Таяуда Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен ЮНИСЕФ пен ел Үкіметінің инновациялар мен цифрландыруды енгізу бойынша бірлескен жұмыстары туралы айтып берді. ЮНИСЕФ пен Қазақстан Үкіметінің ынтымақтастығының маңызды бағыттарының бірі – балалардың құқықтарын қорғау ісіне инновацияларды енгізу.
– Бала құқығын қорғауды жүзеге асыруда Қазақстан Үкіметімен арадағы нәтижелі серіктестігіміз көптен жалғасып келеді. Біздің бірлігіміздің негізгі сипаттарының бірі – инновация. Сондықтан біздің түрлі инновациялармен жұмыс істеуіміз бен оның балалардың құқықтарын қамтамасыз етудегі тиімділігін зерделеуіміз ұзақ уақыттан бері жүргізіліп келеді, – деді А. ван Дизен.
ЮНИСЕФ өкілі сонымен қатар Қазақстанда GIGA бастамасын іске асыру бойынша ЮНИСЕФ-тің аймақтық хабын ашу мүмкіндігін атап айтты, ол орта білім беретін мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге және инновациялық стартаптарды дамытуға бағытталады. Бұл туралы ол:
– Қазір цифрлы байланыс саласында тағы бір инновацияны енгізу үшін бас кеңесімізбен жұмыс істегенімізге қуаныштымыз. Біздің көзқарасымыз тұрғысынан қарасақ, интернетке толық қол жеткізбейінше жастардың жұмыс істеуге, осы елдің азаматы ретінде, болашақ ата-ана ретінде қалыптасуға дайын болу мүмкін емес. Сондықтан Қазақстандағы және аймақтардағы әрбір мектепке интернет тарату үшін жергілікті Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біз жастарға сапалы білім алуға көмектесе аламыз. Демек, олардың еңбекке орналасу мүмкіндігі артады, өздері үшін нәтижелі болашақ құра алады деп санаймыз, – деді.
Сонымен қатар А. ван Дизен еліміздің шалғай аудандарында небәрі бірнеше оқушы білім алатын кішкентай мектептер бар екенін, олар үшін сапалы білім алу интернетпен тығыз байланысты екенін айтты. Олар үшін бұл байланыс құралы ғана емес, оқу құралының да рөлін атқарады.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан цифрлы трансформацияға қатысты ЮНИСЕФ өкілі елде үлкен ілгерілеу болды, мақсатқа қол жеткізу үшін бірнеше қадамдар ғана қалды деп санайды.
– Меніңше, Қазақстанның интернетпен толық қамтылуына шын мәнінде аз уақыт қалды. Өйткені зор ілгерілеу бар. Біз қазір жергілікті Үкіметпен жекеменшік сектордың, интернет провайдерлердің, қаржы секторының «байланыстағы соңғы олқылықтар» (the last mile connectivity gap) деп аталатын проблеманы шешу төңірегінде жұмыс атқарудамыз, 100 пайызға қол жеткізбес осы проблеманы шешуіміз керек. Менің ойымша, егер бірлесіп күш салсақ, жекеменшік және мемлекеттік серіктестердің жақындасуында креативті және инноватор бола алсақ, біз бұл кемшілікті жоя аламыз, – деді А. ван Дизен.
Мұндай нәтижелерге Қазақстан Үкіметінің цифрландыру және инновацияларды енгізу бойынша дұрыс құрылған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді.