Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар» дей келе, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруды міндеттеген болатын. Ақмола өңірі аталмыш бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда.
Ақмолалық диқандар көктемде 4 миллион 300 мың гектар егістік алқабына дәнді-дақылдар тұқымын сіңірді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан агротехникалық шараларды ұтымды пайдаланудың арқасында 5 миллион тоннадан астам алтын астық қамбаға құйылды. Гектар берекесі 11,7 центнерден айналды. 250 мың гектарға жуық алқаптан 170 мың тонна майлы дақылдар жиналды.
–Биылғы жылдың негізгі көрсеткіштері тәуір. Қамбаға 5 миллион 1 мың тонна астық жиналды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен де кешенді іс-шаралар атқарылды. Әсіресе агротехникалық шаралар: дән сіңіру, ылғал жабу, тыңайту мәселелері дер кезінде назарға алынып, бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізілді, дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов.
Президент Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде де Ақмола өңірі айтарлықтай табыстарға жетіп отыр. Аймақтағы мал шаруашылығы да біртіндеп дамып келеді. Облыстағы ірі қара 439 мың, жылқы 190, шошқа 104 мыңнан асып жығылады. Биылғы жылы 80 мың тона астам ет өндірілді. Басым бөлігі құс еті. Өңделген сүт көлемі 370 мың тоннаға жуықтайды. Ет өнімдерін өңдейтін 15 ірі кәсіпорын бар. Ағымдағы жылдың 11 айында жалпы сомасы 84,4 миллард теңгеден астам азық-түлік өнімдері дайындалды.
–Аймақтағы ірі қара малдың ұзын саны өткен жылғы көрсеткіштен 4 процент жоғары. Оның 29 проценті ет бағытында. 80 мың тонна ет өндірілген. Басым бөлігі құс еті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 37 процентке көбейді. Өңделген сүт 370 мың тонна. Бұл орайда да өсім бар, дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайрат Көшенов.
Аграрлы-индустриялы аймақ саналатын Ақмола облысы Мемлекет басшысы қойған міндеттемелерді жүзеге асыруда ұтымды жобаларды жүзеге асырып, өңір экономикасын арттыруда.