Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы әр пенденің санасына сәуле түсіретіні рас. Киелі орындарға мән-мағына беру де соның жалғасы. Осы орайда тарының түйіріндей болса да, бүгінгі жастардың санасынан орын алса екен деген үмітпен Ысқақ қажы әулие туралы көрген-білгенімді хатқа түсіріп отырмын.
Ысқақ қажы әулиенің мазары Қарағанды – Жезқазған тасжолының бойында, Түгіскен ауылынан батысқа қарай 8 шақырым жерде. Оған бүгінге дейін тәуеп етуге, түнеуге келушілер баршылық.
Атамды жерлейтін күн мәңгі есімде. Аппақ қар. Атамды сыртқа алып шыққанда күнге шағылыстырып күміс шашты (қар кеткен сайын әлгі жерден күміс іздейтінбіз). Біздің қыстау тұсына табарнәк тоқтап, одан бір адам бері қарай жүгіргенін білемін.
Кейін білдім. Үлкендердің айтуынша әлгі адам атамның намазын шығаруға асығып келе жатқан шәкірті – Хамит қожа екен. Хамит қожа атамның жақсы көретін, білімі терең шәкірттерінің бірегейі болса керек.
Өзінің «Жаңаарқа» атты дерекнамасында:
«... Атақты әулие Тама-Көзей Ысқақ әжі қайтыс боларының алдында балаларына намазымды Хамит қожаға шығартыңдар дегенде, олар ойбай-ау Хамит қожа халық жауы болып ұсталып кеткен дегенде, Ысқақ әжі езу тартып, «келеді» депті. Айтқанындай 1948 жылы Хамит қожа жазасын өтеп келіп, Ысқақ әжінің жаназасын шығарған», деп жазыпты жарықтық Асан Жұмаділдин.
Енді, әулие атасын көзімен көрген, белгілі ұстаз, марқұм Әбдікерім Әбдірейімұлының «Қарабура» атты тарихи-танымдық кітапқа жазған естелігін келтіре кеткенді жөн көрдім. Әбдікерім әулие атасы қайтыс болғанда жиырмадан асқан жігіт. Ал атамның Хасен деген үлкен ұлынан туған мен алтыда едім. Бала кезімде үйреткен Құран хадистері тасқа басылғандай жадымда. 13 жасында келін болып түскен анам Тәженнен естігендерімді шегере тұрып, Әбдікерімге сөз берейін.
«...Ысқақ қажы ұзақ өмір жасап, 92 жасында 1948 жылы пәниден өтті. Бабамыз діндар білімділігімен, көріпкел әулиелігімен өзі өмір сүрген ағайын арасында ғана емес, төңіректегі іргелес елдердің барлығына, алыс-алыс аймақтарға даңқы жайылған шарапатты адам болды. Ол кісінің бүкіл өмір жолын, халқына жасаған қызметін толық білмегенмен, көзінің тірісінде өзіміз көрген, елдің аңыз ғып айтып жүрген қасиеттерінен ойымызда қалған мына төмендегі деректерді келтірейік. Бірде екі ауылдың арасына бір байтал мініп келе жатады. Уақыт кешкіріп қалған кез екен. Бір шилеуіт жерге жақындағанда алдынан жылтылдап жанған от сәулесі көрінеді. Жақындай келе қараса, қыз бейнесінде ойнақ салып жүрген бір топ шайтан болып шығады. Өзі де тітіркеніп қалады, ал астындағы байталы шыңғырып үрке жөнеледі. Осы бір қарбалас кезде көзіне Таманың атақты Сарыбас мергені елестеп, қолындағы мылтығымен атып-атып жібергендей болады. Лезде жаңағы шайтандар да жоқ болып кетеді, астындағы ат та тынышталады.
Жас жігіт жиырма жасында Ақмола-Қараөткел қаласына Арқаның кірекештеріне ілесіп жетеді де, Ақмола уезінен Меккеге баратын он екі адамның бірі болып тіркеліп, сол топпен айлап жүріп, Меккеге барып, парызын өтеп, қажы болып қайтады. Ол қажылық сапардан оралған соң үнемі діни кітаптарды оқып, білімін тереңдетумен болған. Туған-туысқандарының өз ауқаты өзіне жетерлік болғандықтан дүние ісіне, күнделік күйбең тірлікке араласпай, біржола діни жолға ден қойған. Қажылықтан кейінгі дін жолына біржола бет бұрған ұзақ жылғы өмірі ел арасында өтіп, халыққа тигізген шапағаты арқасында ауыл ішінде ғана емес, аймаққа белгілі, қасиеті мол әулие адам ретінде танылады. Ол кездерде ел ішінде ауруға шалдыққан кісіні аты шыққан әулие, шарапатты адамға оқытып, не мазарына түнетіп емдейтін болған. Ысқақ қажының алғашқы абыройының артуы осы аурулардың бұл кісінің алдынан құлан-таза сауығып қайтуынан болса керек. Қарақұрт, жылан шағып, олардың уынан зардап шеккен адамдарды әкелгенде дұғаны оқу арқылы бір күнде жазып шығарады екен. Әсіресе елірме, жын шалықтаған науқастарды тым алыс-алыс жерлерден де әкеліп емдеткен. Жынданып кеткен, ауруы әбден асқынған адамдардың өзін бірнеше күн оқу арқылы дұғаның күшімен қайтаратын болған. Ал бұл кісінің әулиелік қасиеті кейде осындай ауруларды жазу кезінде арта түскен. Талай ұстамалы ауру адамдарды қол-аяғын байлап, қажы үйіне әкеліп, оның босағасын аттай бергеннен-ақ ешбір дұға оқылмай қажыға тәуеп етіп, «жаздым-жаңылдым» деп жалбарынып жазылып кеткендері қаншама?! Қажы ұлғайған кезде, оның атақ-даңқының төңірекке жайылуына байланысты оған түрлі аурулармен келіп түнеушілер, әсіресе перзент іздеген әйелдер көп келген. Олардың бірі ауруынан айықса, бірі перзентті болып бала сүйіп, атайға қайта оралып, алғысын жаудырып, батасын алып қайтатын болған. Қажының әулиелігін дәлелдейтін ауыл ішінде мысалдар көп. Ауыл ішінде шақырған жерлерде, басқа жаққа арнайы шақырумен барған жерлерінде ол кісіге тартылған тағамның адал, арамын алдына келгенде ажыратып, арам тамақтарды ішуден бас тартып зікір салады екен. Мысалы, қасқыр тартқан малдың еті, ұрлықтан келген малдың еті, арам бауыздалған малдардың етін бірден сезіп, табаққа жақындамай, зікір салып шегініп кетеді екен. Сол сияқты өзіне арнайы түнеу үшін алыстан ат сабылтып іздеп келе жатқан науқас адамдарды күні бұрын біліп, үйдегі келін-кепшіктеріне ескерту жасап, оларға әзірлік жасатып отырған.
Ертеде біздің елде Жиенбекұлы Жақсылық деген атқа мінген тәуір азамат болған. Кейін қартайған шағында біз өзіміз де көріп, әңгімелерін естіген едік. Сол кісі бергі Кеңес дәуірі кезінде бір жұмыстан жалалы болып сотталып, алыс бір теңіздің ар жағындағы лагерьге жібереді. Лагерьде бейнет ауыр, тамақ тапшы. Елден хат-хабар ала алмайды. Бір-екі жылдай уақыт өткен кезде бірде қатты қамығып жатып, төсекте көзі ұйқыға кетеді. Ұйқыда түс көреді. Қажы атасы: «Сен мұнда неғып жүрсің, артыма міңгес, кел», дейді де міңгестіріп алып, теңіздің бергі жағасына шығарып тастайды да, өзі ғайып болады. Ояна келе түсін өзі жорып, «бұл қажы атамның шарапаты болды ғой, мен таяуда не босанармын, не өлермін», деп жориды. Ақыры көп ұзамай ақтау қағаз келіп, түрмеден босанып елге келеді. Елге келген соң атайға сәлем беруге келеді де, ол кісінің шарапатын байқау үшін көрген түсін айтпай: «Ата, тар жолда жүрсем де Аллаға, сонан соң сізге сиынып тілек тілеуші едім, балаңыз маған азапта жүргенімде бір белгі, аян бермегеніңіз қалай?» депті. Сонда атай: «Жаман шіркін, не деп отырсың, судан бері өткізіп тастаған кім екен», депті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында да сәуегейлікпен болжаған істері көп болатын. Сол соғыс жылдары біздің елден Күлеймен деген кісі әскерге алынып, майданға барады. Соғыста бір күні біздің жақтың әскері жағдайға байланысты өзеннің екінші жағына өтуге тиісті болған. Суға малту біле ме, білмей ме, онда шаруа жоқ, ар жаққа өтуге бұйрық берілген. Әскерлер киімшең, қолындағы қаруымен арғы жағаға өту үшін суға түседі. Осының ішінде Күлеймен де болады. Ол әрі малтып, бері малтып шаршайды. Суға бір батып, бір шығып, су жұтып батып кетуге айналады. Осы кезде астына ақбоз ат мінген, басына ақ сәлде ораған қажы бейнесіндегі адам көзіне елес беріп: «Шаршадың ба, балам, тағы, тағы да, енді сәл сол қолыңды бір сермеші», деген сөзін естіп соңғы сермегенде жағадағы бір ағаштың бұтағына қолы тиеді. Сол-ақ екен бұтақтан ұстап сүйретіліп жағаға шығады. Сол жерде біраз жатып, есін жинапты. Сол Күлеймен кейіннен жаралы болып, елге аман-есен оралды. Ол кісі басқа ауылдық кеңестің жерінде тұратын. Еліне келіп үй-іші, ағайын-туыстардың амандығын білген соң көп кешікпей атайға сәлем беруге келеді. Сәлем беріп амандасқан соң: «Мен әскерден жаралы болып келген Күлеймен деген балаңызбын ғой», дегенде атай: «Сен, жаман неме, суға кетіп қала жаздап қатты састырғаның не?» дейді. Күлеймен атайдың тізесін құшып жылап жібереді.
Бала кезде бізді өтірік айтпауға мәжбүр еткен сот ережесі бар еді. Ол – «атамның аруағы атсын» деп қарғану. Осы қарғануға барған бала өзіне жабылған жаладан ақталатын. Кім білген, титімдей жүрекке мәңгі орныққан осынау киелі сөз Түгіскен топырағынан жаралған талай пендеге рухани азық болған да шығар. Енді апамнан естігенім: «...Атаң бiр күнi зiкiр салып ауырсын. Атаң ауырғанда бiзде жан қала ма. Тамақтан ауырды деуге, қисын жоқ. Мал сауатын шелектiң өзiн бөлек ұстап, бетiне ақ дәке керемiз. Дәретсiз кiрмеймiз, тамақ iстегенде де сол, таза жүремiз. Атаң ауырғанда жалғыз бiз емес, бүкiл ауыл дүрлiгедi. Қойшы, үш күн нәр татпай, зiкiр салған адамда қандай қуат қалады. Әбден қарлығып, ысылдаған секiлдi ме. Бiз сырттан тыңдағанымыз болмаса, үйге кiру деген жоқ. Көкеңнiң (мен әкемді көке дейтiнмін) өзі де ондай кезде кіре алмайды. Сәл саябырлады-ау дегенде, сыртқа алып шығып, дәретiн алғызады. Тыныстар-тыныстамастан қайтадан ақырып, зiкiр сала бастайды. Жан шүберекке түйiлдi. Көкең менен не тамақ бергенiмдi түгел сұрап шықты. Сырттан келген дәм, бөтен ет деген болған емес. Бұрынғы iшiп отырған тамағы. Тамақ дегенде, жөндi тамағы да жоқ. Тиiп-қашып, қорек алғаны болмаса, қомағайланып тамақ жегенiн көрген емеспiн.
Құдыққа бiрдеңе түстi ме деп, оны да аршыды. Тамақ таза, су таза. Көкең шай iшiп отырғанда: «Атам қалжырап барады, ана пәле қайта айналып соғып жүрмесе» деп уайымдай бастасын. Онысы, атаң жалғыз жол жүрiп келе жатып, от жағып отырған ана пәлелерге тап болған ғой. Ол ұзақ әңгіме. Көкең кенет «үйдi жық» десiн. Ойбай-ау келгенiмiзге... дей берiп едiм. «Атамның үйiн айтып отырмын. Басқа бiр тазалау жерге тiгемiз. Ескi жұрт, әлде қорым ба, бiрдеңе болды. Әйтпесе неден?» дедi. Үйдi жығып, басқа жерге тiктiк. Содан не дейсiң ғой? Атаңның астына үш қабат құрақ көрпе төсейтiнбiз. Сол құрақ көрпенiң астынан, шүберекке түйген ақша шықсын. Ой тоба, үш-төрт күн бұрын, атаңа емделуге, бiр бейбақ келген болатын. Ол жағында менiң шаруам жоқ. Емделуге келгендер, атаңның ештеңе алмайтынын онсыз да бiлетiн. Дәретi болуын көкең ескертетiн. Сөйтсек атаңды ауыртып жүрген жаңағы көрпешесiнiң астындағы шүберекке түйiлген ақша екен.
– Апа, сонда атам ешкiмнен ештеңе алған жоқ па? – дегенімде.
– Алды, – дейтiн апам.
Мен «солай шығар» деп, жеңiске жеткендей болып қалатынмын.
«...Бiр күнi атаң отырған үйдi сыпырып-сиырып тазарта бастадық. Бiр ғарыптың жолға шыққанын көкеңе айтыпты. Ертеңiне, тура кiрешiлер секiлдi аттылысы, түйелiсi бар бiр топ адам сау ете қалсын. Бiр әйелдi түйеге шандып таңып тастапты. Адамның сұлуы екенiн кейiн көрдiк. Қаратау жақтағы бiреудің келiнi екен. Түсiргенiне бiр ай болмастан науқасқа шалдығыпты.
Түйеге неге таңып әкелгенiнiң сырын кейiн естiдiк. Сап-сау сияқты болып келе жатқанда, мiнген атынан түсе салып, қаша жөнелiптi. «Мынау, Әжiнiң жұрты, баспаймын» деп шырылдап, әзер ұстатса керек.
Ондай шалықтап ауырған адамдарды атаң бiр жетi, әрi кеткенде он шақты күннен асырмай елiне қайтаратын. Әлгi бейбақты бір айға жуық ұстады. Келiншек күнде таңертең атаңа келiп, ем алады. Ем болғанда, атаң дұға оқиды.
Мана алды дедiм емес пе. Сол келiншек арасына ақ тайлақтың жүнiн жұп-жұқа етiп тартқан, биқасап деген матадан шапан тiгiп, атаңа сыйлады. Қолмен сырығанын көрсең, арасына шынашақ сыймайды-ау. Мiне, сол шапанды әбден тозығы жеткенше атаң киiп жүрдi. Адам баласынан алғаны, сол жалғыз шапан».
Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық. Ауданға слетке алып барған мұғаліміміз қайтар жолға деген ақшаны ұстап қойса керек. Ересегі, құрт-бақасы – санымыз жетеу. Басшымыз жоғары класта оқитын Шалғынбай. Табарнәкке жабыстырып, 189-рәзиезден бір-ақ түсірді. Табарнәк біздің рәзиезге тоқтамайды екен. Қап-қараңғы. Ызғырық. Шамы сығырайған казармаға кірдік. Көз ғана жылтырайды. Бір-бірімізге қараймыз да тырқ-тырқ күлеміз. Қарайғырға жақын вагонға жабысыппыз. «Жолаушы» таңғы тоғызда келеді екен. Ел жатып қалған. Жаны ашып, аядай бөлмесіне кіргізген кезекші «тұншығып өлетін болдым» деп, бізді айдап шықты. Жазған құлда шаршау жоқ. Қора сыртында ыңқ-ыңқ күйсеп жатқан сиырдың арасымен бір есікті қақтық. Үн жоқ. Екіншісі есікке келіп, үн қатпастан кетіп қалды.Үшінші есіктің иесі таяна бергенде басшымыздың үйреткені бойынша:
– Мен Ысқақ әжінің немересімін, – дедім шіңкілдеп.
– Не?
– Ауданнан, табарнәктен түстім. Атым Иген. Көкемнің аты Қасен.
– Көкеңде нең бар – деп Шалғынбай жеңімнен тартып қалды. – Әжі атамның?! Жаратқан ием! Жаратқан ием! – деп әйел көрінді.
Қол шамын жоғары көтерген әйелге қарай жақындай бергенім есімде. Сол бөгде әйелдің «жаратқан ием, жаратқан ием» деп жүріп, түннің бір уақытында шай қойғаны, тіпті билетке ақша бергені кішкентай кезімнен жүрегімде мәңгі сақталып қалды.
Қарға тамырлы қазақтың мәртебесін биік етіп келген ұлы қасиет – тәубеден жаңылмау. Мына ыю-қию заманда жазмыштан озмыш жоқ екенін еске салып отырмаса, жүрек деген жарықтықтың тасқа айналып кетуі ықтимал. Осы орайда әр өңірдің, аймақтың кие тұтқан әулиелері, киелі орындары бар. Міне, солардың жүрек тазалығын, шарапатын кеңінен уағыздау ауадай қажет. Қазіргі жастар жанына азық болар дүниені діни орындардан іздеуді әдетке айналдырып барады. Сол ден қойған жастарға діни ағымдардың ағы мен қарасын ажыратуға бар ықылас білімімен қолұшын берсін деп мемлекет мешіт имамдарына қамқорлық жасап отыр. Біздің облысқа, аудан, ауылға, іргедегі Жәйремге діни уағыз айтумен, Алланың ауыр жүгін арқалап жүрген інілеріме игілікті істеріңнің жемісін көруге жазсын демекпін.
Иген Хасенұлы