теориялық жә­не эксперименттік физика, хи­мия­лық және биологиялық зер­т­т­еу­лер саласында жүзеге асырыл­ғанын атап өтуіміз керек. Бұл кезеңде көрнекті математиктер мен физиктер, инженерлер конструкторлық-жобалық бюро­ларға, ғылыми-зерттеу институттарына, жоғары оқу орындарына орала бастаған-тын.

Кеңестер Одағының Ғы­лым Академиясы жаңадан Сі­бір бөлімшесі мен Новосібір уни­верситетін ашып, талантты жас ғалымдар легін тәрбиелеуге, жа­ңа ғылыми бағыттарды қалып­тас­тыруға кірісті. Осы Новосібір университетіне одақтас республикалардан қатарының алды болған озат студенттер шақырылып, олар негізін салған қуатты толқын әлем­дік ғылым көгінде жарқырап көрінді. Осы лектің көшбасшысы болған тума таланттардың бірі Қазақ­стан Ұлттық Ғылым ака­демия­сының академигі, физи­ка-математика ғылымының док­­торы, профессор Фазылхан Бә­йім­бетов еді. Фазылхан Бә­йім­бетовтің өмірбаянымен таныс­қан кісінің оның туабітті дары­нына, еңбекқорлығына, болған іске болаттай беріктігіне, ал­ға қойған мақсатына жетпей тын­байтын қайсарлығына таң­данбай қоймайды. Новосібір университетіндегі атағы жер жар­ған М.А.Лаврентьев, С.Л.Соболев, В.Л.Канторович, Р.З.Сагдеев, А.В.Бицадзе сияқты әлем­дік деңгейдегі ғалымдардың дуалы ауыздарына іліну үшін табиғи қабілет аздық ететіні рас. Және осы ұлылардың сені­мін ақтап, оның өзі де әлем мо­йын­даған зерттеуші қатарына қо­сылды, мұны академик Төлеген Қо­жамқұловша «Бәйімбетов феномені» деп атамасқа шарамыз жоқ.

Осы «Бәйімбетов феноменін­де» Фазылхан туған жері Торғай өңірінің алатын орны ерекше, ол ғалым­ның адамгершілік, азамат­тық болмысының қалыптасуында үлкен орын иеленеді. Расында да, ел-жұртына имандылық пен білім нұрын шашқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді, Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы, азат­тық қозғалысының туын тік­кен Амангелді Иманов пен Әлі­би Жангелдинді өмірге әкел­ген Торғайда туып-өскен Фазе­кең орыс тілін жедел игеріп, терең білімімен ұстаздарының іл­типатына бөленді. «Ешкімнен кем болмауға тиістімін деген намысқа негізделген еңбектің және қалай талпынып жүргенімді бағалаған оқытушыларымның арқасында Новосібір универ­ситетінің тарихында бірінші Ле­ниндік стипендиат болдым», деп жазған еді Фазекең өмірбаяндық еңбегінде.

Бәйімбетов – әлемдік дең­гейдегі қазақcтандық физика плазмасы мектебін қалып­тас­тырған аса көрнекті физик-тео­ретик ғалым. Оның осы ба­ғыт­­­тағы жұмыстарының нәти­желері «Идеалды емес физи­кадағы математикалық модель­деу» және «Жоғары температуралы тығыз плазманың псев­допотенциалдық теориясы» атты монографиялары мен алыс және шетелдердің ғылыми журналда­рында жарық көрген 500-ден аса мақалаларында баяндалады. Плазма физикасы саласында білікті мамандар даярлау үшін Фазылхан Бәйімбетов оптика және плазма физикасы кафедрасын ашып, оны 20 жылдай басқарды. Осы уақыт ішінде кафедра жетістіктері бойынша факультетте алдыңғы қатарға шықты. Көптеген мамандар, соның ішінде ғылым докторлары мен кандидаттары дайындалды. Негізгі пән­дерден дәрісті ғалымның өзі оқыды. Қазіргі таңда бұл кафе­дра университеттегі ең үздік кафе­дра­лардың бірі, болашақта біздің ұлттық университетіміздің іргелі негізі нақ осындай кафедралар болады.

Фазылхан Бәйімбетовтің ға­лым және педагог ретінде қалып­тасуы екі университетпен – оның өзі білім алған Новосібір уни­верситетімен және соңғы 38 жыл бойы жұмыс істеген, доцент­тен профессорға, кафедра мең­герушісіне және екі мәрте про­ректорлыққа дейінгі жолдан өт­кен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетімен тығыз бай­ланысты. Бүгінде 10 ғылым докторының және 60-тай ғылым кандидаттары мен философия докторларының басын қосатын академик Ф.Бәйімбетовтің плазма физикасы бойынша ғылыми мектебі осы проблемамен айналысып жүрген ғалымдар қауым­дастығының әуелден-ақ әлемдік бренді болды.

Академик Бәйімбетовтің ең басты сіңірген еңбегі – әлемдік ауқымдағы ғалым бола отырып, ол жоғарыда атап өткеніміздей Қазақстанда физика плазмасы бойынша бүкіл әлем мойындаған ғылыми мектеп құрды. АҚШ-тың, Германияның, Францияның, Жапонияның және Кореяның түрлі университеттері мен ғылы­ми институттарында академик Бәйімбетов ұсынған теңдеулер мен модельдердің негізінде жүйе­лі зерттеулер жүргізіп жат­қан тұтас бір ғылыми топтар бар. «Бәйімбетов теңдеуі», «Бәйім­бетов потенциалдары» сияқты ұғымдар ғылыми қауымдастық тілінде берік орнығып, әлемдік жетекші ғылыми орталықтар ғалымдарының ғылыми мақа­лаларындағы үйреншікті тір­кестерге айналды. Мәселен, ака­демик Бәйімбетовтің және оның шәкірттерінің ғылыми мақалаларына әлемдік агенттіктер деректері бойынша төрт мыңнан астам сілтеме жасалған. Егер жалпы алғанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына бүгінгі таң­да он екі мыңнан астам сіл­теме жа­салғанын ескерсек, универ­ситеттің әрбір үшінші жоғары рей­­тингті мақаласы академик Ф. Бәйімбетов ғылыми мектебінің үле­сіне тиеді. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. 2015 жылы академик Т.Рамазанов бастаған Фазылхан ағамыздың шәкірт­терінің ғылым мен техника сала­сындағы ҚР Мемлекеттік сый­лығын алуы да осының айғағы болып табылады.

Осы орайда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Сағадиев жерлес інісі Фазылханға арнап былай деп жазған болатын: «Әр адамның өз өмірінде өзі салған ізі бар. Сенің ізің көпшілікке, әсі­ресе өскелең ұрпаққа тәлім болар­лықтай. Сауаты шамалы, кедей еліміздің ең бір алыс ауы­лындағы отбасында туып, ғылымның өте бір маңызды сала­сының туын көтеріп, оған қол­басшылық еткенің және осы ұзақ жолды табандылықпен жүріп өткенің басқаға үлгі боларлық емес пе!». Иә, ғалымның өмірдегі мақсаткерлігі бірегей ғылыми ба­ғыт­тың іргетасын қалауына себепкер болды.

Фазылхан Бәйімбетов Алаш арыстарының жолын жалғас­тырып, қазақ тілінде физика пәні бойынша оқулықтар, ғылыми-танымдық мақалалар жазған. Оның «Плазма-табиғаттың «ерке қызы» және «Плазма және оның практикада қолданылуы туралы» атты мақалалары оқытушылар мен студенттерге кеңінен танымал. «Физиктер мен лириктер» зама­ныда есейген ол өз ойларын қара сөзбен де, өлеңмен де өрнек­теген.

Ұрпақ тәрбиесінде үлгі мен өнегенің орны ерекше. «Ағаға қарап іні өсер» дейді халық дана­лығы. Ғылымда, қоғам тірлігінде ұлағатты тірлік тындырып, артына айшықты із қалдырған қайрат­кер ғалымның өшпес өнегесі бүгінде білім қуған жастардың заманауи бітім-болмысын қалып­тастырудың өзегіне айналып отыр. Университетіміздің физика-тех­никалық факультетінде ака­демик Бәйімбетовке арналып дәрісхана ашылған. Оқу орда­мыздағы «Өнегелі өмір» сериясымен шығып келе жатқан, ұлттық өркениет дарабоздарына арналған ғұмырбаяндық кітаптардың 39-шы шығарылымы Фазылхан Бәйімбетовке арналған. Аталған кітап талапты жастардың іздеп жүріп оқитын туындысына айналды.

Біртуар тұлға Фазылхан Бә­йім­бетовтің өмірі мен ғылыми-педа­гогтық қызметі өз Отанына, хал­қына, туған жеріне қалтқысыз қызмет ету үлгісі болып табылады. Өз өмірін мәнді де мағыналы тір­лікке арнап, ғылым мен өнерде, ұрпақ тәрбиесінде, кәсіпкерлікте нақты нәтижеге жетуді ойластырып жүрген қазіргі жастар үшін академик Бәйімбетов өмірінен алатын ғибрат пен тәлім-тәрбие мол.

 

Ғалымқайыр Мұтанов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик