• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Ақпан, 2020

Қарауылтөбедегі қансонар

948 рет
көрсетілді

Не болса да, біз елдің қызығы үшін бүркітімізді қасқырға саламыз.

Жақында Абай ауданының Қарауыл ауылында әлемдік деңгейдегі ой алыбы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты республикалық бүркітшілер сайысы өтті.

Шыңғыстау баурайын екі күн бойы дүбірге бөлеген қырандар бәсекесіне еліміздің 13 облысы мен екі қаласынан 50-ден астам құсбегі келді.

Нұр-Сұлтан шаһарынан қолына қаршығасын қондырып әкелген 11 жастағы Ерасыл Серікбекұлы осы турнирдегі ең жас құсбегі ретінде ел назарын өзіне аударды. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров: «Абай тойын ұлттық өнеріміз – бүркітшілер сайысымен бастауымыз бекер емес. Кезінде ақынның өзі де қолына қыран қондырған. Шәкәрім, Шәкір аталарымыз да бүркіт баптаған, қаршыға ұстаған. Бұл келешек ұрпаққа, жастарымызға үлкен үлгі-өнеге деп есептейміз» дей келе  ақын мерейтойына орай облыста 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын, соның 118-і данышпан туған топырақта өтетінін айтты.

Дүбірлі доданың алғашқы күнінде Қарауылтөбеге жиналған жұртшылық қолға қондыру, еркін ұшыру, шырғаға салу секілді сайыс түрлерін тамашалады.

Қызықтың бәрі екінші күні болды. Әуелі көпшілік ителгі мен қаршығалардың қоян мен кептерге және бүркіттердің қарсақ пен түлкіге түскен қызықты сәттерін тікесінен тік тұрып көрді.

Ендігі кезек – аспан серісі қыран мен түз тағысы қасқыр айқасы.

«Біраз бүркітшілер «қасқыр құсымды шайнап тастайды» деп тартынып отыр. Не болса да, біз елдің қызығы үшін бүркітімізді қасқырға саламыз. Өлсе, өлгенін, жеңсе, жеңгенін көреміз» деген белгілі атбегі, бүркітші Тәттімбет Кәпұлы.

Айтса, айтқандай, финалдағы айқасқа үржарлық қос бүркітші Т.Кәпұлы мен Нұғым Қайдардың қырандары жіберілді. Содан не керек, Нұғым ақсақалдың бүркіті қасқырдан еш қаймықпай, көк бөріні астына басып, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Сайыс қорытындысында Алматы облысынан келген Ермұхан Байетбайдың бүркіті мен тараздық Бақдәулет Бабажанның ителгісі І орынды иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат құттықтап, бағалы сыйлықтарды табыс етті.

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы,

Қарауыл ауылы

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ