Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған қайғылы жағдайды естідім. Енді бәрі де адам баласы әрі жерлестер болған соң, қабырғам қайысты, жаным ауырды. Қандай қиын жағдай болса да, адам қанша ашуға мінсе де өзі сияқты адамдарды өлімге жіберуі аса жақсылық емес. Ауылды жерлерде тұратын қарапайым халық қой. Бәрінен де соларға қиын. Біраз адам шығыны болған екен. Өлген адамдар, өртелген ғимараттар, осының бәрін біліп отырып жаның сыздайды.
Елімізде бүгінде түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Бәрі де тату-тәтті, ынтымақты күн кешіп отыр. Осы ұлттардың басында қазақ халқы тұр. Өйткені ел мен жер біздікі, қазақтікі. Елімізде қандай жағдай орын алса да, әуелі аты бізге келеді. Біз қазақтың атына жаман ат келтірмеуіміз керек. Қақтығыс бостан-босқа шықпайды ғой. Дүнгендер қазақтың намысына тиетін бірдеңе айтты ма, жасады ма деген де ой келеді. Қалай болғанда да азаматтар мұндайға бармауы керек еді. Отан үшін, ел мен жер үшін болған соғыс бір басқа. Отан соғысына әкемізді бердік. Өрімдей жас күнінде, жиырма бес жасында опат болды. Әкеміздің бейнесі де есімізде жоқ. Біз солай қиын-қыстау кезеңде өстік. Тыныштық пен бейбітшіліктің қадірін білдік. Қазақ кезінде қалмақпен де, басқасымен де Отан үшін, намыс үшін, ұрпақтың болашағы үшін соғысты. Қазақ намысты халық, басына ешкімді де шығарған емес. Бірақ, Қордайдағы жағдай бұл төбелес. Ел мен жерді қорғау үшін болған қақтығыс емес. Бір жерде тұрып, бір жердің ауасын жұтып, суын ішіп отырған соң азаматтар бірін-бірі жақсылыққа, бітімгершілікке шақыру керек еді. Ата-бабаларымыздың даналығы осындай керек. Хакім Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген жоқ па еді?!. Азаматтар ақылға келсін, жанжал, ұрыс-керіс, төбелес деген нәрсе осымен тоқтатылсын деп тілеймін.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, көпшілікке басу, тоқтау айтып жатыр. Қақтығыстың неден болғанын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрып, комиссияға мәселені анықтауды міндеттеді. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі де көпшілікті сабырға, ақылға шақырар деп ойлаймын. Қазақ негізі жаратылысынан қызуқанды ел ғой. Намысшыл, өр халық. Дегенмен, кешірімді. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», деп дана бабаларымыз айтпақшы, мұндай жағдайда да кешірімді болғанымыз абзал. Бірақ, ауылдағы елдің қасиетіне, жердің киесіне қарамай, тіпті бала-шағаның көзінше де осындай төбелестің болып кетуі дұрыс емес. Дүнгендер тарапынан да қателік кеткен болуы мүмкін. Ол анықтала жатар. Бірақ, ұлы бабаларымыздың ұлы сөздері әрдайым естен шықпау керек. Бекзат болмысты, өр рухты қазақтың бойынан мен майдалықты көргім келмейді. Қартайған шағымызда бұл жағдай бізге де оңай болып отырған жоқ. Бұл өзімізді-өзіміз өлтіру ғой. Ел болған соң келіспеушілік болмай тұрмайды. Алайда адам өліміне дейін алып баратын төбелес өте қауіпті. Бұл кәсіпке айналып кетіп жүрмесін деп тілейік. Осындай кездерде арандатушылар да пайда болады. Азаматтарға айтарым, ондайға ілесіп, арандап қалмау керек. Еліміздің құқық қорғау органдары істің ақ-қарасын анықтайды. Елді бейбітшілікке шақырамын.
Өзім де Жамбыл өңірінде туып-өскен соң, мұның намысы бізге де келеді. Осы жағдайға мен де намыстанып отырмын. Намыссыз ел – ел болмайды. Елдің мұң-мұқтажына ортақтасуға әрдайым дайынмын. Ешкім де ұлы Әулиеата өлкесіне, киелі Тараз жеріне кір келтірмесін. Осы қақтығыста қайтыс болған адамдардың отбасылары үшін қайғырып отырмын. Жесір әйелдер мен жетім балалардың жайын ойлап қайғырамын. Бірақ амал не? Тыныш тірлікте мұндай өрескел жағдайды болдырмау керек. Жайшылықта қан төгілу де дұрыс емес. Сондықтан да сабырлы, кешірімді болыңдар айналайындар, дегім келеді.