Жидда қаласындағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) штаб-пәтерінде халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін тоғыстырған кездесу өтті. Басқосуда әріптестікті дамыту, білім беру, ғылым және технология салаларында Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшісі Берік Арын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов және ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов, ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары Ахмед Сеньомо, ғылым және технологиялар департаментінің бас директоры Ирфан Шаукат бастаған ғалымдар қатысты.
ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі тұңғыш саммиті 2017 жылы елорда төрінде шымылдығын түрді. Саммитте Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ-15 диалог платформасын құру идеясын ұсынған болатын. Осы ортақ алаң ғылыми-техникалық прогресті жаңғырту және одан әрі дамыту, ислам әлеміндегі маңызды экономикалық мәселелерді шешу мақсатында 15 жетекші мұсылман елін біріктіреді.
Қазақстандық делегацияны құрметпен қарсы алған А.Сеньомо ислам әлемінің жетекші университеті ҚазҰУ былтыр Алматыда өткен маңызды оқиға – Елбасы Н. Назарбаевтың «ИЫҰ-15 диалог платформасы» бастамасын іске асыру жөніндегі алғашқы отырысының бірлескен ұйымдастырушыларының бірі болғанын атап өтті. Бас хатшының орынбасары ИЫҰ-дың ғылым мен технологияларды дамыту бойынша серіктес және базалық университет саналатын ҚазҰУ мұсылман елдерінде ғылымды, техника мен инновацияларды дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді еңсеру жолдарын іздестіру, сондай-ақ ғылыми интеграциялық мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды ілгерілету бойынша өз миссиясын тиімді жүзеге асырып отырғанын жеткізді.
ИЫҰ өкілдері жаңа буын ЖОО үлгісі әл-Фарабидің қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру идеялары негізінде ҚазҰУ-да әзірленіп, БҰҰ штаб-пәтерінде таныстырылған «Университет 4.0» моделіне үлкен қызығушылық танытты. Кездесу барысында ғылым және инновация салаларында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, соның ішінде ҚазҰУ-да «Жібек жолы университеттерінің Альянсы» халықаралық IT-кластері мен әлем университеттерінің жаңа технологиялар саласындағы платформасы болатын заманауи әл-Фараби ғылыми-технологиялық алқабын құру мәселелері талқыланды.
Университеттің ректоры, академик Ғалым Мұтанов халықаралық көлемде жоспарланып отырған өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар туралы баяндап, ИЫҰ басшылығын өткізілетін мерейтойлық шараларға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде академик Тілектес Есполов ҚазҰАУ қызметі мен жетістіктері, ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулері, азық-түлік қауіпсіздігі мен су ресурстарының тапшылығы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Ол азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының қызметі аясында ИЫҰ-мен ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Ғылым және технологиялар департаментінің бас директоры Ирфан Шаукат конструктивті ұсыныстар үшін алғысын білдіріп, білім ордаларының ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетінің жоғары деңгейін атап өтті. ҚазҰУ-дың озық тәжірибесін ескере отырып, ислам әлемінің жоғары оқу орындарын халықаралық рейтингтерде ілгерілетуді бірлесіп үйлестіруге ерекше қызығушылық білдірді. Ол ҚазҰУ-ға ИЫҰ қамқорөлығындағы Ислам әлемі университеттерінің ғылыми-білім беру ынтымақтастығы желісіне басшылық етуді ұсынды.
Конструктивті диалог Король Абдалла атындағы Ғылыми-технологиялық университетінде де (ҒТУ) жалғасын тапты. Университет ректоры доктор Тони Чан қызмет бағыттары мен жүргізіліп жатқан зерттеулерге толығырақ тоқталып, қазақстандық қонақтарды заманауи жабдықталған әлемдегі үздік ЖОО-ның бірі болып табылатын университеттің оқу базасымен таныстырды.
Кездесу барысында тараптар білім, ғылым және инновация салаларындағы екі жақты өзара тиімді серіктестікті дамытуға әзір екендіктерін білдірді. Ректор Т.Чан атап өткендей, Король Абдалла атындағы ҒТУ қазақстандық жетекші ЖОО-мен ынтымақтастық орнатуға, ғылым мен жаңа технологиялардың басым бағыттары бойынша бірлескен зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып, академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім бағдарламаларын дамытуға мүдделі.
ҒТУ-ға сапары барысында қазақстандық делегация аталған университетте білім алып жатқан еліміздің студенттерімен де кездесті. Қазіргі таңда бұл жоғары оқу орнында магистратура, докторантура және постдокторантура сатысында Қазақстаннан келген жалпы 40-қа жуық білім алушы бар.