Сенесіз бе, сенбейсіз пе, бұл тек Шығыстың бір ауданы аумағындағы жағдай. Көкпекті ауданындағы Байбура мен Өмеш асуын білмейтін өңір тұрғындары аз шығар. Әсіресе қыстың көзі қырауда жолға жиі шығатын ағайын қос асуды жақсы біледі. Кеше осы екі асуда 200-ге жуық жолаушы қар құрсауында қалды. Байбура учаскесі күндізгі сағат 12-де жабылған-ды. Алайда оған дейін Көкпекті ауылынан Қалбатауға шығып кеткен 35 мәшине, яғни 112 адам ақтүтек боран кесірінен жолда тоқтауға мәжбүр болған еді. Көмекке Көкпектідегі №33 өрт сөндіру бөлімі жіберіліп, жолаушылар Көкпекті ауылындағы Шәйжүнісов және Көкпекті орта мектептеріне, туыстарына және қонақүйлерге орналастырылыпты.
Ал «Өскемен-Самар» бағытындағы Өмеш асуындағы жол учаскесі де кеше күндізгі сағат 12-де жабылған болатын. Алайда таңертең ертемен Өскеменнен шыққан жолаушылар (25 мәшине, 90 адам) «Өскемен-Самар» жолының 112 шақырымында қар құрсауында қалған-ды. Бұл жерге көмекке Самардағы №51 өрт сөндіру бөлімінің КУНГ техникасы мен Өскемендегі облыстық Төтенше жағдай департаменті тарапынан ТРЭКОЛ көлігі келіп, жолаушыларды Самар ауылындағы спорт мектебіне, өзге де ғимараттарға, туыстары мен қонақүйлерге орналастырыпты.
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы