Көкшетауда «Nur Otan» партиясының «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты 2016-2021 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына сәйкес «Жоғары технологияларды дамыту» бағытында өңірлік комиссиясының кезекті отырысы өтті.
«Жоғары технологияларды дамыту» бағыты бойынша жауаптылар жыл басынан бері іске асқан жұмыстардың есебін тізбектеп, алға қойған жоспарларымен таныстырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру туралы міндет Ақмола облысында да сәтті жүзеге асырылуда. Жиынға әлемдегі алтын өндіретін ең ірі 20 кәсіпорынның қатарына кіретін «Алтынтау Көкшетау» серіктестігі мен Степногорск қаласында орналасқан «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концернінің өкілдері қатысып, екінші тараптан туындаған барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарға құлақ асты.
– Степногорск қаласында орналасқан «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концерннің Ақмола облысы бойынша 4 нүктесі бар. Ол Ақсу, Бестөбе, Жолымбет кенттері мен Степногорск қаласында орналасқан. «Қазақалтын» бүгінгі таңда 5 кәсіпорынмен ұзақ мерзімді келісім-шарт бойынша жұмыс істейді. Аталмыш мекемелермен тығыз қарым-қатынастамыз,–дейді «Қазақалтын» АҚ жер қойнауын пайдалану бөлімінің жетекшісі Бауыржан Сарманов.
«Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концерні серіктестігі жыл сайын әлеуметтік салаға 424 миллион теңге бөледі. Бұл жаңа жатақханалардың құрылысы, тұрғын үй және тұрмыстық кешендердің күрделі жөндеуі, сондай-ақ өңірдің инфрақұрылымына, атап айтсақ, жолдарды, мектептерді, балабақшаларды жөндеу бағытына қомақты қаржы жұмсайды. «Nur Otanның» өңірлік партиялық кураторы жиынға қатысқан жоғары оқу орындарының өкілдері мен ірі кәсіпорындардың басшыларына студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Қос тарап бірлесе қызмет атқаруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
– Біздің университеттің лабораториясында білікті мамандардың көмегімен сіздердің жұмыстарыңызды жандандыратын түрлі құрылғыларды ойлап табуға болады. Сол себепті бірлесіп жұмыс жасайық. «Алтынтау Көкшетау» мен «Қазақалтын» тау-кен металлургиялық концерніне студенттерімізді іс-тәжірибеге жіберуге дайынбыз, дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Айгүл Жақыпова.
Жоғары технологияларды дамыту – партияның басым бағыттарының бірі болып отыр. Бюджеттік бағдарламалардың уақытылы орындалуын бақылау, оларға қоғамдық мониторинг жасау – мемлекеттік бағдарламаларды сәтті іске асырудың негізі болып қала бермек. Бүгінгі таңда өңірде шоғырланған серіктестіктердің негізгі мақсаты ішкі сұранысты қанағаттандыру ғана емес, жоғары сапалы өнімді экспортқа шығару болып табылады.