Жазы жайлауда, қысы қыстауда көшіп-қонып жүрген қазақ халқының негізгі баспанасы – киіз үй болғаны белгілі. Ұлтымыздың көшіп-қону тәжірибесінен туындаған киіз үй – жаздың ыстығы мен қыстың суығынан, күннің аптабы мен түннің дым-сызынан сақтаған. Көшпелі тұрғын үй – тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлылығымен талай ғалымдарды таңғалдырған. Шындығында да, жарты сағат ішінде жығып-артуға, жарты сағат ішінде көліктен түсіріп, құрастырып алуға болатын мұндай үй бүгінге дейін еш жерде ойлап табылмады десек артық айтқандығымыз емес.
Осынау жиналмалы киіз үйдің керегесінен бастап, есігі, уықтары, шаңырағы ағаштан дайындалған. Табиғи таза өнім ретінде, қазақ тұрмысында үй ішінде тұратын бұйымдар да ағаштан соғылған. Сандық, кебеже, жүкаяқ, ағаш төсек, адалбақанның қай-қайсысын алып қарасақ та ерекше шеберлікпен жасалғанын көреміз.
Жоғарыда аталған бұйымдардың алғашқыларын көріп, біліп, естіп жүргеніміз рас, алайда, адалбақан жайлы көп айтыла бермейді. Ашаның көмегімен киіз үйдің шаңырағын күлдіреуішінен іліп алып, жоғарыға көтеретін адалбақан киіз үйді құрған уақытта қолданылады. Ең қызығы, оның бұйым ретінде өзге де қызметтері бар екен.
Жалпы, қолөнершілер адалбақанды ағаштан да, темірден де жасайды. Ертеде оны жасайтын ісмерлерді «үйшілер» деп атаған. Үйшілер адалбақанға қызыл түсті қайың мен жеміс ағаштарын қолданған. Тарих беттерін парақтар болсақ, адалбақан ХІХ-ХХ ғасырларда кеңінен қолданыста болған екен. Әсемдік үшін ою-өрнектермен өрнектелген адалбақанды күміс ілмектер және зергерлік әшекейлермен безендірген, жиектеріне алты дана ілгіш орналастырған. Осыған қарап-ақ адалбақанды үй ішінде киімілгіш ретінде пайдаланғанын байқауға болады. Оған киім, аяққап, қоржындар, тіпті қару-жарақтар ілген. Ертеде адалбақан әйелдерді босандыруға да пайдаланылған. Адалдықтың символы – адалбақан жаңадан отау тіккен жастардың шаңырағын орнықтыруға ықпал етуімен де құнды. Шаңырақтың иесі ретінде үй құрастыруда оны тек ер кісілер ұстаған.
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залындағы алты қанатты киіз үйдің ішінен адалбақанды көруге болады. Қазақ халқының өткен тарихынан, қазынаға бай қолөнерінен сыр шертіп тұрған – адалбақанның ұлттық құндылық ретінде алар орны ерекше екендігін жастарға мейлінше ұғындыру біздің басты парызымыз. Себебі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Айдана ШОТБАСОВА,
журналист
Байзақ ауданы